Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде және әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды тексерді. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.
Магнит шарлары балалар үшін қауіпті ме?
Инстаграмда №2 Киев балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Олег Доманскийдің құрастырғыш магнит шарларының балалар үшін қауіпті екенін айтқан видеосы тарап жатыр. Дәрігер «перитонит, аппендицит, ішектік бітеліс белгілері бар балалар түсе бастады…» деп айтып, ары қарай рентген арқылы тексерген кезде балалардың құрсақ қуысында шарлар табылғанын айтты. Оқырмандарымыздың өтініші бойынша бұл ақпаратты тексердік.

Пікір: Балалар үшін магнит шарлары өте қауіпті!
Олег Доманский
Үкім : Шындық
Олег Доманский ата-аналарға магнит шарларының қауіпті екенін ескертіп, оларды лақтырып тастау керегін айтқан жалғыз дәрігер емес. Мәселен, тұтынушылардың құқын қорғайтын америкалық Consumer Reports тәуелсіз коммерциялық емес ұйымы бірнеше жылдан бері мұндай ойыншықтардың қауіпті екенін айтып келе жатыр. Бұл туралы Ресей дәрігерлері де жазған. Канадалық ақ халаттылар да ескертіп жатыр. Ал солтүстікамерикалық Гастроэнтерология, гепатология және тағам (NASPGHAN) балалар қоғамы неодим магнит шарларының асқазан-ішек жолына түсуіне байланысты жайттарды көрсететін клиникалық нұсқаулық шығарды. Мұндай нұсқаулықты қытай дәрігерлері де жасаған. Олардың жұмыстарындағы қорқынышты суреттер:
Міндетті вакцинация Нюрнберг кодексіне қайшы ма?
Қазақстан мен Ресейдің интернет желісінде насихаты вакцинацияға қарсы бағытталған кезекті ақпарат тарап жатыр. Бұл жолы әңгіме 1997 жылы Ресей Федерациясында тіркелген Ұлттық экологиялық қор (ҰЭФ) туралы болмақ. Негізі бұл ұйымның араласпайтын тақырыбы жоқ екен, мәселен олар бірде гендік-түрлендірілген өнімге (ГТО) қарсы күреседі, біресе аралар мен Рерихтердің мұрасын қорғайды. Осыған қоса өзінің сайтына «Міндетті вакцинация – бұл Нюрнберг кодексін бұзатын COVID-19 жобасының дүниежүзілік медициналық эксперименті» деп жазып қойған.
Мәлімдеме: Міндетті вакцинация дегеніміз – COVID-19 жобасының дүниежүзілік медициналық эксперименті. Нюрнберг кодексінің бірінші тармағында былай деп жазылған: «Ең бастысы – адамның ерікті түрде келісім беруі!» (Мәлімдеменің мағынасы – міндетті вакцинация Нюрнберг кодексіне қайшы. Авт.).
Ұлттық экологиялық қор
Үкім: Жалған және манипуляция
Бұл жерде қазіргі пандемия мен Нюрнберг кодексінің мәні мен мағынасына қатысты манипуляция жасалып отыр, сондай-ақ Кодексте қарастырылған вакцинацияны медициналық эксперимент деп көрсетуге тырысқан. Еске сала кетейік, осы уақытқа дейін 40-қа жуық вакцина сынақтардың 3-ші кезеңінен өтті және олардың 21-і әлемнің қандай да бір елінде қолдануға рұқсат етілген. Осылайша «медициналық эксперимент» пен «коронавирусқа қарсы вакцинация» деген тіркестер қатар қолданылғанымен, көптеген вакциналар «эксперименттік» кезеңнен, яғни клиникалық сынақтар мен еріктілер қатысқан клиникалық зерттеулердің 3 кезеңінен баяғыда сәтті өтіп кеткен. Толығырақ мына сілтемеде.
Қазақстанда Open Base-тің тұсаукесері өтті
10 тамызда MediaNet Халықаралық журналистика орталығы және Factcheck.kz базасында “Open Base: Қазақстанда ашық дереккөздермен қалай зерттеу жүргізуге болады?” деген тақырыпта Factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов презентациясын өткізді.
Думан Смақовтың айтуынша, Open Base мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу, квазифискалдық шығындар, қаржылық есептілік саласында іздеу жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мысалдар арқылы Open Base-ті пайдалану жолдарын көрсетті.
Open Base ашық деректер базасы USAID және Internews қолдауымен іске асып жатыр.
БҰҰ шпиондық бағдарламаларды сатуға мораторий енгізуге шақырды
Біріккен Ұлттар Ұйымының құқық қорғаушылары бақылауға арналған технологияларға адам құқығын бұзбауға кепілдік беретін ереже енгізілгенге дейін мораторий жариялауға шақырды. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымының ресми сайтында хабарланды.
БҰҰ хабарлауынша, қазіргі уақытта бақылауға арналған технологияны құқық қорғаушылар, журналистер мен саяси қарсыластарды бақылап дауыс беру құқығынан айыру үшін қолданады.
“Мұндай әрекет сөз бостандығы, адамның жеке өмірі және бостандық құқығын бұзады. Сонымен қатар, жүздеген адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін”, – деді ұйым.
Адамдарға тыңшылық жасайтын бағдарламаны сатумен Израильде орналасқан NSO Group айналысады. Құқық қорғаушылар Израиль билігін компанияның кіммен жұмыс жасағанын тексеру үшін қандай шара қолданып жатқанын жариялауға шақырды.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және 16 әлемдік БАҚ Pegasus-тың тыңшылық бағдарламасы туралы зерттеу жариялады. Оның көмегімен әртүрлі елдің билігі журналистерді, саясаткерлер мен белсенділерді телефон арқылы аңдыған.
Басқа жарияланған материалдар
- Түркістан облысында бас бостандығы шектелген белсенді түрмеге жіберілді
- ДДСҰ коронавирустың шығуын зерттеуге жаңа сарапшылар тобын құрады
- Министрлік желіде тараған сауалнаманың фейк екенін ескертті
- Amnesty International: Ресейде наразылыққа мүмкіндік қалмады
- Бес қаладан жалған вакцина паспортын сатқан медқызметкерлер ұсталды
- Еуроодақ Лукашенкоға жаңа санкция салуы мүмкін
Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.