Amazon дүкенінде ChatGPT көмегімен жазылған кітаптар сатыла бастады

Ақпанның ортасында Amazon Kindle дүкенінде ChatGPT чат-боты көмегімен жазылған 200 электрон кітап сатылымға шықты. Бұл туралы Reuters жазады.

Каталогта “ChatGPT көмегімен қалай контент жазуға және жасауға болады?” деген кітап та бар. Оған қоса жаңа жанрдың түрі пайда болған: чат-боттың өзі ChatGPT-ді пайдалану туралы жазған кітаптар да сатылымда.

Материалда Нью-Йорк штатындағы сатушы Бретт Шиклер мысалға келтірілген. Сатушы бұрыннан жазушы болуды армандаған, бірақ қолынан келмейді деп ойлаған. Дегенмен жақында ол чат-бот арқылы өзінің авторлық кітабын жазып шыққан.

Шиклер чат-бот көмегімен бірнеше сағат ішінде 30 беттік иллюстрацияланған балалар кітабының электрон нұсқасын жазып, оны Amazon дүкеніне сатылымға шығарған. Оның кітабы емен жаңғағына инвестиция салып, байып кететін Сэмми деген тиін туралы. “Ақылды кішкентай тиін: жинақ пен инвестиция туралы оқиға” деп аталатын еңбекті Amazon Kindle дүкенінен электрон нұсқасын 2,99 долларға, қағаз нұсқасын 9,99 долларға сатып алуға болады.

Қаңтардан бері Шиклер кітаптан кемі 100 доллар табыс тапты. Қаражат аз болса да, америкалық жазушыға ChatGPT көмегімен басқа да кітаптар жазуға шабыт сыйлауы әбден мүмкін.

Factcheck.kz