Алматы облысын ВВС-де 30 секунд жарнамалау – 82 млн теңге

Жақында Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатып алу порталынан Алматы облысы әкімдігі өңірдің туристік әлеуеті туралы жарнама ролигін түсіруге байқау жариялағанын көзіміз шалды. Ол ары қарай британдық ВВС телеарнасынан көрсетілуі тиіс екен. Билік өкілдері осылайша шетелдік турист ағынын арттырғысы келеді.

Халықаралық телеарнадан көрсету үшін түсірілген Алматы облысының жарнамасы қанша тұратынын, қандай екенін және үкіметтің нешінші жыл қатарынан Қазақстанды ВВС көмегімен танытуды көздеп отырғаны туралы айтамыз.

30 секунд үшін бөлінген 82 миллион теңге

«Алматы облысын туристік орын ретінде халықаралық ВВС телеарнасынан көрсету» туралы хабарландыруды 17 ақпан күні Алматы облысының Туристік ақпарат орталығы жариялаған. Бұл – облыстық әкімдікке қарайтын ведомство. Ол туралы өңірдің Туризм басқармасы ресми сайтында айтылған.

Ақпарат орталығы порталында Алматы облысы мен Жетісудың негізгі туристік жерлері туралы дерек пен өңір туралы қысқаша тарихи анықтама берілген. Сайттағы кез келген бөлімге өту үшін міндетті түрде тіркелу қажет, әйтпесе ештеңе біле алмайтынымызды ескерте кету қажет.

Мемлекеттік сатып алу порталының дерегі бойынша, түсірілім мен жарнама ролигін көрсетуге 82 561 607 теңге жұмсау жоспарланған, бірақ келісімшарт жасалғаннан кейін баға 82 млн теңгеге дейін түсті. Байқау жеңімпазы болып астаналық «ОТА» компаниясы таңдалды.

Техникалық сипаттамасы бойынша, ағылшын тілінде дыбысталған бейнеролик облыстағы туризм саласының дамуын көрсетіп,өңірдің негізгі «туристік өнімдерін» таныстыруы қажет. Видео ұзақтығы 30 секундтан кем емес және оны эфирден 110 рет көрсетуі тиіс болған. Трансляция 2023 жылдың 1-31 мамыры аралығында BBC World News телеарнасы арқылы Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерінде көрсетілді. Сонымен қатар bbc.com ақпарат порталында бір ай бойы жарнама баннері жарияланып, ол кемінде 400 000 қаралым жинауы қажет еді.

Алматы облысы туралы жарнама видеосын маусымның басында BBC Worldwide коммерциялық өкілдігі басшысы Сергей Становкин өзінің YouTube-арнасына салды. 30 секундтық роликте расында негізінен Алматы облысының табиғаты мен «туристік өнімдерді» көрсетілген: Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, Қапшағай су қоймасы және т.б.

Түркістан облысы да…

Бір қызығы, Алматы облысы әкімдігі шетелдік туристердің назарын шетелдік телеарна эфирі арқылы аударғысы келген жалғыз ведомство емес. Protenge журналистері 2023 жылдың маусымында Түркістан облысының Туризм басқармасы да британдық ВВС телеарнасының жарнамасын 63,4 млн теңгеге сатып алғанын анықтады.

Бұл сомаға Еуропа, Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы BBC World News арнасында екі апта бойы Түркістан облысы туралы бейнероликті көрсету кіреді. Көрсетілім саны – 50-ден кем емес. Сонымен қатар ВВС сайтында бір ай бойы жарнама баннері жарияланып, кемінде 300 000 қаралым жинауы керек. Байқауда «Open Turkistan» Туристік ақпарат орталығы жеңімпаз атанды. Орындаушыға толық сома төленіп қойған.

Алматы облысындағы видео тәрізді мұнда да тапсырыс берілген жарнама ролигін ВВС-дегі трансляция басталғанша ашық қолданысқа жүктеу жоспарланбаған еді. Бірақ Protenge әкімдікке сұраныс жіберіп, видеоға қол жеткізді.

«Жақсы жұмыс, әдемі ролик, шүбә жоқ! Бірақ оны «туризмнің даму көрсеткіштеріне жету» үшін жасап, халықаралық арнадан көрсетті. Осы жерде қалыпты сұрақ туады: Туризм басқармасы қалаған нәтижесіне қол жеткізе алды ма, қалай ойлайсыз?», – деп қорытты авторлар.

Біз, Factcheck.kz редакциясының да көкейінде Алматы облысы туралы жарнама ролигін көргенде осындай сұрақ пайда болды.

ВВС-мен серіктестік

Қазақстанды британдық телеарна бірінші рет жарнамалап отырған жоқ. Тіпті билік өкілдерінің ВВС-мен бұрыннан келе жатқан коммерциялық байланысы бар деп айтуға болады.

