Индонезияда некесіз жыныстық қатынасқа тыйым салынды

UPD 12.12.2022: некесіз секске (адюльте́р) тыйым кодекстің бұрынғы нұсқасында да болған, яғни бірнеше жылдан бері бар. Тек жазаға ілігуі мүмкін адамдардың қатары көбейген, түрмеге балама ретінде әкімшілік айыппұл енгізілген, түрмеге қамау мерзімі ұзартылған және некесі қиылмаған адамдардың бірге тұруына қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілген.

Индонезия парламенті некесіз жыныстық қатынасқа түсуге, діннен бас тартуға, ел президенті мен вице-президентін қорлауға тыйым салатын жаңа заңды мақұлдады. Оны бұзған адам жазаға тартылады. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

Жаңа заң — қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістің бір бөлігі. Ол үш жылдан кейін күшіне енеді. Заңнамаға сәйкес, енді индонезиялықтарға және елге келген шетел азаматтарына некесіз жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салынады. Заңсыз әрекет туралы ерлі-зайыптының бірі не ата-анасы арыздана алады. Ал айыпталушы тоғыз айға түрмеге қамалады.

Алайда жаңа ережелерге қарсы адамдар да бар. Осы аптада наразылық білдірушер Джакартадағы парламент ғимаратының алдына шеруге шықты. Наразылық білдірушілер мен құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, бұл заң демократия принциптеріне сай емес. Ол елдегі әйелдердің, ЛГБТК+ және этника азшылық топ өкілдерінің құқығын бұзады.

Үкімет халықтың азаматтық құқығын, экономика мен мәдениетті жүзеге асыруға назар аударуы керек, осыған қатысты заңдарды қабылдауы қажет еді. Оның орнына олар демократиялық емес, біздің жеке өмірімізді қадағалайтын және қоғамның мүддесін қорғамайтын заң қабылдады. Бұл — біздің ел үшін кері қадам.

Наразылық білдіруші

Сонымен бірге заң азаматтарға діннен бас тартуға, мемлекеттік идеологияға қарсы шығуға, Индонезия президенті мен вице-президентіне тіл тигізуге тыйым салады. Айта кетейік, Индонезия тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет дінге сенбеуді “заңсыз” етіп отыр.

Құқық қорғау ұйымдарының сөзінше, аталмыш өзгерістер адамдарға саяси пікірін еркін білдіруге, діни сенім бостандығына мүмкіндік бермейді.

Ал заң шығарушылар кодекске сөз бостандығын және «қоғамдық мүддеге» бағытталған наразылық акцияларын қорғау үшін баптар қосқанын мәлімдеді.

Десе де Азиядағы Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының директоры Элейн Пирсон жаңа кодекс ережелері тек адам құқығына емес, ел экономикасына да зиян келтіретінін айтады.

Меніңше, бұл — Индонезия туризміне үлкен соққы. Балиге конференцияға келдім және мен тұрған қонақүйдегі адамдар қазірден-ақ алаңдап жатыр. Меніңше, бұл жаңалық халықаралық бизнес қауымдастығын да алаңдатып қойды, өйткені бұл Индонезияға түсетін халықаралық инвестицияларға да әсер етуі мүмкін. Оған қоса некесіз жыныстық қатынас “қылмыс” деп танылса, бұл бүкіл елдегі әйелдерге әсері етуі ықтимал, себебі некесіз жүктілік туралы полицияға хабарланса, автоматты түрде қылмыс болып есептеледі.

Фил Робертсон, Human Rights Watch ұйымының Азиядағы өкілі
Factcheck.kz