Бұған дейін Алматы әкімдігін мақтау мақалаларға 44 млн теңге бөлінгенін жаздық. Сондай-ақ, көктемде оңтүстік астананың БАҚ беттеріндегі жарнамасына 176 млн теңге жұмсалғанын да зерттедік. Енді, Қонаев қаласының ішкі саясат бөлімі, әкімдіктің жұмыс істеп жатқанын баяндайтын мақала жаздыруға 25 млн теңге жұмсамақ. Factcheck.kz редакциясы бұл тендерді талдап, күмәнді тұстарын зерттеп көрді.
«Әкімдікте жұмыс істейтіндерден сұхбат алынады»
Қарашаның 6 күні Қонаев қаласының ішкі саясат бөлімі БАҚ-қа ақпарат жаздыру қызметіне 25 млн теңге бөліп, «Алатау ТН» ЖШС-і мен келісім шарт жасасты. Тендердің техникалық сипаттамасынан мемлекеттік пропогандалық мәтіндерді байқауға болады. Мәселен Тоқаевтың Қонаев қаласының дамуы жайында берген тапсырмаларын орындау, Қонаев қаласы әкімдігінің түрлі мәселерді шешу үшін қолға алып жатқан шараларын насихаттау секілді мақалалар жазылып, сайтта жариялануы керек. Сондай-ақ аталған сайттың жетекшісі эксклюзив ретінде республикалық 10 сайтқа тұрақты түрде материалдар жариялап отыруы тиіс.
Сайтта — 80 материал, республикалық сайтта — 40 материал жазылға тиіс.
Сипаттамада ақпараттық порталдың негізгі бағыты саясат, экономика, қоғам, тарих, мәдениет, дін, спорт болуы керек екені де көрсетілген. 2 аптада кем дегенде бір әкімдік қызметкерімен видео сұхбат дайындау және жариялау қызметі де жазылған. Сұхбаттар жергілікті БАҚ-тарда, өңірлік коммуникациялар қызметінің әлеуметтік желілерінде, қала аумағында қызмет көрсететін телеарнаның жаңалықтар бөлімінде көрсетілуге тиіс. Сұхбаттың ұзақтығы – кем дегенде 25 минуттан болуы да шарт.
Агенттіктің әлеуметтік желідегі парақшасында ең кемі 30 мың жазылушысы болып, оның желі қолданушыларын бір айлық қамтуы 100 мыңнан асуға тиіс. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жарияланған теріс бағыттағы материалдарға мониториң жасалып, нәтижесі аптасына бір рет сайтта жарияланады. Сайттың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында қала әкімі қатысуымен өткен шаралардан бейнесюжеттер жариялануы қажет.
Сонымен қатар, ұзақтығы кемінде 1 минут болатын бейнерликтер дайындалады. Жеткізуші 2024 жылдың 10 желтоқсанына дейін барлық бейнероликті әзірлеге тиіс. 3 бейнеролик республикалық телеарналарда («Хабар», «24.kz») жарияланады. Кем дегенде 2 бейнеролик оқырман саны 200 мыңнан асатын әлеуметтік желілердегі пабликтерде және 2 бейнеролик Алматы облысы бойынша оқырман саны 100 мың асатын парақшада жарияланатыны жазылған. Әр видеода кемінде 3 әртіс қатысуы тиіс.
Тендердің хаттамасына сәйкес 4 мекеме қатысуға өтінім берген. Соның ішінде «Алатау ТН» ЖШС-і мөлшері аз баға ұсынып, жеңімпаз атанды. Жеңімпаз компания ұсынған сома 22 млн теңге. Енді бұл мекеме туралы толық тарқатайық.
Медиаға қатысы жоқ жеңімпаз
Тендердің жеңімпазы ретінде «Алатау ТН» ЖШС таңдалған. Алайда, Kompra.kz деректеріне сәйкес, бұл компанияның медиа саласына мүлде қатысы жоқ. Мекеме инженерлік-техникалық жобалау саласындағы қызметтермен айналысады. Сондай-ақ, компанияның осыған дейінгі келісім-шарттарынан, инженерлік қызметтерге қатысты мемлекеттік сатып алуларды байқауға болады (1, 2 3, 4). Деректерге сәйкес бұл ЖШС-ның тек инженерлік сала бойынша ғана лицензиясы бар. Ақпарат тарату бойынша ұйымдастырлған тендердің жеңімпазы қалай атанғаны күмән тудырады.
