Манипуляция | Индонезия некесіз секске заң жүзінде тыйым салды

Жақын күндері медиада Индонезияда некеге дейін жыныстық қатынасқа түскендерге қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатқаны туралы жаңалық тарады. Ақпаратқа сенсек, бұл тек Индонезия азаматтарына ғана емес, шетелдіктерге де қатысты (1, 2, 3, 4, 5).

Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

Үкім: Манипуляция

Индонезияда 6 желтоқсан күні қабылданған жаңа қылмыстық кодексте расымен некеге дейінгі секске қылмыстық жауапкершілік жүктелген. Бірақ БАҚ-та мына нәрсе ескерілмеген — некесіз секске (адюльте́р) тыйым кодекстің бұрынғы нұсқасында да болған, яғни бірнеше жылдан бері бар. Тек жазаға ілігуі мүмкін адамдардың қатары көбейген, түрмеге балама ретінде әкімшілік айыппұл енгізілген, түрмеге қамау мерзімі ұзартылған және некесі қиылмаған адамдардың бірге тұруына қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Біз тексеріп отырған жаңалықтардың тақырыбы кликбейт, сондай-ақ оларда ескі кодексте де некеге дейінгі секске тыйым болғаны айтылмайды.

Сонымен қатар, жаңа кодекс тек үш жылдан кейін күшіне енетінін айта кеткен жөн.

Толығырақ: секс пен некесіз бірге тұру

2022 жылдың 6 желтоқсанында Индонезия үкіметі мен парламенті 76 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ескі кодекстің орнын басатын жаңа Қылмыстық кодекс нұсқасын қабылдауға келісті. Жаңа заңның қарама-қайшы тұстары көп екеніне қарамастан, БАҚ-тың назары негізінен секс пен некесіз бірге тұруға белгіленетін қылмыстық жазаға түсті.

415-бап бойынша, некесі қиылмаған адаммен жыныстық қатынасқа түскен кез келген адам бір жылға дейін түрмеге қамалады немесе II санаттағы, яғни 10 млн индонезия рупиіне дейін айыппұл төлейді. Қылмыстық іс тек некедегі күйеуінің немесе әйелінің арызымен және некесі қиылмаған адамдардың ата-анасы немесе балаларының шағымымен қозғалады.

416-бап бойынша, некесіз бірге тұрған адамдар алты айға дейін бас бостандығынан айырылады немесе II санаттағы, яғни 10 млн индонезия рупиіне дейін айыппұл салынады. Мұнда да алдыңғы баптағыдай қылмыстық іс тек некедегі күйеуінің немесе әйелінің арызымен және некесі қиылмаған адамдардың ата-анасы немесе балаларының шағымымен қозғалады.

Салыстыру үшін айта кетсек, ескі қылмыстық кодексте 284-бап бар, онда некесі қиылған, бірақ некелі жарынан басқа адаммен жыныстық қатынасқа түсетін, сондай-ақ оның отбасылық жағдайы туралы біле тұра некелі адаммен жыныстық байланысқа түсетін адамдарды тоғыз айға дейін бас бостандығынан айыратын жаза қарастырылған.

Осылайша, кодекстің бұрынғы нұсқасында жаза ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздыққа қарастырылса, жаңа нұсқада некеден тыс қана емес, некеге дейінгі секске де тыйым салынады. Осылайша жауапкершілік аясы кеңейіп, барлық азаматтарға қатысты болады.

Жаңа кодекс туралы жазған кейбір БАҚ Индонезия аумағында шетелдіктер де осы баптар бойынша жазалануы мүмкін екеніне басымдық беріп жатыр. Кодексте бұл туралы сөзбе-сөз жазылмаған, бірақ бір елдің аумағында жүрген адам сол елдің заңына сәйкес жауапқа тартылатыны анық.

Жаңалыққа жергілікті кәсіпкерлер алаңдап отыр, олардың пікірінше, бұл заң шетелдік туристерді шошытып жіберуі мүмкін. Сол аралықта Бали туристік қызметінің басшысы Тйокорда Багус Пемаюн саяхаттаушылардың алаңдауына еш себеп жоқ екенін мәлімдеді. Қонақүй және туристік қауымдастықтар мен отельдер шетелдіктерден неке қию туралы куәлік сұрамайды. Бұдан бөлек, сот ісі тек жұбайының, ата-анасы мен балаларының арызы негізінде ғана басталуы мүмкін.  

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы некесіз секс туралы баптарда гомосексуал байланыстар туралы айтылмағанымен, Индонезия заңы біржынысты некені мойындамайтынын, сол себепті бап кез келген гомосексуал байланыстарды қылмыстық деп қарастыруы мүмкін екеніне назар аударды. Сондай-ақ секс-қызметшілердің де қылмыстық жауапқа тартылу қаупі жоғары.

Жаңа кодекске жұрттың көзқарасы

Некесіз секске жаза тағайындау БАҚ беттерін толтырып, әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Бірақ кодексте құқық қорғау ұйымдарының сынына ұшыраған баптар жетерлік.

Human Rights Watch-тың Индонезиядағы аға зерттеушісі Андреас Харсоно «өте қате заңды» қабылдау бір мезетте елдегі адам құқығы жағдайын нашарлатып жіберді деп мәлімдеді.

Құқық қорғау ұйымы, негізінен аборт (кейбір жағдайларды ескермегенде), контрацепция тәсілдері туралы ақпаратты балаларға және аборт туралы ақпаратты кез келген адамға ұсыну, президентке, вице-президентке, мемлекеттік органдарға, Индонезияның ұлттық идеологиясы мен туына тіл тигізу қылмыстық іс болып саналатыны туралы баптарға назар аударды. Одан бөлек, кодексте Құдайға тіл тигізгендерге жаза қатаңдатылды және бірінші рет діннен бас тартуға тыйым салынды. Оған қоса діннен тайқып кетуге көндіруге тырысқан кез келген адам қылмыскер саналады. Бұл баптармен толығырақ мына жерден таныса аласыз.

Индонезия билігі, жаңа кодексті мақұлдады және оның қабылдануы елдегі адам құқығын нығайта түседі деп мәлімдеді. Олардың пікірінше, бұл ұлт үшін тарихи сәт және Нидерландының отарлық мұрасынан толығымен құтылуға талпыныс.  

«Біз басқа елдер жасамаған, өзіміздің жеке қылмыстық кодексіміз бар екенін мақтан тұтуымыз керек. Индонезияда 1918 жылы голландиялық қылмыстық кодекс күшіне енді, содан бері 104 жыл өтіпті. Индонезияның өзі 1963 жылдан бастап қылмыстық заңнамаға реформа жасап тұрады. Бұл Қылмыстық кодекс туралы заң жобасы реформаторлық, озық және Индонезия үшін өзекті», – деп мәлімдеді Әділет және адам құқығы министрі Ясонна Х. Лаоли.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz