Су басқан Жаңа Каховкада зообақ болмаған ба?

6 маусымға қараған түні Каховск гидроэлектрстанциясы ішінара қирап, бөгет жарылды. Нәтижесінде елді мекендерді су басып, жүздеген мың гектар жер су астында қалды. Бәрінен бұрын Ресей Федерациясы окупациялаған Херсон облысындағы Жаңа Каховка қаласы зардап шекті.

Содан кейін әлеуметтік желілерде Жаңа Каховкадағы су астында қалған «Казкова Дiброва» (ред. қазақша «Сиқырлы емен орманы») зообағын көрсетіп жылап тұрған әйелдің видеосы тарады. Украиналық баспасөз құралдары (1, 2, 3, 4) зообақ әкімшілігіне сілтеме жасап, су басуынан 300-ге жуық жануардың өлгенін хабарлады.

Желіде тараған видео

Дегенмен, ресейлік баспасөз құралдары (1, 2, 3) бұл хабарламаларды жоққа шығарды: Жаңа Каховка қалалық төтенше қызметіне сілтеме жасаған ресурстар қалада зообақтың болмағанын айтады.

Каховск ГЭС-і жарылған соң болған су тасқынынан соң Жаңа Каховкадағы жануарлардың өлімі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалада зообақ жоқ деп хабарлады ТАСС агенттігіне қалалық округтің төтенше қызметі.

«ТАСС» ақпарат агенттігі

Factcheck.kz редакциясы Жаңа Каховкада кейбір баспасөз құралдары мен қалалық округ өкілдері айтқандай зообақ жоқ па деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Жалған

Ашық дереккөздер Жаңа Каховкада «Казкова Дiброва» отбасылық демалыс кешені бар екенін көрсетеді. Зообақ соның территориясында орналасқан. Желіден оған барған адамдардың жануарларды түсірген видео мен фотоларын көптеп кездестіруге болады. Біз кең тараған видеода расымен «Казкова Дiброваны» су басқаны түсірілгенін анықтай алдық.

Толығырақ

Жаңа Каховкада расымен зообақтың болғанын Google карталарынан көруге болады. Кешен атауымен іздеген кезде демалыс орталығына барушылар түсірген жануарлардың фотолары мен видеолары кең тараған. Зообақта бұрын да жануарлардың болғанын көшелерді қарау қызметі арқылы да анықтауға болады. «Казкова Дiброва» Facebook парақшасында да фото мен видеолар бар.

Кең тараған су басу туралы видеоға келсек, сапасының нашар екеніне қарамастан кадрға түскен заттар мен кешеннің Facebook парақшасындағы фотолармен салыстырып оның қай жер екенін анықтай аламыз.

Роликте біз камера ұстаған әйелдің қақпаға қарай бара жатқанын көре аламыз. Жақындаған кезде онда аққулардың суреті байқалады. Қақпаның сол жағында арка сияқты тар өткел бар. Содан шыққан соң шам бағанасы тұр.

Кешеннің Facebook парақшасындағы фотолардың архивін ақтарып отырып тура сол қақпаны, арканы, сонымен қатар қақпаның артында тұрған шам бағанын таптық. Суреттер 2021 жылғы 26 қазанда (1, 2) жарияланған.

Су басқан кезде жануарлар болды ма?

Кешен иесі Елена Навроцкая жариялаған және кейін баспасөз құралдарында тараған ақпаратқа сәйкес, су тасқынынан 300-ге жуық жануар өлген, тек бірнеше аққу мен үйрек қана аман қалған.

Жаңа Каховка мэрі Владимир Леонтьев Херсон облысындағы Жаңа Каховкадағы зообақтағы жануарлардың бәрі 2022 жылы шығарылғанын мәлімдеді. «Война с фейками» псевдофактчек ресурсы да Жаңа Каховка қалалық округі әкімшілігі басшысының орынбасары Сергей Дмитриевке сілтеме жасап тура осылай жазды. Бір айта кетерлігі, жануарларды қырымдағы «Тайган» зообағына эвакуациялағаны айтылады.

Десе де, бұл мәлімдемені «Тайган» директоры Олег Зубковтың өзі жоққа шығарды. Оның сөзінше, ресейлік билік Херсон облысындағы Малый Потемкин, Каховка қалаларынан, сондай-ақ Донецк, Запорожье облыстары мен Мариуполь, Бердняск және Васильевка қалаларынан жануарларды алып шыққан. Жаңа Каховкадағы жануарларға келсек, Зубков Youtube-каналында «зообақ туралы біз білген жоқпыз, бірақ оның бар екенін білдік» деп айтқан. «Тайган» директоры «Казкова Дiбровадан» да, қала мэриясынан да, әскери әкімшіліктен де өтініш түспегенін, сондықтан жануарлардың қырылуының алдын алу мүмкін болмағанын айтады.

