Ресейлік баспа ЛГБТК+ мазмұндағы кітаптарды цензуралау үшін нейрожеліні пайдаланады

Желтоқсанның басында ресейлік Ridero интернет-баспасы ЛГБТК+ мазмұндағы бар кітаптарды анықтау үшін кітапханасын нейрожелі арқылы тексеруді бастады. Табылған кітаптар сатылымнан шығарылады. Бұл туралы “Коммерсантъ” хабарлады.

Ridero интернет-баспасының директоры Мария Рявинің айтуынша, бұған дейін баспа кітап мазмұнында ЛГБТК+ тақырыбының бар-жоғына баса назар аудармаған. Сол себепті қанша кітаптың сатылымнан алынатыны әзірге белгісіз.

Нейрожелі тексерісі аяқталады, сосын анықталған кітаптар сатылымнан алынады. Біз үшін барлық тақырып тең және әрбір кітап жарық көруге құқылы. Алайда ненің жарияланып-жарияланбайтынын біздің ішкі шешіміміз емес, заңнама анықтайды. Қол қойылған соң күшіне енетін заң қомақты айыппұл қарастырған. Ал оны біздің біраз авторымыз секілді өзіміздің де өтеуге мүмкіндігіміз жоқ. Оған қоса заңның бұлыңғыр мәтіні мәселені ушықтырып тұр. Себебі шын мәнінде авторлардың нақты не себепті жазаланатыны белгісіз. Біз авторларымызды жығып бергіміз келмейді, сондықтан сақтануды жөн көрдік.

Мария Рявин, Ridero интернет-баспасының директоры

Айта кетейік, 24 қарашада Мемлекеттік Дума «ЛГБТ насихатына» тыйым салатын заң қабылдады. Олар «дәстүрлі емес жыныстық қатынастар мен қалауларды», педофилияны насихаттауға, «дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды және соны қалауды көрсететін немесе кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа түсуге, жынысын ауыстыруына әсер ететін ақпаратты таратуға тыйым салады. Бұл тәртіпті бұзған заңды тұлғаларға 5 миллион рубльге дейін айыппұл салынады не 90 тәулікке қызметі тоқтатылады. Заң 5 желтоқсанда күшіне енді.

Factcheck.kz