Көзге арналған жаттығулар көру қабілетін жақсарта ма?

Көпшілік арасында “Көзге арналған жаттығулар адамның көру қабілетін жақсартады” деген пікір қалыптасқан (1, 2, 3, 4, 5). “Проверено” басылымы деректі тексеріп көрді.

Офтальмологтар көп жағдайда, әсіресе науқастың көзі қылиланғанда, көздің конвергенциясы бұзылғанда арнайы жаттығуларды жасауға кеңес береді. Оны көздің алмасын, қабақты қозғалтып жасайды.

Алайда бұл жаттығулар көз ауруы болып саналатын миопияны, гиперметропияны, катарактаны, глаукоманы және тағы басқа түрлерін емдемейді. Себебі олардың ешқайсының бұлшықетпен байланысы жоқ. Оған қоса бірде-бір беделді медицина ұйымы бұл жаттығуларды аталған ауруларды емдеу үшін қолдануды ұсынбайды. Көзге арналған гимнастиканың тиімді екенін растайтын бірде-бір сапалы ғылыми зерттеу де табылмады.

Mayo Research Center және Cleveland Clinic (АҚШ) коммерциялық емес медицина орталығы, Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі және басқа да беделді медицина ұйымдары адамда миопия болса, көзілдірік не линза таққаны дұрыс екенін айтады. Кейбірі ота жасауға кеңес береді. Гиперметропия мен астигматизмді де дәл осылай емдейді.

Оған қоса мамандар экранды аз қолдануға, кітап оқығанда немесе компьютерде отырғанда дұрыс жарық қоюға, дұрыс тамақтануға, күннен қорғайтын көзілдірік тағуға, темекі шекпеуге, офтальмологқа барып, жүйелі түрде тексерілуге кеңес береді. Дегенмен көз ауруының кейбірі тұқым қуалайтындықтан, бұл әдістер де көмектеспей қалуы мүмкін.

Осылайша, “көзге арналған жаттығу адамның көру қабілетін жақсартады” деген жалған ақпарат.

Factcheck.kz