Алматы мәслихатына өткен депутаттар мемлекеттен қанша ақша алды?

19 наурызда Қазақстанда парламент мәжілісі және мәслихат сайлауы өтті. Кейін мәжіліске үміткер болған Мұхтар Тайжан Аида Әлжанованың Facebook парақшасында жарияланған ақпаратты бөлісті. Жазба мәтініне сәйкес, Алматы қаласының мәслихат депутатына өткен үміткерлер жеке компаниялады басқарады және сол компаниялар мемлекеттік сатып алудан қомақты қаржы алған. Factcheck.kz желіде тараған ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Мәлімдеме: Бірінші орында аманаттық Әміржан Нәбиев. Оның 2023 жылға құрылыс басқармасымен бір көзден [сатып алу арқылы жасалған-ред.] 17 млрд теңгеге келісім-шарты бар.

Үкім: Шындық

Иә, Әміржан Нәбиев Алматы мәслихатының депутаты болып сайланды. Расымен Kompra.kz дерегінше, ол “Атрикс-Строй” құрылыс компаниясының бірінші басшысы. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сәйкес, 2023 жылы Алматы құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша компания 17 млрд теңгеден астам сомаға келісім шарт жасаған. Қаржы Алматы қаласы әкімі аппаратының ғимаратын “қайта жаңартуға” жұмсалады.

Kompra.kz дерегінше, Нәбиев басшысы ретінде тіркелген компания 2015 жылдан бері 774 908 606,11 теңге салық төлеген — ең көбі 2023 жылы — 307 122 041 теңге (сәуірдің 4-не дейінгі дерек).

Бір қызығы “Атрикс-Строй” 2016 жылдан бері ең көп дегенде 55 млн теңгеге тапсырыс алған. Ал 2023 жылы 17 млрд теңгеге Қаңтар трагедиясы кезінде өртенген әкімдікті жаңартуға тапсырыс алады. Келісім шарт әлі орындалып жатыр. Барлығын қоса есептегенде 2016 жылдан бері 4 келісім шарт жасалған. 3-і орындалып жатыр, ал біреуі аяқталған.

Сонымен қатар, компанияның Әміржан Нәбиевтен бөлек, тағы бір құрылтайшысы бар — Нәбиев Сәрсен Садирович. Ол жеке кәсіпкерлікпен (компаниясы “Призма” деп тіркелген) айналысады. Алайда компанияның мемлекеттік сатып алуға қатысқаны туралы я салыққа қатысты ақпарат жоқ.

Қосымша ақпарат:

Kompra.kz дерегінше, Әміржан Нәбиев тағы “Алем Энерго Капитал” компаниясының бірінші басшысы және жалғыз құрылтайшысы. Оның мемлекеттік сатып алуға қатысқаны туралы ақпарат жоқ. Kompa мәліметінше, компания тек 2015 жылы 900 000 теңге салық төлеген. Бұдан бөлек, компанияның салық төлемегені үшін 43 828 теңге қарызы бар.

Мәлімдеме: Екінші орында аманаттық Алтынай Көбеева. Ол биыл әкімдіктен 59 млн және 52 млн теңге болатын мемелкеттік тапсырыс алған.

Үкім: Шындыққа жақын

Алтынай Көбеева “Ақпаратты-ресурстық орталығы” қоғамдық қорының басшысы және Аманат партиясының атынан Алматы мәслихатының депутаты. Қор 2023 жылы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасынан «НаркоСТОП» жобасын іске асыруға 59 млн теңгелік келісім шартқа отырған. Ол әлі орындалып жатыр. Техникалық сипаттамаға сай, ол “мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру аясында іс-шараларды ұйымдастырады“. Алайда оның нақты қалай және қайда ұйымдастыратыны белгісіз. Бізге тек екі шараны біріктіріп өткізуге болмайтыны белгілі. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, компания әртүрлі сала бойынша қызмет көрсететіні жазылған.

Кобеева басқаратын қор 2023 жылы Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен, «Civil center Almaty» орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз етуді де өз мойнына алған. Алайда қазір келісім шарт статусы “өзгертілген” деп тұр. Әзірше, қосымша келісім шарт жасалып, жұмыс басталғаны туралы ақпарат жоқ.

Қосымша ақпарат:

Ал “Ақпаратты-ресурстық орталығы” 2015 жылдан бері 11 855 913,81 теңге салық төлеген. 2022 жылғы салығы — 3 114 209.31 теңге (бұл компанияның төлеген салықтарының ішінде ең көбі). Құрылтайшылар қатарында өзінен бөлек, Шолпан Калиева көрсетілген. Алайда ашық деректерде Калиеваның дәл қазіргі қызметі туралы ақпарат аз.

