Жанболат Мамайдың адвокаты Конституциялық сотқа шағымданды

Оппозиционер Жанболат Мамайдың адвокаты Ернар Кенжебаев Конституциялық сотқа шағым түсірді. Бұл туралы оның жұбайы, құқық қорғаушы Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлады.

Шағымда ол сот процесінде Жанболат Мамайдың құқығы бұзылғанын жазған. Адвокаттың айтуынша, прокурор әуелі “орташа” ауырлықтағы баптар бойынша айыптау қорытындысын шығарып, кейін талқылау кезінде оны “ауыр” түріне ауыстырған. Ал бұл Конституцияға қайшы.

Сонымен қатар, Жанболат Мамай өзіне қойылған тыйымдарға, оның ішінде журналистік қызметпен айналысуға қатысты үкімді нақтылау үшін өтініш жазған.

Сот отырысы онлайн режимде 15 қыркүйекке белгіленді.

Айта кетейік, 10 қыркүйекте Жанболат Мамай “Қаңтарда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деген айыппен шартты түрде 6 жылға сотталды. Бұған қоса оған қоғамдық-саяси қызметпен, журналистикамен айналысуға тыйым салынды.

Factcheck.kz