Ресейде мобилизациядан жалтаруға қатысты алғашқы іс қозғалды

Ресейдің Пенза қаласында мобилизация бойынша алғашқы қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы “Агора” құқыққорғау ұйымының басшысы Павел Чиков хабарлады.

Павел Чиковтың айтуына қарағанда, ОМОН қызметкерлері 32 жастағы күдіктіні әскери комиссариаттың шақырту қағазына қол қоюдан бас тартқаны үшін күшпен ұстап әкеткен. 5 қыркүйектегі дерекке сүйенсек, оның уақытша тергеу изоляторында отырғанына екі тәулік болған.

Істі Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 328-бабы бойынша Зареченск ауданаралық тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Алайда Чиков Ресей жоғарғы сотының түсініктемесіне сәйкес, жалтару туралы бап тек шұғыл әскери қызметке барудан бас тартқандарға қолданылуы керек екенін айтады. Ал мобилизация бұл санатқа жатпайды.

Күдіктінің адвокаты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы өтініш берген.

Factcheck.kz