Ресейлік пропаганда Б. Гейтстің Украинадағы коррупция туралы сөзін қалай бұрмалады?

23 қаңтарда Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс Сиднейде (Аустралия) орналасқан Лоуи Институты аналитикалық орталығында қонақ болып, сұхбат берді. Әңгіме барысында, әлемдік деңгейдегі проблемалар мен Ресейдің Украинаға басып кіруі талқыланды. Кейін желіде (1, 2, 3, 4, 5) “Гейтс сұхбат барысында соғысқа дейінгі Украина үкіметін әлемдегі ең нашар ел“, “соғысқа дейінгі Украина билігі ел халқын бақытсыздыққа әкелді” деген мазмұнмен ақпарат тарады.

Factcheck.kz ресейлік медиа мен желіде тараған ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Гейтс Украина үкіметінің жемқорлығы халықты бақытсыздыққа әкеліп жатыр деп санайды.

Ресейлік медиада тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция

Расымен Билл Гейтс Украинаның қиын жағдайда екенін және перспективасы көп мемлекет екенін айтқан. Алайда ресейлік пропаганда оның соғысқа дейінгі Украина билігі туралы мәлімдемесін бұрмаланған.

Толығырақ…

23 қаңтардағы сұхбат барысында Гейтспен әлемдік деңгейдегі проблемалар мен Ресейдің Украинаға басып кіруі талқыланды. Орталықтың атқарушы директоры Майкл Фуллилав Гейтске былай сұрақ қойды:

Зеленскийдің көшбасшылығы, елді басқаруы мен еліне түскен сынақты әлемге жылдам жеткізе алуы таңқалдырады. Бұдан басқа да тауқыметті осылайша әлем назарына ұсыну туралы сабақ ала аламыз ба?

Майкл Фуллилав

Гейтс былай жауап берді:

Оның [Зеленский-ред.] елді күресу үшін біріктіре алғаны таңқалдырды. Адамдар Украина Ресейдің басқыншы әрекетіне қарсы сәтті күреседі деп күтпеді. Шынтуайтында, Ресей бәрі ойлағандай емес, әлсіз әрі дәрменсіз болып шықты, ал Украина әлдеқайда мықтырақ. Соғысқа дейінгі украиналық үкімет жемқорлар жайлаған және бірнеше бай адамдармен басқарылған әлемдегі ең нашар елдің қатарында болды. Расында да Украина халқы үшін өте ауыр жағдай. Украинадағы ауыл шаруашылығына арналған жерлері АҚШ-қа қарағанда жақсы. Бұл Еуропаның нан себеті. Оның [Украина-ред.] орналасқан жері керемет. Соғыстан кейін қалпына келген кезде алдымен Шығыс Еуропалық стандарттарға, кейін ақырындап еуропалық стандарттарға сәйкес келеді деп үміттенеміз. Тұтастай алғанда, перспективасы көп ел, бірақ, сонымен бірге, құлдырап жатыр және бұл соғыстың қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді.

Билл Гейтс

Яғни, ресейлік пропаганда сұхбат мазмұнын бұрмалаған. Билл Гейтс соғысқа дейінгі үкіметті айтқан. Ресей Украинаға басқыншылық саясатын 2014 жылы ақпанда бастап, сол жылы наурыздың 18-інде Қырымды аннексиялады.

Гейтс Виктор Янукович тұсындағы ел үкіметі жайлы айтқан. Себебі Янукович кезінде билік бірнеше олигархтың шоғырлануымен сипатталған. Осының салдарынан елде революция болып, үкімет ауысты.

Ал ресейлік пропаганда Ресейдің басқыншы саясатын, яғни, соғысты, “арнайы операция” деп өзгертіп, Гейтс дәл солай айтқандай етіп, оқырмандарды шатастырған. Тіпті, кейбір ресейлік медиа Украинаның мықтырақ болғаны жайлы, Ресей әскері әлсіз әрі дәрменсіз екенін айтқан жерін материалдарына қоспаған. Яғни, тек Украинадағы жемқорлық туралы сөзін жазылып, контестен жұлынған.

Контекст

  • Transparency International халықаралық ұйымының 2021 жылғы жемқорлық индексінде Украина Ресеймен салыстырғанда жоғары орналасқан. Украина 180 елдің арасында 32 ұпаймен 122-орында, ал Ресей 29 ұпаймен 136-орында.  
  • Тізімге енген 180 елдің арасынан Қазақстан 37 ұпаймен Гамбия және Шри-Ланкамен бірге 102-орында. Ал, 2020 жылғы рейтиңде Қазақстан 38 баллмен 94-орында болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz