HRW тұрмыста зәбір көрген әйелді де қамауды ұсынған депутатты сынады

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы күйеуінен зәбір көрген әйелді де қамауды ұсынған мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбекті сынға алды.

26 қыркүйекте парламенттің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресудің шараларын талқылады. Отырыста “Аманат” саяси партиясының депутаты Амантай Жарқынбек ер адам тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрсеткені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, әйелі де бірге жауапкершілікке тартылуы керек екенін мәлімдеді. Оған қоса депутат тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерді «арандатушы» деп атады.

Депутаттың мәлімдемесінен кейін халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы заң шығаратындардың, құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің және жалпы қоғамның құрбандарды кінәлайтынына, стигматизациялайтынына алаңдайтынын жеткізді.

Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі өзекті, себебі ел заңы зәбір қөргендерді тиісті түрде қорғай алмай және кінәлілерді жауапкершілікке тарта алмай отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды бірнеше рет айтқанымен, сәуірде қабылданған қарапайым заңнама өзгерістері оны жеке қылмыс ретінде қарастыра алмады.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы

Оған қоса олар ел үкіметін дереу шара қабылдауға шақырды. Ұйым Қазақстанның тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңына және Қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты “қылмыстық құқық бұзу” деп қарастыру керек екенін мәлімдеді.

Үкімет кеңінен тараған проблема туралы миф және стереотиппен күресу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуі керек. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық ісімен жүйелі түрде айналысатын, мемлекеттен қаржыландырылатын қызметкерлер – полицейлер, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті лауазымды тұлғалар құрбандармен байланыс орнату, профилактика бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес оқытылуға тиіс. Тағы бір мәрте қайталаймыз: әйелдер кінәлі емес және оларға жиі жасалатын жиіркенішті қиянаттар үшін жазаланбауы керек.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы
Factcheck.kz