Мемлекеттік сатып алу порталын қарап отырып, Factcheck.kz редакциясы «Алматы индустриалды аймағы» деп аталатын компанияның қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде имидждік жарияланымдарды сатып алуға арналған тендерін анықтады. Назар аударарлық жайт – ұйым өз имиджін ғана емес, басшылықтың, яғни Алматы әкімдігінің де имиджін көтеруді ұйғарған.
Тапсырыс беруші екеу
2024 жылғы 25 қарашада «Алматы индустриалды аймағы» ЖШС бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдарды жариялау қызметтерін сатып алу үшін “Dara Consult” ЖШС-мен келісімшарт жасасты. Келісімшарттың құны 44 370 000 теңгені құрады.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, тендердің негізгі мақсаты — тапсырыс беруші мен Алматы әкімдігінің қызметі туралы қазақ және орыс тілдерінде интернет-БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдарды дайындау және жариялау. Жарияланатын мәтіндер оқырмандарды шағын және орта бизнесті қолдау, қаланың инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ әкімдіктің экономика дамуына қосқан үлесі мен әкімдік қызметі туралы жалпы ақпаратпен таныстыруы тиіс. Материалдар жергілікті биліктің «оң имиджін ілгерілету» мақсатында жарияланбақ.
Жалпы алғанда, тапсырысты орындаушыға кемінде 108 материал дайындауы қажет. Олардың 58-і интернет-басылымдарда, қалған 50-і әлеуметтік желілерде жарияланбақ. Әлеуметтік желілердегі жарияланымдар Instagram-дағы кемінде миллион жазылушысы бар аккаунттар мен Telegram-да кемінде 20 мың жазылушысы бар арналарда жариялануы керек. Барлық материал мен пост «жарнама» немесе PR белгісінсіз жариялануы қажет және ресурстың мұрағатында кемінде бір жыл сақталуға тиіс. Мұндай мәтіндердің көлемі басылым мен тапсырыс берушінің тілектеріне байланысты үш мыңнан жеті мың таңбаға дейін болуы керек. Әрбір басылымға бірден көп дегенде сегіз мәтін жазу жүктелген.
Тапсырыс беруші мақтау мақалаларын нақты қай басылымдарға орналастыру қажет екенін нақты көрсетпеген, бірақ 58 интернет-БАҚ туралы егжей-тегжейлі сипаттама бергендіктен, оны оңай анықтауға болады.
Дайындалған мәтіндерді жариялаудан бір күн бұрын тапсырыс берушіге жіберу қажет. Ол олардың мазмұнын және визуалды бөлігін мақұлдауы керек. Бұл ретте материалдарды тапсырыс берушінің мақұлдауынсыз редакциялауға немесе тіпті тыныс белгілерін түзетуге қатаң тыйым салынады. Мәтін тапсырыс беруші белгілеген мерзімде жарияланбаса, жеткізуші оны басқа ақпараттық порталға, бірақ өз қаражаты есебінен орналастыруға міндетті. Айтпақшы, мақалалардың көлемі тапсырыс берушінің қалауы бойынша өзгеруі мүмкін.
Сонымен қатар тапсырысты орындаушы ай сайын жарияланған материалдардың скриншоттарымен қоса орындалған жұмыс туралы есепті қағаз немесе электронды тасымалдағышта тапсырыс берушіге ұсынуға міндетті.
Әкімдіктің жарнамасына кім тапсырыс берген
«Алматы индустриалды аймағы» ЖШС компаниясының ресми сайтында көрсетілгендей, бұл ұйым 2015 жылы жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету, Алматы қаласындағы басым салаларды дамыту мақсатында құрылған. Әсіресе, тұрғын үй аудандарынан өнеркәсіптік кәсіпорындарды көшіру бағытындағы инвестициялық жобаларға басымдық беріледі.
Осы мақсатта Алматы қаласының Алатау ауданында 490 гектар аумақта өндірістік парк құрылған. Бұл жерде 92 зауыт, фабрика және басқа да кәсіпорын орналасқан. Олардың барлығын «Алматы индустриалды аймағы» қадағалайды. Компания сайтында олардың жалпы сомасы 124 миллиард теңгенге жететін 27 жобаны жүзеге асырып, 11 138 жұмыс орнын құрғаны туралы мәлімет берілген. Сонымен қатар компанияның миссиясы – «кәсіпорындар табысты жұмыс істеп, инновациялық жобалар жүзеге асырылатын инновациялық және тұрақты өнеркәсіптік даму ортасын құру» деп көрсетілген.
Компания «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) еншілес ұйымы. 2023 жылы оған республикалық маңызы бар ұйым мәртебесі берілді. «Алматы» ӘКК-нің тікелей әкімдікке бағынышты екенін ескере отырып, «Алматы индустриалды аймағы» да қалалық биліктің қарамағында екенін айтуға болады.
Алайда, бұл кәсіпорынның әкімдікке жарнама тапсыруының нақты себебі белгісіз. Ұйымның ресми сайтында оның қызмет түрлерінің тізімі көрсетілген. Негізінен, олардың барлығы қаланың индустриалдық дамуына, импортты алмастыруға, кәсіпкерлерге арналған өндірістік цехтар мен фабрикаларды салуға және жалға беруге бағытталған. Бірақ сайтта әкімдік үшін PR-науқандар ұйымдастыру туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Имидж мәселелері
Алматы әкімдігі өз имиджін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы көтеруге бағытталған ірі тендерлер ұйымдастыруды бұрыннан қолға алған. Біз бұған дейін жергілікті билік органдарының, мысалы, интернет-басылымдардағы қала жарнамасына 176 миллион теңге жұмсағанын, шетелде жарнама орналастырғанын немесе пиар мақсатында блогерлерге 90 миллион теңге төлеуге дайын болғанын жазған едік. Әрине, мұндай тендерлерде қаланы жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрсету талап етілген.
Бұдан бөлек, әкімдік өзіне қатысты сынды бақылау үшін одан да көп қаржы жұмсайды. Бұрын біз Досаевтың қарамағындағылардың алдымен өз басшысына қатысты сындарды қадағалау үшін 4,6 миллион теңге, кейін желідегі мониторинг пен сындарды бақылауға 190 625 000 теңге, әрі қарай осындай мақсаттарға тағы да шамамен 260 миллион теңге жұмсағанын жазған едік.
Алматы әкімдігі өз имиджі мен оның басшысының беделіне қатты алаңдайтын сияқты. Бұл әлеуметтік желілердегі теріс пікірлерден немесе 2023 жылы Досаевтың отставкасын талап еткен петицияның 50 мыңнан астам қол жинағанынан туындаған болуы мүмкін.
Әкім бұл шығындар туралы ұзақ уақыт бойы пікір білдірмей келді, бірақ жақында мұндай зерттеулер биліктің қай бағытта жұмыс істеуі керектігін анықтау үшін қажет екенін айтты.
«Сын көп болса, бұл жұмысымыздың жетіспейтін тұстары бар екенін білдіреді. Сол сындар арқылы біз қандай мәселелердің көтерілуі мүмкін екенін анықтаймыз», — деді Досаев. Алайда, құқық қорғаушылардың пікірінше, қала басшысы сын білдіретіндерді жұмыс сапасын жақсарту үшін емес, «наразылық білдірушілерге қарсы репрессиялық шаралар қолдану» үшін анықтағысы келеді.