«Казкова Дiброва» бөлек тұрған зообақ саналмағандықтан, тек зообағы бар демалыс кешені болғандықтан Жаңа Каховка төтенше қызметінің зообақтың болғанын жоққа шығарды деп болжауға болады.

Украиналық «Жизнь» басылымына берген пікірінде Елена Навроцкая жануарлар Украинадағы соғыс басталғалы зообақта болғанын айтты. Оның сөзінше, оларды шығару мүмкіндігі болмаған, себебі кешенге мина қойылып, ағаш астында қалып, окоптармен қоршалған. Зообақ жұмысын еріктілердің ақшасына екі қызметкер жүргізіп отырған.

2022 жылғы қарашада кешен өкілдері жануарларды Геническ саябағына көшіруге көмек сұрап, олар қабылдауға келісім берген. Десе де, эвакуация жүзеге аспаған.  

Қазіргі таңда Херсон облысы қарулы қақтығыстар жүріп жатқан майдан алаңына айналған.

Каховск ГЭС қирауының салдары

Украина аграрлық саясат министрлігінің дерегінше, Каховск ГЭС қирауы Херсон облысындағы суару жүйелерінің 94%-ын, Хапорожьеде 74%-ын, Днепропетровск облысында 30%-ын су көзінсіз қалдырған. Каховск су қоймасынсы фермерлер мен су пайдаланушылар ғана емес, елді мекендерді сумен қамту көздері де зардап шегеді. Балық шаруашылығына да кері салдары болады.

Сондай-ақ инфекциялық аурулар қаупі де артады. Украина денсаулық сақтау министрлігі жергілікті тұрғындарға су құбырын пайдаланбауды, басқа көздерден су алуды ұсынды. Денсаулық сақтау министрлігі Каховск ГЭС-інің түбінде қауіпті заттар бар екенін, ал оқиға салдарынан су басқан құдықтар мен ашық су қоймаларында бейіттерден, қоқыс төгетін жерлерден тараған инфекциялық ауру тудыратын химикаттар болуы мүмкін екенін түсіндірді.

Украина Президенті Владимир Зеленский ГЭС қираған соң химикат қоймалары, тыңайтқыштар сақтайтын қоймалар мен сібір жарасы бар жануарлар көмілген жерлер де су астында қалғанын мәлімдеді.

Мойындалмаған Қырым республикасының басшысы Сергей Аксенов Telegram-каналында су деңгейінің көтерілу қаупі жоқ екенін, бірақ Солтүстік қырым каналы таяздайтынын мәлімдеді.

Контекст

6  маусым күні таңертең «Юг» украиналық армия қолбасшылығы Каховск ГЭС-і қирағанын мәлімдеді. Жаңа Каховка мэрі Владимир Леонтьев атыс салдарынан Каховск ГЭС тоғаны қирағанын, соның салдарынан Днепрге Каховск су қоймасынан тонналаған су тарағанын хабарлады. Кейінірек Каховск ГЭС дамбасы толық зақымдалмағаны белгілі болды, ол туралы Одессадағы брифингте Украина Оңтүстік қорғаныс күштерінің баспасөз орталығының үйлестіру орталығы басшысы Наталья Гуменюк мәлімдеді.

8  маусымдағы жағдай бойынша үш округте 35 елді мекен су астында қалып, 4,5 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Сондай-ақ Нижнеднепр ұлттық табиғи паркіндегі мыңдаған жануар мен балықтардың жаппай қырылғаны хабарланды.

«Укргидроэнерго» мемлекеттік компания бас директоры Игорь Сиротаның сөзінше, «Каховск су қоймасындағы су деңгейі 8 маусым күні кешке 12,5 метр көрсеткішке дейін төмендеген. Бұл ең төменгі 12,7  метр деңгейден де аз. Яғни, бұл жағдайда елді мекендерге және Запорожье атом электр станцияларына су жіберу мүмкін болмайды.

Қазіргі таңда Мәскеу мен Киев болған оқиғаға бір-бірін кінәлап жатыр. Украина президенті Владимир Зеленский «конструкцияны іштен бұзғанын» және теракт болғанын мәлімдеді. Ресей тарапы бұл айыпты жоққа шығарып, жағдайды Киевтің Украина армиясының басқыншылығына байланысты әдейі жасалған диверсиясы деп атады. 7 маусымда Түркия президенті ГЭС оқиғасын тергеу туралы халықаралық комиссия құруды ұсынды.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz