Жасанды интеллектің иммигранттар туралы жазған әні Германияда ең көп тыңдалатын 50 әннің қатарына енді. Verknallt in einen Talahon – пародия сарынындағы ән. Әннің мәтінінде иммигрант жастарға қатысты стереотиптер бар. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Бұл ән Германияда 48-орынға ие болды. Музыканың шыққанына бір ай болмай жатып Spotify-да 3,5 миллион рет тыңдалды.
Оның авторы — Butterbro лақап атымен танымал Джошуа Вагубингер. Оның айтуынша, ол өзінің жазған мәтінін Udio құралына енгізіп, әннің қайырмасын жазып шыққан. Udio құрылғысына мәтін берсе, ол оны вокал мен аспапқа айналдырып бере алады.
Ән неміс бұқаралық ақпарат құралдарының назарын тек қолданылған өндіріс технологиясымен ғана емес, лирикалық мазмұнымен де аудартты. «Талахонға ғашық» деп аударуға болатын шығарма араб тіліндегі ««taeal huna» деген тіркестің мәнін жеткізеді. Ал бұл сөз «мұнда кел» дегенді білдіреді, бірақ қазір Германияда бұл сөз көбіне иммигрант жастарды кемсіту үшін қолданылады.
«Жақсы қыздың жаман балаға ғашық болуы» туралы баяндайтын лирикалық ән 1960-жылдардағы классикалық әнге пародия жасайды. Жасанды интеллектің әнінде «Louis белдігін, Gucci сөмкесін таққан, Air Max аяқкиімін киген» және «парфюм дүкеніндегідей иіс шығып тұратын» адам туралы сөз етіледі.
Автор ешкімдік кемсітпей, сатира жанрында ән шығарғысы келгенін айтады, бірақ ол ең басты мақсаты әлеуметтік желіде вирусқа айналатын трек жасау екенін жеткізді.
Дегенмен Die Welt газетінің мәдениет редакторы Мари-Луиз Голдманның айтуынша, бұл ән пародия мен кемсітушілік арасындағы шекараны асып кетті.
Diffus музыкалық журналының жазушысы Фелисиа Агайе әннің танымалдылығын «екі есе проблемалық» деп атайды, өйткені «талахон» сөзі немістер мен австриялық жастар арасында қорлайтын сөз ретінде берік орныққан.