Қаржы мониториң агенттігі журналист Михаил Козачковты ұстады

18 желтоқсанда ҚР Қаржы мониториң агенттігі қазақстандық журналист Михаил Козачковты ұстады. Ол Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының рейдерлік басып алу бойынша қылмыстық ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Бұл туралы Қаржы мониториң агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, Қоспаев Козачковтың қызметін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін пайдаланған. Ал журналист өзінің бір кездері құқық қорғау органдарында жұмыс істеген досы Бұрхан Жансейітовті тартқан. Жансейітов компрамат ақпараттарды жинаумен айналысқан. Козачков пен Жансейітов қызметі үшін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен 52 миллион теңге алған.

Сонымен қатар Козачков «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды бұзғаны үшін және көрінеу жалған ақпаратты, банктік, отбасылық және заңмен қорғалатын басқа да құпия деректерді таратқаны үшін айыпталған.

Михаил Козачковтың адвокаты Анна Веретельникова журналист Вадим Борейкоға тергеу амалдары жүріп жатқан Козачковтың пәтеріне кіре алмағанын айтқан. Адвокаттың сөзінше, тергеушілер оны пәтерден алып кетпек болған.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Козачковтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, журналистің ісіндегі процессуал нормалар сақталмай жатыр. Оған қоса Қаржы мониториң агенттігінің аталмыш іс туралы пресс-релизі кінәсіздік презумпциясын бұзады.

Контекст

Михаил Козачков — белгілі қазақстандық зерттеуші журналист, «Время» газетінің тілшісі және 90 000-нан астам аудиториясы бар жеке Telegram арнасының авторы.

Медиада Елдос Қоспаев Болат Назарбаевпен байланысы бар адам ретінде жиі айтылады. 2022 жылғы жазда оған халықаралық іздеу жарияланды. Оған «AV-Construction» ЖШС, «Profit trade ltd» ЖШС, «Азовита Ақтау» ЖШС, «Азовита Атырау» ЖШС сияқты компанияларға қатысты рейдерлік басып алу айыбы тағылған.

Factcheck.kz