Медиа өкілдері мен құқық қорғаушылар журналист Михаил Козачковты босатуды сұрады

БАҚ өкілдері, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері мен саясаттанушылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір күн бұрын қамауға алынған журналист Михаил Козачковты босатуды талап етіп, үндеу жолдады. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады.

Үндеу жолдаушылардың мәлімдеуінше, журналистің бірқатар құқығы бұзылған. Мысалы, Қаржы мониториң агенттігі өзінің пресс-релизінде Козачковты заңсыз айыптаған.

Белгілі журналист Михаил Козачковтың ұсталуы — азаматтың конституциялық құқығының, еліміздің заңнамасының өте іргелі негіздерінің және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелердің бұзылуының айқын мысалы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабын бұзып, оны сот шешімінсіз бірқатар ауыр қылмыс жасағаны үшін жария түрде “кінәлі” деп айыптады.

Үндеу үзіндісі

Сонымен қатар онда Козачковтың бірнеше сағат бойы заңгер көмегіне жүгіне алмағаны, пәтерінде адвокатының қатысуынсыз тінту жүргізілгені, адвокат пен Козачковтың жеке, конфиденциалды түрде сөйлесу мүмкіндігінен айырылғаны туралы жазылған.

Үндеуге «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова мен қордың құрылтайшысы Тамара Калеева, “Адам құқығы хартиясы” қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова, Қазақстан журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаев, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис, саясаттанушылар Досым Сәтбаев пен Санжар Боқаев, журналистер мен қазақстандық медиа өкілдері қол қойған.

Козачковқа тағылған бірқатар айып Қаржы мониториң агенттігінің емес, полиция құзыретіне жатады. Бұл фактілер ҚМА-нің Козачковқа қарсы әрекетін заңсыз деп тануға жеткілікті.

Үндеу үзіндісі

Осылайша, үндеу жолдаушылар журналист Михаил Козачковты дереу босатуды, заң бұзғандарды жауапкершілікке тартуды талап етті.

Контекст

18 желтоқсанда ҚР Қаржы мониториң агенттігі қазақстандық журналист Михаил Козачковты ұстады. Ол Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының рейдерлік басып алу бойынша қылмыстық ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Қазір журналист уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Factcheck.kz