Аяздан қуаты таусылған электркөліктер: суретте Германиядағы кептеліс бейнеленген бе?

Желіде тасжолда тізіліп тұрған электркөліктердің суреті тарады. Онда жақында Германияда болған аяздан электркөліктердің қуаты таусылып, жолда қалған сәті бейнеленген деседі (мұнда, мұнда, мұнда, мұнда). “Проверено” басылымы фотоны тексеріп көрді.

2023 жылы 2 желтоқсанда Германияның оңтүстігін қалың қар басып, көлік апаты болды. Ауа райына байланысты аймақта әуе қозғалысы тоқтады, Мюнхенге барып-келетін пойыздар кешігіп, тоқтап жатты, қоғамдық көліктер аз жүре бастады. Ауа райы қолайсыз болғанынан Чехия, Аустрия, Швейцария сияқты көршілес елдер де зардап шекті. Мысалы, Чехияның Прага қаласы мен Брно арасындағы D1 деген негізгі автожолда апат болып, жолда жүк көліктері тоқтап, 20 шақырымға созылған кептеліс пайда болды. Праганы Германиямен байланыстыратын D5 тас жолында да кептеліс болды. 3 желтоқсан түнде бұл өңірде ауа температурасы -17°C-қа дейін түсті.

Дегенмен фактчекерлер немістің беделді медиасынан не еуропалық басылымнан аяздан электркөліктердің қуаты бітіп, жүрмей, кептеліс тудырғаны туралы ақпарат таппады.

Шын мәнінде, бұл суреттің Германияға еш қатысы жоқ. Оны 2011 жылғы 2 ақпанда Associated Press агенттігінің фотографы түсірген. Онда АҚШ-тың Чикаго қаласындағы қар бораны кезі бейнеленген.

Электркөліктің басқаларға қарағанда суыққа қатты төзімді емес екені рас, себебі оның аккумуляторы температура төмен кезде баяу істейді. Дегенмен фактчекерлер суреттің 12 жыл бұрын түсірілгенін анықтаса да, ондағы көліктердің қуаты таусылып-таусылмағанын растайтын дерек таппады.

Factcheck.kz