Әдеби журналдарға жасанды интеллект көмегімен жазылған проза жіберушілер көбейді

Америкалық әдеби журналдарға жасанды интеллектің көмегімен жазған әңгімелер жіберетін авторлар көбейді. Бұл туралы The Verge хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, Asimov’s Science Fiction журналының редакторы Шейла Уильямс айына түрлі автордың жүздеген әңгімесін оқып шығады. Қаңтардың басында Уильямсқа бір автор “Соңғы үміт” деген әңгімесін жіберген. Бір аптадан соң тағы бір басқа автор дәл осы атаумен әңгіме жолдаған. Мұндай жағдай бірнеше мәрте қайталанғандықтан редактор істе шикілік бар екенін түсінген.

Уильямс “Соңғы үміт” атауымен жалпы 20 әңгімені оқып шыққан. Редактор оның барлығы жасанды интеллект арқылы жазылған деп есептейді.

Журнал қаңтарда 900 әңгіме тексерген, ал ақпанда оның саны 1 000-ға жетуі керек. Уильямстің сөзінше, әңгіме жолдаушылардың көбеюін жасанды интеллект мүмкіндігімен байланыстыруға болады. Десе де редактор жасанды интеллектің көмегімен жазылған әңгімені бірінші жолдан-ақ ажырата алатынын айтады. Мысалы, әдетте жасанды интелллект арқылы жазылған әңгімелердің атауы, кейіпкерлерінің есімі ұқсас.

Сонымен қатар материалда өткен аптада танымал Clarkesworld журналының жасанды интеллект көмегімен жазылған жұмыстың көптеп жіберілуіне байланысты өтінім қабылдауды тоқтатқаны туралы жазылған. Ал Flash Fiction Online журналы 14 ақпанда өтініш формасына ескерту қосты. Олар онда ChatGPT тілді модельдеу бағдарлама құралы, жасанды интеллект чат-боты және кез келген қолданба арқылы жазылған немесе жасалған деп күдіктенетін материалдарды жарияламауға құқығы бар екенін мәлімдеді.

Контекст

Ақпанның ортасында Amazon Kindle дүкенінде ChatGPT чат-боты көмегімен жазылған 200 электрон кітап сатылымға шықты. 

Factcheck.kz