Фактчек | ВВС журналисі жертасада жатқандай кейіп танытты ма?

2022 жылғы қазанда кейбір медиа мен интернет қолданушылар BBC журналисінің суреттін таратты. Олар фотодағы корреспондент репортажды қауіпті аумақтан түсіргендей кейіп танытты деп топшылады. «Проверено» басылымы мән-жайды тексеріп көрді.

Суретте әскери дулыға, Press жазуы бар бронжилет киген, қолында микрофоны бар BBC тілшісі Джереми Боуэн. Оның артында бұтақтар мен үйінді және алыстан сөмке ұстаған әйел көрінеді. Адамдар осы мизанценаға қарап, журналист жай ғана көрініс қойып жатыр деп тұжырымдады. Осыған ұқсас мәлімдемені Беларусьтің ОНТ телеарнасының сайтындағы жазбадан табуға болады. Онда: «Кадрда әскери ұрыс пен төбеден ұшқан снарядтардың орнына сөмке ұстаған әйел пайда болды. Әлгі әйел жауынгердің қал-жағдайын сұрағысы келген сияқты” делінген. Осы тектес жазбалар Twitter желісінде де кеңінен тарады. Мысалы, фотоға қатысты ағылшын тіліндегі бір жазба 17 200 ретвит, 77 400 лайк жинады. Бұл ақпаратты Twitter-де жариялаған немесе өз профилінде оған сілтеме жасағандардың арасында қарапайым адамдар да, Ресейдің БҰҰ жанындағы өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский сияқты шенеуніктер де болды. Көпшілік суретті Telegram және Facebook желісінде белсенді түрде бөлісті.

Фактчек | ВВС журналисі жертасада жатқандай кейіп танытты ма?
Желіде тараған сурет

Фактчекерлер суретте шынымен BBC британдық қоғамдық телерадиокомпаниясының журналисі Джереми Боуэн екенін анықтады. Боуэннің журналистік қызметі 1980 жылдардың ортасында басталды. Ол шамамен 40 жыл бойы, тіпті 2005 жылы Таяу Шығысқа редактор болып тағайындалғаннан кейін де қауіпті аймақтарда жұмыс істеді. Ал тамызда Боуэн халықаралық тақырыптар бойынша BBC News редакторы қызметіне келді.

Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін көп ұзамай журналист Боуэн соғыс аймағына барды. Онда ол ВВС арнасы үшін репортаж түсірді. Ал қазанда тараған бұл сурет — 6 наурызда британдық корпорацияның сайтында жарияланған Боуэн сюжетінің скриншоты.

Бейнеролик соғыстың алғашқы апталарында оқ атудан қатты зардап шеккен Киев маңындағы аудандардың бірі Ирпень қаласында түсірілген. Оның ұзақтығы — 3 минут 41 секунд. Ирпеньде көпір қирап, соның кесірінен жергілікті тұрғындар қаладан жаяу кетуге мәжбүр болған. Дәл сол көпірді скриншоттан көруге болады. Оның үстіне бейнероликтің 1 минут 52 секундында сөмке ұстаған әйелдің оқ немесе артиллериялық жарылыстың дыбысынан жерге еңкейіп отырғанын, содан кейін ғана ол үйіндінің артында жатқан Боуэнге қарай бет алғанын байқаймыз. Ал бұл уақытта журналист Ирпеньдегі жағдайды әңгімелеп жатады. Бейнеде атылған оқтардың дыбысы анық естіледі.

Бір күн бұрын, 5 наурызда Associated Press тілшілері де қираған көпірдің айналасындағы жағдайды түсірген. Олардың және ВВС тілшісі Боуэннің түсірген суреттері мен видеолары ұқсас.

Журналист Боуэннің өзі де суретке қатысты түсініктеме берді. Ол: “Бұл айыптаулар жалған”,-деп жазды. Оған қоса репортер осындай мәлімдемелер таратып, ресейлік әскерден қашқан Ирпень тұрғындарын қорламауға шақырды.

Factcheck.kz сайтынан: Оқырмандарымызға Джереми Боуэннің аталмыш репортажын мұқият көруге ұсынамыз (сілтемесі мұнда). Материалда түсірілім тобының жергілікті тұрғындармен бірге оқ астында қалып, саналы түрде тәуекелге барғаны анық көрінеді.

Factcheck.kz