Қазақстандық «Арлан» брондалған көлігі Мариупольде көзге түсті ме?

13 қазанда Factcheck.kz редакциясы Ақтөбе вокзалынан жолға шыққан, әскери техника тиеген вагондар легі туралы видеоны тексеріп, материал жариялады. Желідегілер пойыз Ресей аумағына аттанды деп топшылаған. Біз, пойыз, шын мәнінде Қазақстанның оңтүстігіне қарай жолға шықты деген қорытындыға келдік. Сол материалда Украина аумағында қазақстандық қару-жарақ пайдаланылғаны туралы дерек таппағанымызды жаздық. Соның артынша оқырмандарымыздың бірі алты ай бұрын жарияланған хабарламаны жіберді. Болжам бойынша, ол Мариуполь көшелерінде суретке түсірілген қазақстандық «Арлан» бронкөлігінің фотосы.

Біз суретті және Украина аумағында «Арланның» бар-жоғын тексердік.

Үкім: Шындық

Ашық деректердегі ақпаратқа сай, «Арлан» бронкөлігінің біреуі Ресей гвардиясының Шешенстандағы бөлімшесінде бар. Өндіруші компанияның дерегі бойынша, көлік Ресейге 2019 жылы берілген. Содан бері «Арланды» бірнеше бейнероликтен, оның ішінде 24 ақпаннан кейін Украина аумағында түсірілген видеолардан да байқауға болады.

Толығырақ…

«Арланның» суретінде «ДАН» логотипі тұрғанына қарап, оны алғаш 5 сәуірде «Донецкое агенство новостей» жариялаған деп топшылаймыз. Олардың да жазуынша суреттегі қала – Мариуполь. Бұрынырақ, 18 наурызда «Военный осведомитель» Telegram-арнасында бронкөліктің суреті жарияланып, «Ресей гвардиясының Шешенстан Республикасындағы бөлімшесінің «Арлан» бронөлігі Мариуполь аймағында» деп жазылды. Дәл осы «Военный осведомитель»-дің ВКонтакте парақшасында 23 сәуір күні көліктің басқа қырынан түсірілген суреті жарияланған. Суреттегі деректер арқылы оның нақты қай жерде түсірілгенін анықтау қиын. Әлеуметтік желілер арқылы іздесек, наурызда жарияланған екі видеоға (1, 2) тап боламыз. Онда авторлардың пікірінше, әскери техника легі Украинаға кетіп бара жатыр. Видеолардың бірінде «Арланға» Шешенстанның туы ілінген.

Қазақстандық «Арлан» брондалған көлігі Мариупольде көзге түсті ме?
Twitter-дегі хабарламаның скриншоты

17 наурызда Шешенстан президенті Рамзан Кадыров өзінің ресми ВКонтакте парақшасында видео жариялап, Мариупольге шабуыл жасалғанын хабарлады. Роликтің 18 секундында «Арлан» көлігін анық көреміз.

Қазақстандық «Арлан» брондалған көлігі Мариупольде көзге түсті ме?

Бір қызығы, «Арлан» алғаш рет 2021 жылы Шешенстанның ЖҚАЖ (Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ ,СОБР) ресми проморолигінде (тайм-код: 00:58) көрсетілді. Соған қарамастан, халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының (IISS) «Тhe Military Balance 2021» есебіне және Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бронкөлік Ресейдің әскери балансында жоқ. Ресей гвардиясының қару-жарағы туралы нақты дерек 2016 жылға дейін ғана бар. Дегенмен құрылымның өзі жариялаған жаңалықтар мен іздеу жүйелерінде техникалары «Арланмен» толыққаны туралы ақпарат жоқ.

Айта кетейік, барлық фото мен видеода бір ғана «Арлан» бронкөлігі көрсетілген, дегенмен жалпы бір ғана көлік бар ма, әлде көп пе – анықтау қиын. Қолда бар деректерге сенсек, бәрі бір «Арлан» секілді.

Қазақстанда жасалған бронтасымалдаушының Украинада жүргені медианың назарынан тыс қалмады. Кейбірі (1, 2) Мариупольде «Арлан» қайдан жүр деген сұрақ қойды. Бронкөлік шығаратын Kazakhstan Paramount Engineering (KPE) компаниясы, кешігіп болса да, баспасөз релизі арқылы жауап берді. Олардың хабарлауынша, 2019 жылы Ресей гвардиясымен келісімге сай, «Арлан» бронкөлігінің біреуі барлық халықаралық және отандық сарапшылық ережелерді сақтай отырып, әскери сынақтан өтуге берілген. Сондай-ақ компания Ресей қызметімен серіктестік ары қарай жалғаспағанын және бронкөлік жеке немесе заңды тұлғаларға сатылмайтынын атап өтті.

Яғни KPE Ресей гвардиясын атап кетті, ал автокөлік шынында Ресей гвардиясының Шешенстандағы бөлімшесіне тиесілі. Баспасөз релизінде көліктің қайтарылғаны туралы ешқандай ақпарат болмағандықтан, Қазақстанда құрастырылған бронкөлік расымен Украина аумағында болған, әлі де сонда болуы мүмкін деп болжаймыз.

Kazakhstan Paramount Engineering (KPE) компаниясы Paramount Group-пен бірлесе жұмыс істеді. Дәл осы Paramount Group қазақстандық «Арланның» прототипіне айналған, минаға қарсы қорғанысы бар Marauder бронкөліктерін шығарады. Шығарушы компанияның дерегі бойынша, бронкөлік жергілікті ахуалға толығымен бейімделген және -50-ден +50 Цельсий градуста жұмыс істей береді. Бронкөліктің лицензиялық құрастырылуы 2015 жылы басталып, 2016 жылы алғашқы топтамасы Қазақстан әскерін қаруландыру үшін жіберілді. KPE-дің ашық деректері бойынша, осы уақыт аралығында олардың өнімін тек қазақстандық құрылымдар алып отырған (1, 2, 3). Дегенмен компанияның зауытына әр кездері Үндістан, Ресей, Кувейт, Сербия делегациялары келген. Ресми мәліметтер бойынша, қазіргі күні бронтасымалдаушылардың ішінде дәл «Арланды» пайдаланушы жалғыз ел – Қазақстан.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz