Кремль пропагандасындағы шетел сарапшылары кім және немен айналысады?

Пропагандасындамен айналысатын ресейлік медиада Кремльдің ресми көзқарасын қолдап, ұжымдық Батысты, оның ішінде өз елдерін де сынға алатын шетелдік сарапшылар мен журналистердің пікірі жарияланып тұрады. Ол, әдетте, сюжетке сендіру үшін қолданылатын тәсіл. Егер белгілі бір идеяны өз мемлекеті ғана емес, ақпараттық соғыс жүріп жатқан елдердің өкілдері де қолдаса оқырман — оған тез сенеді.

Біз бұған дейін Йохан Бекман есімді азаматты талдадық. Ол – Хельсинкий университетінің бұрынғы доценті. Кремльдік медиа оны ДХР мен ЛХР-дің Финляндиядағы ресми өкілі деп таныстырады. Ал Финляндия үкіметі Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін мойындамайды, яғни ол өңірлерден қандай да бір ресми өкілді қабылдамайды.

Бұл материалда біз өздерін тәуелсіз деп таныстырып, шын мәнінде кремль пропагандасымен айналысып жүрген бірқатар Батыс сарапшысы мен журналисіне тоқталдық. Кейіпкерлеріміздің кейбірі туралы басқа елдердегі фактчекер әріптестеріміз жазған. Біз ең қызықтыларын жинап, қосымша ақпаратпен толықтырдық.

Джордж Элайсон

2022 жылдың сәуірінде RT (Russia Today) Documentary Украинадағы соғысты насихаттайтын деректі фильмді жарыққа шығарды. Үзінділердің бірінде америкалық журналист деп таныстырылған Джордж Элайсон (кей деректерде Илаясон) есімді адам Украина әскерінің әрекетін Ирак және Шам ислам мемлекетінің (ИГИЛ, Қазақстанда тыйым салынған ұйым) айуандығымен салыстырды. Үзіндінің танымал боп кеткені сонша, көптеген ресейлік медиа мен танымал адамдар бөлісті.

Джордж Элайсон 2010 жылдардың басынан Луганскіде тұрады, бұл туралы ол Репрессиямен күрес қорына берген сұхбатында айтқан. Әлеуметтік желілердегі парақшаларынан байқағанымыз (Вконтакте — мында және мында), Одноклассники, Facebook) ол деректі фильмде ағылшын тілінде сөйлегенімен (субтитр арқылы аударылған), орыс тілін жақсы біледі. Ұлттық қауіпсіздікке қарсы қылмыстарды зерттейтін Миротворец украиналық орталығының дерегі бойынша, журналист үйленген. Жары – Луганск тұрғыны Ольга Илаясон (ОК.ru-да көрсетілген тегі).

Кремль пропагандасындағы шетел сарапшылары кім және немен айналысады?
Джордж Элайсон қатысқан RT Documentary фильмінен кадр

Одан бөлек, Элайсон 2018 жылы Луганскідегі сайлауда тәуелсіз бақылаушы болған. Кейінірек еуропалық демократиялық сайлау платформасы (EPDE) оны заңсыз бақылаушылар тізіміне енгізді. Бұл тізімнің қатарында жоғарыда жазып кеткен кремльшіл белсенді Йохан Бекман да бар. EPDE сайлаудың өзін де мойындаған жоқ.

Биыл 27 қаңтарда, Украинаға басып кіру басталмай тұрып Джорж Элайсон Modern Diplomacy деп аталатын күмәнді басылымға (иелері мен редакция туралы ақпарат жоқ) жазған мақаласында (стилі мақала дегеннен гөрі әлеуметтік желідегі постқа көбірек ұқсайды) Украина шекарасына Ресей әскерін жинауға алаңдаудың қажеті жоқ екенін жазған.

Бір қызығы, біз зерттеген шетелдік кремльшіл сарапшылар қастандық теорияларына сенеді. Кейбірі тіпті сол арқылы мансабын жасап алған. Элайсон да солардың қатарында: 2019 жылы New York Times «Ақ үйде Украина туралы конспирологиялық теориялар қалай пайда болды» деген мақала жариялап, оның шығуын Джордж Элайсонмен байланыстырды. Себебі ол 2016 жылы АҚШ-тағы сайлау кезінде ресейлік кибершабуылдарды әлдебір украиналық олигарх Ресей мен Батыстың арасын нашарлату үшін қаржыландырды деген ойды айтып жүрді. Болжам бойынша мұндай әрекет Дональд Трамп жеңіске жеткен 2016 жылғы сайлауға Ресей араласты деген қауесетті жою үшін істелді.

Джорд Элайсон туралы Factcheck.ge әріптестеріміз де жазған. Оқып шығуға кеңес береміз.   

Патрик Ланкастер

Патрик Ланкастер өзін тәуелсіз журналист деп таныстырады, 2014 жылдан бері ДХР-да тұрады. Әйелі — Донецк тұрғыны Ольга Ланкастер (ВКонтакте әлеуметтік желісінде Астанина деп тұр). Патрик Украинаның басып алынған аймақтарынан репортаж жасап танылған. Репортаждарында ол Ресей әскерімен бірге зардап шеккен тұрғындарға көмектеседі: азық-түлік, дәрі-дәрмек апарып беріп, сұрақтар қояды.

Патриктің ең шулы видеосы — Мариупольдегі айқастан кейінгі зардапты бейнелеген түсірілімі. Ол 18 сәуір күні жарияланған. Автор сюжетте қираған қаланы аралап, өлген адамдардың мәйітін көрсетеді. Сондай-ақ тағы бір видеосы Украинаға Ресей әскері басып кірерден бірнеше күн бұрын түсірілген. Онда Донецкінің үш азаматы бар көлікті біреулер жарып жібергенін айтқан. Ол туралы сәл кейінірек сөз қозғаймыз.

Қазір оның YouTube арнасында 500 мыңнан аса жазылушы бар. Оның негізгі бөлігі 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіру басталғаннан кейін келді. Оның видеосының барлығы (кейбірін ескермегенде) Украина туралы. Ол видеоларында идеология жағынан Кремльге жақын көзқарас білдіреді.

Кремль пропагандасындағы шетел сарапшылары кім және немен айналысады?
Патрик Ланкастер

Журналист Александр Лукьяновқа берген сұхбатында және өзінің LinkedIn
парақшасында Ланкастер The Guardian, Associated Press, Reuters және Spiegel сынды халықаралық медиамен жұмыс істедім дейді. Бірақ біз бұл ақпаратқа дәлел таппадық. Аты аталған басылымдардың сайтынан кілт сөздер бойынша іздеу еш нәтиже көрсетпеді. Жалғыз тапқанымыз — Skynews-та 2015 жылы жарияланған мақала. Жалпы Ланкастердің есімі тек өзінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен кремльшіл медиада кездеседі. Ланкастер америкалық ультраоңшыл, конспирологиялық теорияларға маманданған Infowars ресурсына пікір беру арқылы танымалдылығын арттырды.

GRID басылымының талдауы бойынша, Ланкастердің бір видеосы жай ғана қойылым. Әңгіме 2022 жылдың 22 ақпанында, Ресей әскері Украинаға басып кірердің алдында Донецк аумағында үш адамы бар көліктің жарылғаны туралы оқиға орнынан түсірілген репортаж туралы болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Ланкастердің өтірігін видеоның сапасы мен жақыннан түсіргені әшкерелеп берген. Онда мерт болған адамдардың денесі жарылыстан емес, одан бұрын басқа нәрседен зардап шеккені байқалады. Жарылыс құрбандарын зерттеуге маманданған патологоанатом Виктор Виднның айтуынша, жақыннан түсіргенде жолаушылардың бірінің бас сүйегінің жоғары жағында тілінген жер анық көрініп тұр. Мұндай тіліктің ізін тек сүйекке арналған арамен қалдыруға болады. Паталогоанатомдар әдетте мәйітті сою кезінде миға жету үшін бас сүйектің жоғарғы жағын тіледі. Сондай-ақ бас сүйек жағында оқтан қалған кішігірім тесік көрініп тұр. Виднның айтуынша, құрбандар жарылыстан емес, ол оқиғаға дейін басқа себептен қайтыс болған. Кейін олардың денесін мәйітханадан шығарып, автокөлікте өртеген.

Bellingcat сарапшылары да осыған ұқсас қорытындыға келді. Олар «құрбандардың» денесінен хирургиялық қайшының іздерін анықтаған, ол жарылыстан алған жарақат болуы мүмкін емес. Bellingcat негізін қалаушы Элиот Хиггинс Ланкастерді «пайдалы есуас» деп атады. Себебі осындай адамдардың арқасында зерттеушілер ресейлік пропагандистерді әшкерелеп, олардың репортаждарының жалған екенін әлемге көрсете алады.

Гонcало Лира

Бұған дейінгі айтқан пропагандашылардың қандай да бір журналистік не әскери бэкграунды болса, Гонсало Лира коучиң саласынан келді. Лира қазіргі мансабына дейін маносфераның, яғни феминизм келгелі ер адамдардың құқы аяққа тапталатын болды деген пікір жақтаушыларының танымал идеологы еді. Ол ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желілерде Coach Read Pill деген лақап атпен сексистік ұсыныстар айтып жүрді. Мәселен, бірде ол жазылушысының «егер кездесіп жүрген қызым вакцина алса не істеу керек» деген сұрағына «Екпе алған әйел пайдасыз, ол тек сперманы тастайтын қоқыс жәшігі ғана бола алады» деп жауап берген. Лираның бұлай деуіне вакцина бедеулікке әкеп соғады деген қастандық теориясына сенуі себеп болса керек.

Вестфилд мемлекеттік университетінің қылмыстық сот төрелігі профессоры және радикал оңшыл топтар бойынша сарапшы Джордж Майкл The Daily Beast басылымына берген сұхбатында Лираның қаржы сауаты сынды кейбір контентінен ақылға қонымды кеңестер алуға болатынын айтады. Алайда әлеуметтік желілердегі маргинал топтардың қызметін зерттеуші Мануэль Рибейроның айтуынша, коучтің контентінің көп бөлігі гендер мен қоғамға деген ескі көзқарас пен «эволюциялық психологияның күмәнді интерпретацияларына» негізделген мизогиниядан тұрады.

Ондаған жыл бойы маносферада әйелдерге манипуляция жасау бойынша стратегия жасайтын жеке-жеке топтар құрылып келді. Бұл топтар бір-бірін жау көргенімен, олардың негізгі пікірі ортақ: «цисгендер еркектер феминизм мен заманауи қоғамнан зардап шекті». Зерттеулер көрсеткендей, кейінгі жылдары мұндай топтардың танымалдығы артып келеді.

Ресей Украинаға басып кіргелі Лира қарым-қатынас тақырыбын қозғауды қойды, Coach Red Pill атты Youtube-арнасын тастап, жаңа арна ашты. Онда әлемдегі саяси жағдайға қатысты пікір айтып отырады. Қазір бұл азаматтың екі арнасы бар: бірінде материал жазылған уақытта 98 мың жазылушы болса, екіншісінде – 149 мың жазылушы. Бір қызығы, Гонсалоның пікірін кремльшіл медиа  жиі жариялап отырады. Мәселен, ИноСМИ ресурсы оның «АҚШ Польша мен Литваны Ресейге айдап салуға тырысып жатыр» деген пікірін бөлісті. «Война с фейками» жалған фактчек жобасы Гонсалоны «Киев режимінің айуандығын» айтудан қорықпаған «танымал журналист» деп таныстырады. Бірінші арна америкалықты Украинада тұратын және не болып жатқанын айтудан қорықпайтын «тәуелсіз бақылаушы» деп атайды.

26 наурыз күні Лира өзінің Twitter-дегі аккаунтында (қазір бұғатталған) егер 12 сағаттан артық байланысқа шықпаса оны Украина қарулы күштері ұрлап кетіп, тұтқында ұстап отыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Үш апта өтпей, 15 сәуір күні блогердің әлеуметтік желілері тынышталып қалды. РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарова бірден оны тұтқынға алды деп болжады. Украина қарулы күштері Лираны өлтіріп тастады деген пікірлер де болды, бірақ бір аптадан кейін, яғни 22 сәуірде ол қайта байланысқа шығып, ноутбугы мен телефонын тартып алғанын, бірақ физикалық тұрғыда зардап шекпегенін мәлімдеді. Бұл жаңалық орыстілді кремльшіл медиада тез тарады.

Мотивация: идеология, танымалдық, ақша

Оңшыл радикал қозғалыстарды зерттеушілер әлемдегі консерватив топтың кейбір өкілдері Кремль идеологиясын қолдайтыны таңқаларлық жаңалық емес деп санайды. Путин әкімшілігі көп жыл бойы «дәстүрлі» құндылықтарды насихаттап, оны жағымсыз маскулинизация мен дін туралы бұрмаланған көзқараспен араластырды. Мысал ретінде Путиннің жалаңаш денемен аюға мінген танымал суреті мен РФ-ның «ЛГБТК+ пропагандасына» тыйым салу туралы ресми заңы және діншілдердің сезімін қорлауды келтіруге болады.

Атлантикалық кеңестің цифрлық криминалистикалық зерттеулер зертханасының ішкі экстремизмді зерттеушісі Джаред Холт The Guardian-дағы мақаласында Ресейдің Украинаға басып кіруін оңшылдардың едәуір бөлігі неге қолдағанын түсіндірді: «Жалпы идея мынада – Батыс Еуропа мен Американың әсерінен Украинада адамгершілік құлдырап жатқан, Батыс қоғамына тән көзқарас белең алған ортаға айналып бара жатты. Бірақ авторитарлық типтегі күшті адам бейнесіндегі Путин осы процесске араласты, бұл өте дұрыс деп бағаланды».

Шетелдіктердің Кремль пропагандасымен айналысуының екінші себебі — әдеттегі трафик қуу және соған сай табыс, танымалдығын арттыру. Social Blade ресурсының мәліметі бойынша, Гонсало арнасының танымалдығы 2022 жылдың наурызында бірден өсті. Оған дейін арна ұзақ уақыт бойы тоқырауда болған.

Кремль пропагандасындағы шетел сарапшылары кім және немен айналысады?
Gonzalo Lira бірінші YouTube-арнасының статистикасы

Дәл осындай заңдылықты біз Патрик Ланкастерден де байқадық

Кремль пропагандасындағы шетел сарапшылары кім және немен айналысады?
Patrick Lancaster YouTube-арнасының статистикасы

Джорд Элайсонның жазылушысы аса көп емес, бірақ өсу қарқыны сондай

Кремль пропагандасындағы шетел сарапшылары кім және немен айналысады?
GH Eliason YouTube-арнасының статистикасы

GRID журналисі Джейсон Паладино zaborona-ға берген сұхбатында пропаганда қаржы жинауға арналған платформалар арқылы табыс әкеледі деп болжап отыр. Әдетте мұндай тәсілді осы секілді журналистер пайдаланады. Сондай-ақ ол Украинаның шығысындағы фрилансер-журналистермен ресейліктер байланысқа шығып, ақша ұсынатынын біледі. Бұл әрекет нақты бір пропагандашыларға қайдан қаржы түсіп тұрғанын анықтауға кедергі келтіреді.

Паладино Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ланкастердің аудиториясы айтарлықтай өскенін атап өтті. Сол себепті көптеген көрермен арнаға қаржылай қолдау көрсететінін болжауға болады. Қаржылай қолдау көрсетуге арналған парақшаға сілтеме оның Youtube-арнасында көрсетілген, бірақ мақала жазылып жатқан сәтте жұмыс істемеді. Одан бөлек журналист әр видеосының астында және әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында оқырмандарын өзінің Сбербанк картасына ақша жіберуге шақырады. Желіде Ланкастер өзін «тәуелсіз краудфандиң журналист» деп атайды. Мұны растау не жоққа шығару мүмкін емес, себебі оның табыс көзі туралы толық ақпарат жоқ.

Джордж Элайсонның да қалай және қанша табатыны туралы ақпарат аз. Бізге оның Paydesk сайтында парақшасы бар екені, яғни оны фрилансер ретінде жалдауға немесе «брондауға» (спикер ретінде) болатыны белгілі. Гонсало Лираның табысы туралы ақпарат одан да аз. Материалдың үш кейіпкері де Youtube-арналарының монетизациясы арқылы табыс табады деп ойлаймыз. Social blade бағалауынша, Гонсало Лира (мақала жазылып жатқан сәтте) Youtube-тен бір айда 4,2 мың АҚШ долларын табады, Патрик Ланкастер — 3 мың долларға дейін кіріс кіргізсе, Джордж Элайсонның табысы — 46 долларға жетеді.

Factcheck.kz