Киевте «жесірлер маршы» өтіп, оны биліктің жасырып отырғаны рас па?

14-16 қаңтарда ресейлік баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде Киевте «жесірлер маршы» өткені туралы хабарламалар тарады. Ақпарат «Украина билігі жоғалғандар мен тұтқынға түскендердің туыстарының биліктен көмек сұрап акция өткізгенін айтпай отыр» (мына жерде) дегеннен «Отбасыларға қаржылай өтемақы төлемей, адам шығыны санын азайтып көрсету үшін Зеленский режимі қаза тапқандардың көбін «із-түзсіз жоғалғандар» деп тіркегеніне қарсы «жесірлер маршы» акциясы» өтті» (мына жерде) дегенге дейін барды. 

Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы «Киевте «жесірлер маршы» болды ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрді. 

Үкім: Манипуляция

14 қаңтарда Киевте расымен акция өткен, бірақ ол «жесірлер маршы» емес, әскери тұтқындар мен із-түзсіз жоғалғандардың туыстарының митиңгі болған. Қатысушылар жақындарын «бәрін бәріне [айырбастау]» схемасымен үйге қайтаруды талап еткен. Украина президенті кеңсесі қаза тапқандар туралы ақпаратты жасырады деген сын айтылмаған, митиңге шыққандардың транспаранттарында да ондай болмаған. 

Украина баспасөз құралдарында митиң туралы көп айтылмаған, бірақ бұл «билік айтпай отыр» деген тезиске дәлел бола алмайды. 

«Жесірлер маршы» сөз тіркесі оқырмандарға із-түзсіз жоғалғандар мен қаза тапқандарды теңестіріп көрсетіп тұр. Сонымен қатар өтемақы төлемес үшін қаза тапқандарды із-түзсіз жоғалғандар деп тіркеп жатқаны туралы дәлелсіз мәлімдеме расымен болған факт ретінде келтірілген. 

Толығырақ: митиңде не болды

5UA каналы хабарлағандай, халық «украиндар үйінде болуы керек» екенін әлімнің есіне түсіру үшін елдің түкпір-түкпірінен жиналған. Сюжетте туыстары расымен із-түзсіз жоғалғандар қатарына қосылған бірнеше адамның пікірі де бар: 

Олар мемлекетімізді қорғады. Оларды міндетті түрде үйге қайтару керек. Тоғыз ай бойы ештеңе білмеу – әйелдер үшін, атааналар үшін, балалар үшін өте ауыр. 

Алена, із-түзсіз жоғалған әскери қызметкердің әпкесі

Маған Сашаның анасы Людмила хабарласып, 19 желтоқсанда жігіттердің ізтүзсіз жоғалғанын хабарлады. Бірнеше рет командирге, командир орынбасарына телефон шалдым. Күтіңдер деді. Содан кейін командир орынбасары оларға ізтүзсіз жоғалғандар статусы берілгенін айтты. 

Ирина Таранова, із-түзсіз жоғалған әскеридің анасы

Әйелдердің сөзінен туыстарын қаза тапқан адам санамайтынын, олардың үйге оралғанын күтетінін, әрине, мемлекеттің бұған көмек қолын созатынына үміттенетінін байқауға болады. 

[Бәлкім] кездейсоқ видеолардан «Оларды (әскери қызметкерлерді)  үйге қайтарыңдар, «Бәрін бәріне айырбастаңдар», сонымен қатар «Батырлар жасасын!» және «Батырларға еркіндік берілсін» деген ұрандар естіледі. Желідегі қолжетімді роликтерден әскерилердің отбасылары биліктен «із-түзсіз жоғалғандарға және әскери тұтқындарға» ерекше назар аударуды талап етіп жатқанын байқауға болады. Бірақ аудио мен видео материалдарда «президент кеңсесі қаза тапқандарды із-түзсіз жоғалды деп тіркеп жатыр» деген айыптаулар жоқ.

Жалған ақпарат көздері

Кілт сөздермен іздеу мұндай хабарламалардың тарау және қаралу көрсеткіші 14-15 қаңтарда өршігенін, дереккөздердің бәрі Ресейде, ал ақпараттың тілі орысша екенін көруге болады. Украина тіліндегі сегментте бұл жаңалықты «акція протесту» деп іздеп қана таба алдық. Табылған материал аз болды. Оны кремльшіл ресурстар ақпарат кеңістігін «Украина билігі не жасырып отыр?» деген сұрақпен толтырып, өздерінше түсіндірмек болған (123456).

Танымал ресейлік баспасөз құралдары да тақырыпты назарға алмаған. Ақпараттық шу жасауға тырысып жатқандардың көбі визуал контент мүлдем қолданбаған не анық емес фото, дыбыссыз видео пайдаланған.  Украинада «айтылмай жатқан» акцияның сапалы суреттері мен видеосын 5UA және Суспільне новини, сонымен қатар Youtube желісінен табуға болады. 

Оқи отырыңыз

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz