Мыңнан астам ресейлік қазақ қандас мәртебесін алған

2022 жылғы 1 қаңтар мен 18 қазан аралығында Ресейден келген мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Оның 592-сі — 21 қыркүйекте Ресейде мобилизация жариялағаннан кейін қоныс аударғандар. Бұл туралы Азаттық Радиосына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

LS басылымының мәліметінше, Астрахан, Орынбор, Омбы, Саратов, Волгоград, Челябі, Түмен облыстарынан оралған қазақтың көбі Астана (320 адам) мен Батыс Қазақстан облысы қалаларына (109 адам) көшкен.

Цифрлық даму министрлігі де Астана, Алматы, Орал және Ақтөбе қалаларының қызмет көрсету орталықтарында қандастарға ЖСН, жеке куәлік, тұрақты тұруға рұқсат құжаты, қандас мәртебесі сияқты мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін тест режимінде жеке терезелер іске қосылғанын хабарлады.

Ішкі істер министрлігі хабарлауынша, 21 қыркүйектен бері 2 177 шетел азаматы тұрақты тұруға құжат тапсырған. Оның ішінде 998-і — ресейліктер. Ал ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) алуға 200 мыңға жуық шетел азаматы өтініш берген.

21 қыркүйектен кейін 1 398 шетел азаматынан, оның ішінде 221 ресейліктен Қазақстан азаматтығын алуға өтініш түскен.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 14 715 адам қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері елге 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралған.

Factcheck.kz