Фактчек | Ресей билігі Байқоңыр тұрғындарына РФ паспортын таратып жатыр

7 ақпан күні MAITANOV_online Telegram-каналы оқырмандарына сілтеме жасап Байқоңыр қаласы тұрғындарына Ресей Федерациясы паспортын жаппай таратып жатқаны туралы хабарлама жариялады. Мәтінде Ресейдің Алматыдағы консулдығы «Байқоңыр тұрғындарынан ата-анасының бірі ресейлік, екіншісі шетелдік болатын балаларға Ресей азаматтығын бергелі жатқаны» айтылған. Мәтінге консулдық құжаттары мен адам аттары тізімінің скриншоты тіркелген. 

Бірнеше қазақстандық баспасөз құралы жаңалықты кейбір өзгерістермен жариялады (12).

Фактчек | Ресей билігі Байқоңыр тұрғындарына РФ паспортын таратып жатыр
Arbat Media скрині

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалық шындыққа жанасатынын анықтады. 

Үкім: Манипуляция (кликбейт) және шындық  

Манипуляция неде: Материал тақырыптарында хабарлама мәтініндегі ақпарат бұрмаланған, бұл оқырмандардың ақпаратты дұрыс түсінбеуіне әкеледі. Консулдықтарда азаматтықты өзгертуге қатысты өтініш қабылдау — қалыпты процедура. Тіпті, мәтінде ата-ананың бірі Ресей азаматы саналатын балалар туралы және РФ-қа федералды мәні бар, яғни, Ресей заңнамасы жүретін қала статусы бар Байқоңыр туралы айтылған. Заң тұрғысынан алғанда бұл жағдайда ешқандай заң бұзушылық жоқ.

Шындық неде: Консулдықтың РФ азаматтығына көшпелі қабылдауы расымен 2023 жылғы 19-20 ақпанда болады. Бұл туралы Байқоңыр қаласы әкімшілігінің ресми сайтында хабарланған.

Ресей заңы бойынша, бала РФ жерінде дүниеге келсе, ата-анасының бірі РФ азаматы болған жағдайда Ресей азаматтығын алуға құқылы. 

ҚР 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімді бекіту туралы» № 329 заңына сәйкес, Байқоңыр қаласы Қазақстан Республикасының жалдауға берілген әкімшілік-территориялық бірлігі саналады. «Байқоңыр» кешенін жалға алу кезеңінде Байқоңыр қаласы Ресей Федерациясының федеративті мәні бар қаласы статусын алады. 

Байқоңыр тұрғындарына Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін берілетін төлем

Осы материал дайындалып жатқанда, 2023 жылғы 14 ақпанда баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде Байқоңыр қаласы тұрғындарына Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысқаны үшін төлем (260 мың рубль) жасалатыны туралы хабарлама шықты. Бұл жоғарыда қарастырылған тақырыпқа ұқсас болғандықтан, осы фактчек аясында оны да тексеріп көрдік. 

Үкім: Шындық

«Байқоңыр» кешені прокуратурасының сайтында расымен Байқоңыр қаласында тұратын мобилизацияланған азаматтар мен еріктілерге 260 мың рубль көлемінде бір реттік төлем жасалатыны айтылған хабарлама шыққан. Жаңалық баспасөз құралдарында тарап, қоғамда резонанс тудырғандықтан, қала әкімшілігі бұл жарлық Байқоңыр қаласында тұратын Ресей азаматтарына ғана қатысты екенін нақтылады.

Factcheck.kz