Ұшақта телефон қолданса, апат болуы мүмкін бе?

Көптеген әуекомпания, әуе бортының командирі ұшпас бұрын жолаушыларға ұялы телефондарын өшіруі не әуережиміне қоюы керек екенін айтады. Бұл шынымен ұшақтың қауіпсіз ұшып-қонуына әсер ете ме? “Проверено” фактчекерлері тексеріп көрді.

Бұған қатысты ақпарат бірқатар жерде тараған (мұнда, мұнда, мұнда).

Алайда осы күнге дейін ұялы телефон кесірінен апат болғаны туралы бірде-бір жағдай тіркелмеді. Мұны білетін жолаушының көбі ұялы байланысын өшірмейді. Бұл жағдай ұшақта тек конфликт емес, әзілдердің де пайда болуына себеп болды. Соған қарамастан әуе тасымалдаушылары мен реттеушілері оған қатысты шектеулерді алып тастауға асығар емес.

Әуекомпаниялардың талаптарын қанша адам елемейтінін нақты айту қиын. Бірақ Allianz Travel Insurance сақтандыру компаниясының 2017 жылғы сауалнамасына сүйенсек, америкалықтың 40%-і ұшақта әуережимін қоса бермейді, ал 14%-і телефон арқылы хабарлама жібереді я қоңырау шалады. 2019 жылдағы басқа сауалнаманың дерегі бойынша, сауалнамаға қатысқан әрбір 15-америкалық бортсеріктің өтінішінен соң да телефонын өшірмейді, әуережимін қоспайды.

Қандай қауіп төнуі мүмкін? Даму тарихын шолып шығайық. Ұшақта электрон құрылғыларды қолдануға тыйым 1991 жылы ұялы телефондар қазіргідей кең тарамағанда пайда болды. Smartcockpit профиль журналының 1990 жылғы мәліметінше, автопилоттың істен шығуы мен байланыстың нашарлауына қатысты бірнеше апат жағдайы ұшақта электрон құралдары мен телефондарына байланысты деп шешкен. Олардың бұлай пайымдауына ұялы телефонның борт жабдықтарына жақын жиілік бойынша жұмыс істеуі себеп болған. Алайда кейін Boeing, АҚШ-тың көлік департаменті осыған ұқсас бірқатар эксперимент жүргізіп, телефондардың зиянын дәлелдейтін дәйек таппады. Бұл 2005 жылы АҚШ азаматтық авиация федерал басқармасының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі әкімшісінің көмекшісі Николас Сабатинидің есебінде айтылған.

2000 жылдардың аяғында ұшақтарда портатив ұялы байланыстың базалық станциясы орнатылды. Бұл борттағы жолаушыға ақылы түрде дауыстық қоңырау шалуға мүмкіндік берді. 2013 жылы FAA ұшақта электрон құралдарын қолдануға, толық өшірмеуге рұқсат берді. Дегенмен жолаушылар бұрынғыдай әуережимін қосуға міндетті болды. Оған қоса әуетасымалдаушылары әуекомпаниясының қажет техника параметрлеріне сай екенін тексеруі керек. 2014 жылы Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігі де осындай шешім қабылдады.

2022 жылы Еурокомиссия “ұшақ бортында 5G желісін пайдалануға болады” деп шешті және 2023 жылғы 30 маусымға қарай, оған мүше мемлекеттер 5 ГГц жиілік диапазондарын көлікте пайдалануға рұқсат етуі керек еді. АҚШ та бұл бастаманы қолдады, бірақ штаттарда 5G борт жүйелерінің жұмыс ауқымына жақын жиілік диапазонында жұмыс істегендіктен, бұл мәселе кейінге шегерілді.

2023 жылғы маусымнан бастап Еурокомиссияның шешімі сәйкес, еуропалық рейстерде әуережимді қосу талабы күшін жоюы мүмкін. Десе де алда қалай болатыны әлі белгісіз. Ал қазір ұшақта осы ережелерді айту көбіне әдетке айналып кеткен сияқты. Оған қоса бұл арқылы өзгелердің мазасын алатын “шатақ” жолаушыларды да анықтауға болады.

Factcheck.kz