2024 жылы Factcheck.kz редакциясы Ақмола облысының мәслихатының 30 жылдығын атап өтуге бөлінген қаржыны талдап, еліміздегі өңірлік мәслихат депутаттарының белсенді айналысатын бір саласы — мемлекеттік сатыпалым екенін жазған еді. 2025 жылдың басталуымен, облыстық мәслихат аппараттары тендер жариялауға кірісіп кетті. Қарағанды облысының мәслихаты туралы БАҚ-қа ақпарат шығаруға 36 млн теңге бөлінген. Алайда, тендердің бірқатар күмәнді тұсы бар. Factcheck.kz тақырыпты зерттеп көрді.
Жеңімпазы жоқ тендер
Қарағанды облысының мәслихат аппараты қазақ және орыс тілдеріндегі телехабарлар тарату қызметіне 27 837 500 теңге бөлген. Қызметтер, 2025 жылдың желтоқсанына дейін жасалауы керек. Тендердің техникалық сипаттамасынан пропогандалық мәтіндерді байқауға болады. Мәселен, облыстық мәслихат депутаттары туралы бейнероликтер мен имидждік бағдарламалар дайындалады. Қызметкелермен «тікелей эфирлер» жүргізу қызметі де жазылған. Жеңімпаз мекеме облыстың қоғамдық маңызы бар күндер мен оқиғаларға арналған хабарлар, ток-шоулар, дебаттар, интерактивті бағдарламалар дайындауы керек. Көлемі 1 667 минуттың сюжеттер түсіріледі. Күніне 4 рет шығатын жаңалықтар шығыралымдары да болады. Кемінде 14 сағат хабар таратуы керек. Тендер жеңімпазы тарататын хабар облыстың барлық аумағын қамтып, АЛМА ТВ, Ювис, ID TV кабельдік операторларының желілерін қосуы шарт. Өңірдегі халқықтың кемінде 95%-ін телехабармен қамтуы тиіс.
Тендерде жеңімпаз анықталмаса да, хаттамадан бір қатысушыны байқаймыз. Ол — «Қазақстан РТРК» АҚ. Құжаттамаға сәйкес, «Қазақстан РТРК» АҚ-ы конкурсқа қатысуға рұқсат алған. Алайда, бір ғана қатысушы болғандықтан, тендердің жеңімпазы таңдалмаған. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 14-параграфының 2-бөлігіне сәйкес, конкурсқа қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылғанда конкурсты өтпеді деп тануға болады. Ұйымдастырушы мекеме осы заңға сүйенген секілді.
6 жылда бір жеңімпаз
Қарағанды облысының мәслихат аппараты кейінгі 6 жылда осындай тендерлер жариялап келді. 2019 жылы телевизиялық өнім дайындауға ашық конкурстық тендер жарияланған. Сол жылы екі қытысушы өтінім берген. Жеңімпаз — «Қазақстан РТРК» АҚ-ы танылып, екінші орынды «5 канал-KZ» ЖШС-і алған. Жұмсалған сома 4 млн теңге. Осыдан кейінгі жылдары, алдымен ашық конкурстық тендер жарияланып, бір ғана қатысушы болғаны үшін тоқталып, кейін оны «Қазақстан РТРК» АҚ-ы «өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу» статусында жеңіп отырған.
- 2020 жылы — 8 830 366 теңге;
- 2021 жылы — 8 830 356 теңге;
- 2022 жылы — 15 628 140 теңге қарастырылған.
Ал, 2023-2024 жылдары ашық конкурс бойынша ұйымдастырылған тендерді байқамадық. Екі жыл да бір көзден ұйымдастыру статусында «Қазақстан РТРК» АҚ-ы жеңімпаз атанған. 2023 жылы 15 млн теңге, 2024 жылы 25 млн теңге жұмсалған.
2019 жылы ашық конкурсқа қатысып, «Қазақстан РТРК» АҚ-на қарсылас болған «5 канал-KZ» ЖШС-нің тарихына шолу жасап көрейік. «5 канал-KZ» ЖШС-і 2017-2018 жылдары Қарағанды облысының мәслихат аппараты ұйымдастырған тендерлерді бір көзден жеңіп, жалпы сомасы 4 728 757 теңге алған. Бұл сомаға видеосюжет дайындау мен ақпарат орналастыру қызметтері кіреді. Кейіннен, тендерлерге қатыспаған. Дегенмен, компанияның Қарағанды қалалық мәслихатының тендерлерін жеңе бастағанын байқадық. 2023-2024 жылдары қалалық мәслихаттың ашық конкурс арқылы ұйымдастырған тендерлерінен жалпы сомасы 7 394 000 теңге жеңген. Аталған лоттарда екінші орын алған жеткізуші «Қазақстан РТРК» АҚ-ы екенін де байқауға болады.
Газетке мақала жазуға да ақша бөлінеді
Қарағанды облысының мәслихат аппараты тек телевизиялық өнімдер дайындауға ақша жұмсаумен шектелмейді. Газеттерге ақпарат жариялау үшін де арнайы тендер жариялап отырған. 2025 жылы бұл қызметтерге 9,3 млн теңге қарастырылған. Алайда, бір ғана тапсырыс беруші болғандықтан, тағы да тендер өткізілмеген. Хаттамадан «Saryarqa aqparat» ЖШС-і ғана өтінім бергенін байқаймыз.
- 2021 жылы — 6 400 348;
- 2022 жылы — 11 607 500;
- 2023 жылы — 5 803 750;
- 2024 жылы — 16 331 702 теңге жұмсалып, барлық тендерді «Saryarqa aqparat» ЖШС-і «өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу» статусында жеңіп алған.
Өзге өңірдегі әріптестері қанша ақша жұмсайды?
Өзге өңірлердегі мәслихат аппараттары Қарағанды облысындағы әріптестеріне қарағанда БАҚ-қа ақпарат жариялау қызметіне әлде қайда аз жұмсайды. Мәселен, 2024 жылы Қарағанды облысының мәслихат аппараты жалпы сомасы 39 млн теңге бөлсе, Атырау облысындағы әріптестері 4 млн теңге жұмсаған. Өзге облыстарға қарасты маслихат аппараттары БАҚ-қа қызмет жариялау бойынша тендер таппадық. Облыстардан бөлек, қалалық маслихат ұйымдары да қаржы бөледі. Астанада мәслихаты 7 млн теңге қарастырса, Павлодар қаласына қарасты мәслихат 1,4 млн теңге жұмсаған. Қостанайдағы мәслихат 720 мың теңге бөлген.
Қорытынды
2025 жылы да Қарағанды облысының мәслихат аппараты БАҚ-қа ақпарат жариялау қызметіне 36 млн теңге бөлген. Біз осы уақытқа дейін, мәслихат қызметінің ешқандай билігі жоқ екенін жаздық. Сондай-ақ, мемлекеттің мекеме туралы жазылатын пропогандалық ақпараттар негізгі мәселені шешпейтінін де талдағанбыз. Қарағанды облысының мәслихат аппараты ұйымдастыратын тендерлерді 2020 жылдан бері бір жеңімпаздың бір көзден таңдала беруі жемқорлық қауіпін өсіріп, өзге облыстардағы әріптестерінен 2-3 есе көп ақша жұмсайтыны күмән тудырады.