Компанияның басшысы — Садиев Айдын Айбекович. Мекеменің екі құрылайтышысы бар. Алғашқысы — Мукатаева Салтанат. Осы тұлғаның 4 мекемемен тікелей байланысын байқауға болады: «ST-SAPA», «SARQYR», «Техно СНАБ 2002», және «Музтау». Екеуінде басшы болса, екеуінде құрылтайшы есебінде тіркелген. Сондай-ақ, «Rahman» атаулы жеке кәсіпкерлігі де бар.
Екінші құрылтайшы — «Қазақстандағы техникалық қадағалау қызметтерінің бірлестігі» заңды тұлғалар бірлестігі. Осы бірлестіктің де бірнеше ірі мекемелермен байланысын атап өтуге болады. Мәселен, «Базис KST», «КазСнабСтрой и СК», «Астанастройинжинирин», «Мегалиты Алматы» және т.б құрылыс компаниялары бар. Толығырақ төмендегі суретте:
Осыған дейін «Алатау-ТН» мекемесі ақпарат тарату саласында тендер жеңбеген. Ал, Қонаев қаласында бұған дейін әкімдік туралы ақпарат тарату қалай жүзеге асқанын зерттеп көрейік.
Бұған дейін қалай болды?
Қонаев қаласының ішкі саясат бөлімі БАҚ-қа ақпарат жариялау бойынша 2016 жылдан бері тендер жариялап келеді. Мәселен, осы қызметтерге 2016 және 2017 жылдары 3,8 млн теңге ақша бөлінген. Ал 2018 жылы қаржы көлемі бірден 3 есе өсіп, 10,3 млн теңге қаржы жұмсалған еді. 2019 және 2020 жылдары 9 млн теңге бөлініп, 2021 жылы осы қызметтерге 2 тендер жарияланған. Алғашында 9 млн теңге қарастырылғанмен, тендер тоқтатылған. Кейін 2 айдан соң 5 млн теңгеге «Қапшағай тынысы» ЖШС-і мен келісім шарт жасасқан. 2024 жылдың шілдесінде 3 тендер жариялады. Алғашқысына 1,5 млн теңге қарастырылса, екіншісіне 200 мың теңге бөлінген. 3-тендер 25 млн теңгеге жарияланған.
Пропоганда – мәселе шешімі ме?
БАҚ пен әлеуметтік желілерде әкімдіктің жұмысына оң баға беріп мақала жазу қала ішіндегі негізгі мәселелерді шешпейді. Біз бұл туралы бірнеше рет жазған едік. Сондай-ақ, біз зерттеп отырған тендердің сипаттамасында жазылғандай, «теріс бағыттағы материалдарға мониторинг» жасау қызметі де күмән туғызады. Мысалы, белсенді Салтанат Тәшімова баласымен серуендеп жүргенде қамауға алынып, әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 129 220 теңге айыппұл салынғанын жаздық. Сондай-ақ, әкімдік қызметкерлерінен сұхбат алу, қала ішіндегі мәселелерді шешуге көмектеспейді. Мәселен, 2023 жылдың тамызында Қонаев қаласының әкімінен сұхбат алынған еді. Өңір басшысы Нұрлан Құмантаев Қонаевта 5 жаңа туризм объектісін жылдың соңына дейін ашқалы жатқанын сөз етті. Дегенмен, ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2023 жылдың III тоқсанында 66 туристік орын болса, жылдың соңында 62-ге дейін азайған. Демек, қала әкімінің сұхбатында айтылған мәселе шешілмеді. Ал, әкім айтқаннан бір жылдан соң ғана, қала әкімдігі 5 қалалық жағажай абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолданысқа берілгенін мәлімдеді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.