Алғаш рет Қазақстан туралы жарнама ролигі BBC World News арнасынан 2016 жылы көрсетілді. 30 секундтық видеоның көп бөлігінде Алматыдағы тау ландшафтары мен қысқы спорт түрлері таспаланған. «Алматы – тауға бай, етегінде қаласы бар, бір рет барсаң, қайта оралғың келе беретін қала», – деп жазды Сергей Становкин Facebook парақшасына.

Бір қызығы, жарнама ролигі алматылықтардың өзіне ұнаған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары түсірілімнің сапасын сынап, видеода қала туралы дұрыс ештеңе айтылмаған деп есептейді.

Сол 2016 жылы қазақстандық билік өкілдері ВВС-ге тағы екі видеоға тапсырыс берді. Олар Алматыда 2017 жылы өткен Қысқы Универсиада мен Астанада болған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында түсірілді.

Екінші жарнама BBC World News арнасынан 2016 жылдың қыркүйегінде көрсетілді. Ол жерде де Алматы туралы айтылған. Ұлттық киім киген қыз қала бейнесінде болады. «Мен – Алматы. Мен – аспанмен астасып жатқан тау. Саяхат басталатын, арман шындыққа айналатын, керуендер өтіп, жүрек дүрсілі жиілейтін мекен. Алматы 1000 жаста, бірақ тарих жалғаса береді», – делінген видеода.

Екі минутқа жуық созылған үшінші видео британдық телеарна эфирінде екі айдан кейін көрсетілді. Бұл жолы авторлар ерекше тәсіл ойлап тауып, Қазақстанның көрікті жерлерін 19 ғасырдағы географ Томас Аткинсон мен оның жұбайы Люси Аткинсонның көзқарасы арқылы жеткізген. «Осы шағын фильмді көргеннен кейін әлемдегі кемінде 444 миллион адам бір жарым ғасыр бұрын Томас және Люси Аткинсондар таңғалғандай, осы ғажайып елді көріп қызыға бастайды деп үміттенеміз», – деп пікір білдірді Становкин.

Өкінішке қарай, осы жарнама науқанына мемлекет бюджетінен нақты қанша қаржы жұмсалғанын анықтай алмадық. 2017 жылдың қазанында мәдениет және спорт министрлігі 124 млн теңге деген санды айтты. Сондай-ақ мемлекет британдық телеарнадан көрсету үшін тағы бірнеше бейнеролик түсіруді жоспарлаған-ды.

2017 жылы Алматы туралы тағы бір екі минуттық жарнама видеосы мен «Қазақстан аңыздары» деген атпен жарнама науқаны шықты. Роликтер желісі Қазақстанның киелі жерлеріне арналды: Айша-бибі кесенесі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен «Алтын адам» тарихы.

Бір жылдан кейін Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Қазақстанның әдемі жерлері туралы жаңа жарнаманы таныстырды. Ол шетелдік туристерді тарту үшін Euronews және BBC арналарынан көрсетілді. Мәдениет министрлігі бейнеролик бюджеті миллион доллардың үштен бірі болғанын мәлім етті. Бұл ақшаға прайм-таймды қосқанда күніне үш реттен 238 рет көрсету кіреді. Жарнама әлемнің 160 елінің эфирінде трансляцияланады.

2019 жылдың шілдесінде жарнама видеолары дәуірі жалғасып, ақпарат министрлігі ВВС-мен бірлесіп, Астана күніне орай «Нұр-Сұлтандағы күннің шығуы» тақырыбында тағы бір ролик түсірді. Ұзақтығы – 30 секунд. Сонымен қатар Kazakh Tourism компаниясы «Epicstan» тақырыбында бейнеролик жариялап, CNBC және РБК телеарналарынан көрсету жоспарланды. Оны жасауға қазынадан 10 млн теңге кетті, ал ұзақтығы 2 минут 39 секунд болды.

Жарнама тапсырыстары көп әрі түрлі болғанына қарамастан шетелдік медиадағы ең сәтті шыққаны 2020 жылы жасалды. Сол кезде Kazakh Tourism ойдан шығарылған қазақ журналисі Борат Сагдиев айтатын «Very Nice» сөзін ұран етіп ролик жариялады. Нәтижесінде, ерекше жарнама тәсілі туралы батыстың ірі басылымдары New York Times, The Guardian және ВВС, т.б. жазды. Видеоның шулатуына 2006 жылы Қазақстан билігі «Борат» фильмін көрсетуге тыйым салғаны себеп болды.

Бұл роликті жасауға нақты қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз. Дегенмен Мәдениет және спорт министрлігі 2020 жылы имидждік екі роликке 11,4 млн теңге, ал туристік әлеует туралы тағы 10 видеоға 117,7 млн теңге бөлгенін айтқан.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz