OpenAI “ойлау” мүмкіндігіне ие o1 деген жасанды интеллект үлгісін шығарды. Жаңа өнім о1-mini деген арзан түрімен қатар шығады. Бұл туралы The Verge хабарлады.
OpenAI үшін 01 моделі үлкен мақсатқа апаратын үлкен қадам – адамға ұқсайтын жасанды интеллектіні ойлап табу. Тәжірибе бойынша, бұл ЖИ-үлгісі бұған дейінгі нұсқаларына қарағанда тапсырмаларды жақсы орындайды әрі кодты жақсы жазады. Бірақ ол GPT-4о-ға қарағанда баяу әрі қымбат. OpenAІ компаниясының айтуынша, о1 жасанды интеллект технологиясының енді ғана дамып келе жатқанын, алғашқы қадамының бірі екенін дәлелдейді.
OpenAI зерттеу директоры Джерри Творектің айтуынша, o1 «жаңа оңтайландыру алгоритмі және ол үшін арнайы жасалған жаңа оқу деректер жинағы арқылы оқытылды».
Бұған дейін компания ЖИ-үлгілеріне GPT шаблондарын қайталатқан болса, о1 мадақтау және жазалау принципін қолданып, мәселені өз бетімен шеше алады. Үлгі адам сияқты сауалдарды қабылдап, оны талдап, шешу үшін “ой тізбегін” қолданады.
OpenAI халықаралық математикалық олимпиаданың біліктілік емтиханында o1 үлгісін сынады: GPT-4o есептердің тек 13%-ын ғана дұрыс шешсе, o1 83%-ын шешті.
Codeforces деген онлайн бағдарламалау жарысында жаңа модель 89% көрсеткішке қол жеткізді (яғни, ол қатысушы үлгілердің 89%-нан жақсы нәтиже көрсетті – ред.) OpenAI келесі жолы модель физика, химия және биологиядан күрделі сынақтарды тапсыратынын мәлімдеді.
Дегенмен o1 GPT-4o сияқты көптеген салада әлі тиімді емес. Ол нақты әлем ақпаратымен жақсы жұмыс істемейді. Сондай-ақ оның интернетті шола алмайды немесе файлдар мен суреттерді өңдей алмайды. Дегенмен компания ода мүмкіндіктердің мүлдем жаңа деңгейі бар екенін айтады.
ChatGPT Plus және Team пайдаланушылары o1-алдын ала қарай алады және o1-mini мүмкіндіктеріне қол жеткізе алады, ал Enterprise және Edu пайдаланушылары келесі аптаның басында қызметтерді пайдалана алады. OpenAI барлық ChatGPT-ды тегін қолданатындарға o1-mini-ді қолжетімді етуді жоспарлап отыр, бірақ қашан іске асыратынын әлі айтқан жоқ.