Kompra.kz дерегінше, Алтынай Көбеева қордан бөлек, жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысатын “АЛУАЛ” ЖШС-ны басқарады. Бұл ұйым 2015 жылдан бері 811 588 теңге салық төлеген — ең көбі 2022 жылы — 458 483 теңге. Өзінен басқа құрылтайшысы жоқ.

Мәлімдеме: Үштікті тағы да аманаттық Бақытбек Жұмабаев толықтырды. Оның соңғы келісімі 2020 жылы бір көзден 61 млн теңгеге жасалған.

Үкім: Шындық

Расымен Бақытбек Жұмабаев “Жан – М” ЖШС-ны басқарады және Аманат партиясының атынан Алматы мәслихатының депутаты. Компанияның құрылтайшысы да, басшысы да өзі. Компания 2020 жылы “Алматыэлектркөлік” ЖШС-нің тапсырысымен Алматыдағы 1-, 2-вокзалды тәулік бойы күзету қызметін ұйымдастыруы керек. Әзірше, 31 716 250 теңге игерілді. Келісім шарт орындалып жатыр. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, компания күзет саласы бойынша қызмет көрсетеді.

Қосымша ақпарат:

Ашық деректерден Жұмабаев басқаратын басқа компания табылмады. Kompra.kz дерегінше, 2015 жылдан бері “Жан-М” компаниясы 304 974 791 теңге салық төлеген. Ең көп 2021 жылы тіркелген  — 79 402 907 теңге.

Мәлімдеме: Одан кейін өзін-өзі ұсынған Еркінбек Рақышев. Ол 2021 жылы бір көзден 2,8 млн теңгеге, 2020 жылы 451 мың теңгеге келісім-шарт жасасқан.

Үкім: Шындық

Еркінбек Рақышев “Жас Ұлан” киностудиясын басқарады және бірмандатты округтер бойынша Алматы мәслихатының депутаты болды. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, 2021 жылы “Almaty телерадиокомпаниясының” тапсырысымен “Жүрегіңіз ауырмасын” деректі фильмін түсіруге киностудия 2 800 000 теңгелік тапсырыс алған. Ал 2020 жылы Алматы арнасы Рақышев түсірген “Менің де атым Қожа”, “Жетімдер”, “Жаралы сезім” және т.б. фильмдерді көрсетуге 451 000 теңге төлеген. Жалпы арнада көрсетілген фильм саны — 11. Әр фильмді жалға алу құны 41 000 теңгеге бағаланған. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, компания кино, телебағдарламалар түсіреумен және фонограмма мен музыкалық жазба жазумен айналысады.

Қосымша ақпарат:

Kompra.kz дерегінше, киностудия 2017 жылдан бері 558 828 теңге салық төлеген. Салықтың ең көбі 2018 жылы тіркелген — 450 984 теңге. Киностудияның Рақышевтан басқа құрылтайшысы жоқ.

Еркінбек Рақышев Жас Ұлан киностудиясынан бөлек, “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер киностудиясын басқарады. Алайда, мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс алмаған және салық төлегені туралы ақпарат жоқ. Екі киностудияның мекенжайы бір.

Мәлімдеме: Бестікті Андрей Шин аяқтайды. Оның соңғы келісім шарты 2021 жылы полиция департаментімен бір көзден 36 мың теңгеге шарт жасасқан.

Үкім: Шындық

Расымен Андрей Шин бірмандатты жүйе бойынша Алматы Мәслихатының депутаты болды. Шин басқаратын «Шин-Лайн» компаниясы мемлекеттік сатып алу арқылы Алматы қаласының полиция департаментінен 36 200 теңге алған. Техникалық сипаттамасына сай, электр энергияны қосу/сөндіру бойынша қызмет көрсеткен. Кәсіпорын реестрінің дерегінше, балмұздақ өндірісімен айналысады.

Қосымша ақпарат:

Ашық деректерден «Шин-Лайн» компаниялар тобының президенті Андрей Шин басқаратын немесе құрылтайшы ретінде тіркелген басқа компания таппадық. Kompra.kz дерегінше, «Шин-Лайн» компаниясы 2015 жылдан бері 6 616 370 033 теңге салық төлеген. Ең көп 2022 жылы тіркелген — 2 194 820 167 теңге.

Контекст

Алматы Мәслихатына жалпы 42 депутат өткен. Оның ішінде 21-і бір мандаттық аумақтық сайлау округтерінен, 21-і партиялық тізім бойынша сайланды.

Factcheck.kz