Меркель Минск келісімі Украинаны соғысқа дайындау үшін қажет болғанын мойындады ма?

2022 жылдың желтоқсанының алғашқы жартысында желінің орыстілді бөлігінде (1, 2, 3, 4, 5) Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель Die Zeit басылымына берген сұхбатында Минск келісімі Украина уақыт ұтып, елді қару-жарақпен қамтамасыз етуге, соғысқа дайындауға қажет болғанын мойындады деген ақпарат пайда болды.

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz редакциясы Меркель расында осындай мәлімдеме жасады ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Манипуляция

Ангела Меркель Минск келісімінің мақсаты Украинаны әскери тұрғыдан күшейту деп айтпаған. Оның пікірінде «соғысқа дайындау», «милитаризация» немесе «қаруландыру» деген сөздер жоқ. Канцлердің пікірінше, келісім Украинаға уақыт беру мақсатында жасалды, ал Украина оны күшін нығайту үшін пайдаланған.

Толығырақ

Сұхбат кезінде Die Zeit журналистері Тине Хильдебрандт пен Джованни ди Лоренцо Ангела Меркельден қабылдаған шешімдеріңізге өкінбейсіз бе деп сұрады, оның ішінде 2008 жылы Грузия мен Украинаның НАТО құрамына кіруін Германия қолдаудан бас тартқанын меңзеді. Оған Меркель былай деп жауап берді:

Әуелі сол кезде біздің алдымызда тұрған альтернатив шешімдер туралы айту керек. 2008 жылы Украина мен Грузияның НАТО-ға кіруі дұрыс емес деп ойладым – ол үшін екі мемлекетте ешқандай алғышарт болған жоқ. Сондай-ақ Ресейдің Грузия мен Украинаға қарсы әрекеті болсын, НАТО-ның мүше-елдерге көмек көрсету ережесі болсын – мұндай шешімнің салдары да қарастырылмады. 2014 жылғы Минск келісімі Украинаға уақыт беру талпынысы еді.

Көріп отырғандарыңыздай, Украина бұл уақытта күштірек болу үшін пайдаланды. Бүгінгі Украина – 2014-2015 жылдардағы Украинадан басқа. 2015 жылдың басындағы Дебальцево үшін айқас сол кезде Путиннің оп-оңай жеңіске жетуі мүмкін екенін көрсетті. Оған қоса НАТО елдері де сол кезде Украинаға қазіргідей көмектесе алмайтын еді, оған мүмкіндігі болған жоқ.

Ангела Меркель

Басылымның өзі материалға ескерту қосып, Минск келісімінің мақсаты – бейбітшілік екені туралы канцлердің сөзін түсіндіре кеткен:

Минск келісімі – Ресейдің ықпалымен Украинадан бөлініп, өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск республикалары туралы бірқатар келісім. Келісім мақсаты – соғысты тоқтатып, Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге келу үшін уақыт ұту еді.

Die Zeit редакциясының ескертуі

Контекст

Минск келісімдерінің мақсаты басқа екені және Украинаны соғысқа дайындау ниеті туралы Германияға тағылған айыптау мен Ресейдің Украинаға 2022 жылдың 24 ақпанында толық басып кіруі басталғанға дейінгі «Норман төрттігіне» мүше елдің әрекеті арасында байланыс жоқ.

Германия да, Франция да – «норман төрттігіндегі» НАТО-ның екінші өкілі – Украинаның НАТО-ға кіру мүмкіндігіне аса сақтықпен қарады (1, 2, 3), себебі, Альянс пен Ресей арасындағы жанжалдың ушығып кеткенін қаламады (бұл туралы Ангела Меркель «Die Zeit» басылымына берген сұхбатында айтып, әскери жанжал болған жағдайда НАТО елдері бір-біріне көмектесуі керек деген ережені атап өтті).

Сондай-ақ Донбасстағы жанжалды реттеудегі рөліне сәйкес, Германияның Украинаға қару жеткізу бойынша ұстанымы Ресей әскері толықтай басып кіргенге дейін шыдамды болды. 2021 жылдың мамырында Германия НАТО-дағы вето құқын пайдаланып, Украинаға қарудың кейбір түрінің жеткізілуіне тыйым салды (Bild басылымының ақпараты бойынша, тыйымды Ангела Меркельдің өзі бекіткен). Сол кезде НАТО баспасөз хатшысының журналистерге берген ақпараты бойынша, Украинаға NSPA арқылы (НАТО-ның қолдау және жеткізу агенттігі) жойып жіберетін қару жеткізу туралы әр шешім одақтастардың консенсусына байланысты әр жағдайда әртүрлі қабылданады. Сондай-ақ Германия басшылығы Украинаға Эстониядан неміс қаруын жеткізуге қарсы болды. Ақпарат бойынша, бұған дейін Меркель үкіметі Украинаға қару жіберуге толық тыйым салу керек деп мәлімдеген. Қарашаның соңында Германия дронға қарсы EDM4S-UA қаруын жеткізуге тыйымды алып тастады, себебі ол жойып жіберетін қару түріне жатпайды.

Украина мен НАТО-ның әскери серіктестігін жоққа шығармағанымызбен, сарапшылар (мында және мында) Ресей әскері толықтай басып кіргенге дейін Украинаға НАТО елдерінен жіберілетін қару көлемі мен түрлері Ресейден Донбасста қорғану және кіргізбей ұстап тұру үшін ғана жеткілікті, толықтай соғыс жүргізуге арналмаған деген пікірде.  

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz