Билл Гейтс жасанды интеллектің дамуын тоқтатуға қатысты пікір білдірді

Жасанды интеллектің дамуын тоқтату туралы үндеулер “алдағы мәселелерді шешпейді”. Бұл туралы Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс Reuters агенттігіне мәлімдеді.

Билл Гейтс мыңнан астам ғалым мен кәсіпкердің жасанды интеллектіні зерттеуге мораторий қабылдауға шақырған ашық хатынан кейін алғаш рет түсініктеме берді.

Оның айтуынша, жасанды интелектің дамуын көптеген елде бір уақытта тоқтату қиын, сол себепті оның пайдасына назар аудару қажет.

Мен, шынымен, кімнің не деп жатқанын, қалай тоқтатуға болатынын түсінбеймін. Оның үстіне әлемдегі барлық ел оны тоқтатуға келісе ме және жалпы мұны не үшін істеуіміз керек?

Билл Гейтс

The Bell басылымының хабарлауынша, Tesla және SpaceX негізін қалаушы Илон Маск, Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Возняк және мыңнан астам кәсіпкер мен ғалым GPT-4-тен күштірек жасанды интеллект жүйелерін зерттеу үшін алты ай дүниежүзілік мораторий жариялауға шақырған ашық хатқа қол қойды.

Олардың пікірінше, жасанды интеллект модельдерінің жарысын тоқтатып, тәуелсіз сыртқы бақылау хаттамаларын жасайтын уақыт келді. Әйтпесе, адамзат адамгершілікке жатпайтын ақыл-ойдың қауіп-қатеріне тап болады.

Factcheck.kz