Украина әскерінің үштен бірінде психикалық проблема бар ма?

Интернеттің орыс тілді сегментінде «Украина әскерінің үштен бірінде психикалық бұзылыстар бар» деген ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5). Автор ақпараттың дереккөзі ретінде британдық «The Times» басылымын көрсетеді. Factcheck.kz мәліметтің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Украина Қарулы Күштерінің жеке құрамының 30%-і өткір психикалық бұзылыстардан зардап шегеді. Бұл туралы британдық The Times басылымы үкіметтік емес ұйымының есебіне сілтеме жасап жазды.

fedpress.ru сайтының хабарламасы

Үкім: Манипуляция

«The Times» сайты украин сарбазының мысалында әскерилердің психикалық жағдайы туралы мына мақалада (архив) жазған. Басылым мәліметті словакиялық «GLOBSEC» үкіметтік емес ұйымының 2023 жылы жариялаған Украина соғыс ардагерлерінің арасындағы посттравматикалық стрестік бұзылыс (PTSD) туралы зерттеуіне сілтейді. Оған сай, украин әскерилерінің 20-30%-і соғыс әсерінен психикалық саулықтың өткір проблемаларын бастан кешіруі мүмкін. Сонымен қатар, «The Times» ресейлік медиа айтып өткен «нашақорлық» пен «маскүнемдік» туралы жазбаған, әрі соғыс зардаптарынан болатын PTSD проблемасын әскерилерде жиі кездесетін, шешілуі тиіс өзекті мәселе ретінде көрсеткен.

Посттравматикалық стресс (PTSD) — соғыс, зорлық-зомбылық, жазатайым оқиғалардан жарақат алған немесе куәгер болған адамдарда кездесетін психикалық бұзылыс. Науқастарда травма салған оқиға туралы ойлау, алаңдау, үрейлі шабуыл (panic attack), сондай-ақ адамдарға деген сенімнің жоғалуы, қарым-қатынас құруда қиындықтар, алкоголь мен нашақорлыққа бейім болу, суицидтік ойлардың пайда болуы байқалады.

Мәлімдеме: “Таймс” басылымының дерегінше, Украина әскерінің қатарына бірінші кезекте психикалық ауытқуы барлар, маскүнемдер мен нашақорлар шақырылады. Оларды ешкім бақыламайды.

aif.ru сайтының хабарламасы

Үкім: Жалған

Қарулы Күштер Министрлігінің «Украина Қарулы Күштеріндегі әскери-дәрігерлік сараптама туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына сәйкес, психикалық және мінез-құлық бұзылысы (15-бап) мен жүйке жүйесі ауруына (20-бап) шалдыққан азаматтар мобилизациядан босатылған. Украина билігі әскерилер алкоголь мен есірткі тұтынудан аулақ болуы керек деп санайды және олардан тест алып отырады.

«GLOBSEC» зерттеуі жайлы толығырақ

Зерттеуге сәйкес, 2021 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша Украинада 410 мыңнан астам соғыс ардагері бар. 2014-2022 жылдары Шығыс Украинадағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскерилердің 80%-іне жуығы әскери күйзеліске ұшыраған. Кейінірек сарбаздардың 25%-і әртүрлі деңгейдегі PTSD-ден зардап шегетіні анықталған. 2014-2017 жылдар аралығында антитеррористік операция жауынгерлерінің 80%-інде психологиялық травма белгілері байқалған; 20-30%-і психологиялық көмекке жүгінген.

Украина ресми деректері не дейді?

Украина Қорғаныс Министрлігіне қарасты «АрміяINFORM» сайтының мәліметтерін келтірейік:

Әлемде қалай?

2021 жылы жарияланған әлем әскерлерінің арасында болатын психикалық бұзылыстарды қарастырған мета-анализ зерттеуінің қорытындысына сай:

  • әскерилер мен ардагерлер арасында депрессияның таралуы — тиісінше 23% және 20%;
  • өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің таралуы — 11% ;
  • есірткі пайдаланушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау ойлары мен әрекетінің таралуы — тиісінше 18% және 30%;
  • суицидтік ойлар мен алкогольді пайдалану әрекетінің таралуы — тиісінше 9% және 8%;
  • ЖИТС/АИТВ-мен ауыратын сарбаздар арасында өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің таралуы — 5%.

Қорытынды

Ресей мен Украина арасындағы соғыс екі ел халқының денсаулық сақтау жүйесінде көптеген қиындық туғызды. Жоғарыдағы тұжырымдар әскери қызметкерлерге, әсіресе ұрыс аймағындағы жауынгерлерге психикалық саулықты қолдау, суицид пен депрессияның алдын алу және әскери күштерге психологиялық көмек көрсету маңызды екенін дәлелдейді.

Контекст

  • ДДСҰ соңғы 10 жылда соғыс пен қақтығысты бастан кешірген Украинаның әр бесінші тұрғыны немесе халықтың 22%-і депрессия, мазасыздық, PTSD, биполярлі бұзылыстар мен шизофренияға шалдығуы мүмкін екенін жазған.
  • БҰҰ дерегінше, 2023 жылдың 23 наурызы мен 6 сәуірі аралығында «Kiev Digital» қосымшасы арқылы сауалнама жүргізілген. Мақсаты — Киев тұрғындарының күйзеліс деңгейін бағалау және оларды жеңу механизмдерін зерттеу. 9795 респонденттің тек 11%-і психикалық жағдайын тұрақты деп сипаттаған. 38%-і болашағынан қорқады. Тағы 18%-інің ұйқысы бұзылып, қатты шаршағаны анықталған. Қатысушылардың 12%-і ашу мен апатия, 9%-і өзін жалғыз сезетінін хабарлады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz