Филиппин билігі Билл Гейтсті қамауға ордер шығарды ма?

Желіде Филиппиннің Манела қаласындағы ауыр қылмыстар соты миллиардер Билл Гейтсті қамауға ордер бергені туралы ақпарат тарады. Ордерді «вакцина салуға байланысты қасақана кісі өлтіргені үшін» берген-міс. Сот жергілікті прокураторының «вакцинадан кейін елде өлім-жітім көбейді» деген мәліметіне сүйеніп, шешім шығарды деседі. “Проверено” басылымы деректі тексеріп көрді.

Интернеттегі ақпарат бойынша Билл Гейтс 20 жыл және бір күнге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған қоса жазбаларда Филиппиннің бұған дейін мұндай вакцинамен күрескені жазылған. Мысалы, шамамен 1995 жылы олар абортқа арналған дәріні сіреспеге қарсы вакцинаға жасырын араластырған Юнисефтің бағдарламасынан бас тартқан-мыс.

Бұл ақпарат бірқатар жерде жарияланды (мұнда, мұнда, мұнда).

Алайда фактчекерлер сот мекемелерінің тізімін қарап, ресми сайттағы осы билік тармағы құрылымымен танысып, Филиппинде ауыр қылмыстарға қатысты сот жоқ екенін анықтады. Филиппин университетінің заң колледжі доценті Дайан Десьерто да Reuters агенттігіне мұндай органның жоқ екенін және жалпы Филиппиннің халықаралық ордер беруге құқығы жоқ екенін мәлімдеді. Оған қоса беделді филиппиндік және шетел медиасы Билл Гейтсті қамау үшін ордер берілгені жөнінде ештеңе жазбады. Миллиардердің өкілі де Reuters агенттігіне бұл қауесетті жоққа шығарды. Сонымен бірге бұл ақпаратты алғаш таратқан News punch сайты дезинформация көп таратады, сол себепті ол сенімді дереккөз емес.

Филиппинде коронавирусқа қарсы екпе саоу басқа елдердегідей мемлекеттік бағдарлама болып саналады. Оған Билл Гейтс пен оның қорының еш қатысы жоқ. Филиппинде COVID-19 вирусына қарсы вакцина 2021 жылғы наурызда салына бастады. 2021 жылғы қыркүйек пен желтоқсан аралығы елде өлім-жітім азайды. Оның үстіне кейінгі өлім-жітімнің көбеюі мен коронавирустың байланысы жоқ.

Ал Юнисефтің бағдарламасына келсек, шынымен-ақ 1995 жылы Аргентина, Боливия, Мексика, Никарагуа және Танзания сияқты елдерде “халықаралық ұйымдар таратқан сіреспеге қарсы вакцина әйелдердің ұрықтану қабілетін төмендететін затпен араласқан” деген қауесет кеңінен тарады. Дегенмен ДДСҰ пресс-релизінде бұл ақпараттың жалған екенін, ғылыми негізі жоқ екенін, вакцина сынақтан өткенін мәлімдеді. Десе де Филиппин билігі осы қауесеттен соң сіреспеге қарсы екпені уақытша тоқтатты.

Осылайша, Филиппиннің Билл Гейтсті “вакцинацияға байланысты кісі өлтіргені үшін” қамауға ордер бергені шындыққа жанаспайды.

Factcheck.kz