Байден Израиль президентімен кездескенде ұйықтап қала жаздады ма?

Желіде АҚШ президенті Джо Байденнің Израиль президенті Ицхак Герцогпен кездесуінің видеосы тарады. Роликте Байден сөйлегенде басын төмен қаратып, көзін жұмып отырғандай көрінеді. Оның үстіне, ол сөзін есіне түсіре алмай жатқандай, кібіртіктейді. Осыдан кейін бірқатар ресейлік медиа мен ағылшын тіліндегі сегментте “Байден кездесуде сөйлегенде ұйықтап қала жаздады” деген ақпарат жарияланды (1, 2, 3, 4, 5, 6).

Байден Израиль президентімен кездескенде ұйықтап қала жаздады ма?

Factcheck.kz деректі тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

Алайда Байден видеода ұйықтап отырған жоқ. Видеоның толық нұсқасын басынан бастап көрсеңіз, оның жай ғана қолындағы жазбаға қарап отырғанын байқауға болады.

Google іздеу жүйесіне “Biden meeting Israeli president” кілт сөздерін теріп, видеоның 18 шілдеде бірнеше ақпарат ресурсына жарияланғанын анықтадық (мұнда, мұнда және мұнда). Мысалы, бізді қызықтырған үзіндіні CBS News-ке жарияланған видеоның 01:20 тайм-кодынан бастап көруге болады.

Байденнің тізесінде бір қағаз жатыр. Онда оның сөйлегенде айтатын мәтіні жазылған болса керек, себебі Байден кездесудің басынан-ақ қағазға қайта-қайта қарайды. Біз көрген үзіндіде де ол төмен қарап, қағаздағы өзіне қажет мәтін пунктін іздеп жатады. Қорыта айтқанда, Байден “қалғып кетті” немесе “ұйықтап қала жаздады” деп айтуға ешбір дәлел жоқ.

Көпшілік арасында тараған эпизодта не көрсетіледі? Жалған ақпарат таратқан бірқатар ресурс Байденнің түсініксіз бірдеңені міңгірлеп айтатынын мәлімдейді, тіпті өздерінің бұрмаланған аудармасын қосып қойған.

Шын мәнінде, Байден 2023 жылғы ақпан-наурызда АҚШ демеушілігімен өткен бейбітшілік саммиттерін өткізген және израилдықтар мен палестиналықтардың басын бір үстелге қосқан екі қаланың атын еске түсіре алмай, кідіріп қалған. 1:25 минутында ол екі қаланы – Акабаны (Иордания) мен Шармды (Шарм-эль-Шейх, Мысыр) атайды, ал Ицхак Герцог АҚШ президентінің не туралы айтып жатқанын түсінгенін растап, “иә” дейді.

Кейін Байден басын көтеріп, сөзін қайта жалғастырады.

Factcheck.kz