Ұлыбританияда желідегі жазбасы үшін 3 300 адам ұсталған ба?

Желіде Ұлыбританиядағы сөз еркіндігі шектеліп жатқаны, 330 адам интернеттегі жазбасы үшін ұсталғаны туралы хабар тарады. “Проверено” басылымы фактчекерлері деректі тексеріп көрді.

2023 жылғы қаңтарда британ публицисі Константин Кисиннің TikTok-тағы ролигі миллионнан астам қаралым жинады. Онда ол: “Былтыр Ресейде әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 400 адам ұсталды, ал Британияда — 3300“, – деді. Бұл видео Twitter-де, Telegram-да, Facebook-те, , ВКонтакте желісінде тарады.

Әлеуметтік желілерде тараған бейне шынайы. Бұл — Кисиннің Аустралияның бұрынғы премьер-министрі, подкастер Джон Андерсонға берген сұхбатының үзіндісі. Эпизод Андерсонның TikTok және YouTube парақшаларына 2023 жылғы қаңтарда жарияланды. Алайда сұхбат 2019 жылы жазылған. Сәйкесінше, комиктің мәлімдемесі 2018 жылға қатысты болса керек.

Бірақ ол одан да ескі дерек болуы мүмкін. Себебі Кисиннің Ұлыбританияға қатысты айтқаны тек бір дереккөздегі — “Полиция веб-тролльдерге қарсы күресте күніне тоғыз адамды ұстап жатыр” деген мақаладағы ақпаратпен сәйкес келеді. Мақала 2017 жылы The Times газетіне шыққан, ал деректер 2016 жылға қатысты.

The Times мақаласында Ұлыбританияда бір жылда 3 300 адамның ұсталғаны жазылған. Бірақ онда жаза ретінде қамауға алынғандар емес, «Байланыс туралы» Заңның 127-бабын бұзу ісі бойынша, ұсталғандар (detained) және жауап алынғандар (questioned) туралы айтылған. Бұл заң әдепсіз, өзгені қорлайтын және қоқан-лоқы көрсететін хат, хабарлама мен мақаланы, оған қоса жалған ақпарат жариялау және тарату мәселесін қарастырады. Оған сәйкес, айыпталушыға 5 000 фунт стерлингке дейінгі айыппұл салынады немесе алты айға дейін бас бостандығы шектеледі.

Сонымен қатар The Times мақаласының авторы деректердің толық емес екенін айтады – кейбір британ полиция департаменті редакцияның сұрауына жауап бермеген. 3 395 адамға қатысты статистика 29 аумақтағы 45 департаменттен алынған дерек бойынша жасалған. Оған қоса журналист екі ірі аймақтың — Лондон мен Батыс Мидленстің дерегін жеке талдайды. Басылымның хабарлауынша, Лондон полицейлері 2016 жылы жоғарыда аталған заң аясында 867 адамды ұстаған. Алайда қамауға алынған адамдар саны күрт өскеніне қарамастан, сотқа түсетін іс саны тұрақты болған.

Ресейдің статистикасы да толық емес, себебі ол елде әлеуметтік желідегі мәлімдеме үшін арнайы қозғалған істің ресми саны жоқ. Сонымен қатар “2022 жылы Ресейде 400 адам ұсталды” деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. 411 адамның интернетте жариялаған және таратқан ақпараты үшін жауапқа тартылғанын “Агора” тобының заңгерлері 2017 жылы айтқан.

Осылайша, 2023 жылы тараған бейнеролик 2016 жылғы статистикаға негізделген. Оған қоса Ресейге қатысты мәлімдеме де шындыққа жанаспайды.

Factcheck.kz