Міндетті вакцинация Нюрнберг кодексіне қайшы ма?

Қазақстан мен Ресейдің интернет желісінде насихаты вакцинацияға қарсы бағытталған кезекті ақпарат тарап жатыр. Бұл жолы әңгіме 1997 жылы Ресей Федерациясында тіркелген Ұлттық экологиялық қор (ҰЭФ) туралы болмақ. Негізі бұл ұйымның араласпайтын тақырыбы жоқ екен, мәселен олар бірде гендік-түрлендірілген өнімге (ГТО) қарсы күреседі, біресе аралар мен Рерихтердің мұрасын қорғайды. Осыған қоса өзінің сайтына «Міндетті вакцинация – бұл Нюрнберг кодексін бұзатын COVID-19 жобасының дүниежүзілік медициналық эксперименті» деп жазып қойған.

Сайттағы мәтінді ары қарай оқи берсеңіз, біздің оқырмандарға жақсы таныс жалған мәлімдемелер кездеседі. Олардың арасында сол баяғы адамзатқа қарсы қастандық теориялары, евгеника кеңесі, Генри Киссинджер мен вакцинация арқылы «адамдарды азайту» бар. Бірақ алдымен міндетті вакцинацияға қатысты өзекті мәлімдемелерге тоқталайық.

Міндетті вакцинация Нюрнберг кодексіне қайшы ма?

Мәлімдеме: Міндетті вакцинация дегеніміз – COVID-19 жобасының дүниежүзілік медициналық эксперименті. Нюрнберг кодексінің бірінші тармағында былай деп жазылған: «Ең бастысы – адамның ерікті түрде келісім беруі!» (Мәлімдеменің мағынасы – міндетті вакцинация Нюрнберг кодексіне қайшы. Авт.).

Ұлттық экологиялық қор

Үкім: Жалған және манипуляция

Бұл жерде қазіргі пандемия мен Нюрнберг кодексінің мәні мен мағынасына қатысты манипуляция жасалып отыр, сондай-ақ Кодексте қарастырылған вакцинацияны медициналық эксперимент деп көрсетуге тырысқан. Еске сала кетейік, осы уақытқа дейін 40-қа жуық вакцина сынақтардың 3-ші кезеңінен өтті және олардың 21-і әлемнің қандай да бір елінде қолдануға рұқсат етілген. Осылайша «медициналық эксперимент» пен «коронавирусқа қарсы вакцинация» деген тіркестер қатар қолданылғанымен, көптеген вакциналар «эксперименттік» кезеңнен, яғни клиникалық сынақтар мен еріктілер қатысқан клиникалық зерттеулердің 3 кезеңінен баяғыда сәтті өтіп кеткен.

Ескерту: Нюрнберг кодексінде адамдарға қатысты сынақтар жануарлардың қатысуымен жүргізілген зерттеулерден кейін жүретіні айтылған. Сондықтан да қазір әлемде алдымен клиникаға дейінгі, содан кейін клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Осылайша біз тексеріп отырған материалдың авторлары өз оқырмандарын «вакцинация (барлық қажетті сынақ кезеңдерінен өткен дәрі-дәрмектер) эксперимент ретінде жүріп жатыр» деп адастырып отыр.

Осыған қоса Қазақстанда және Ресейдің бірқатар аймағында коронавирусқа қарсы вакцина салдыру жаппай бәріне емес, белгілі бір қызмет саласында жұмыс істейтін азаматтарға ғана міндетті. Бұл қандай салалар дейсіз ғой? Ол – сауда, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық және мәдениет, көлік, тәрбие және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік мекемелер мен басқа да ұйымдар. Себебі бұл жерлерде коронавирус инфекциясының таралу қаупі өте жоғары.

Толығырақ: ҚР Бас санитария дәрігерінің 1 шілдедегі қаулысы және 14 шілдедегі толықтыруларын оқыңыз.

Қазақстан мен Ресейдегі міндетті вакцинация туралы мәліметтер

Біз жоғарыда айтқан салада қызмет ететіндер екпенің екінші компонентін Ресейдің кейбір аймағында 15 тамызға дейін, ал Қазақстанда 1 қыркүйекке дейін алуы керек. Алайда бұл барлығына қатысты емес (Қазақстанда соңғы 3 ай ішінде ауырып шыққандарға да вакцина алмаса болады, ал екпеден бас тартып жұмысқа барғысы келетіндер аптасына 1 рет ПТР-тест тапсыруға міндетті). Бұл пандемия кезінде қолданылатын шара. Екі елде де КВИ вакцинасы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпе күнтізбесіне енгізілген. Біз «Қазақстанда қызметкер вакцина алудан бас тартқаны үшін жұмыстан шығарылады» дегенге жан-жақты мына мақалада тоқталдық. Сондай-ақ міндетті вакцинациялаудың құқықтық негіздерін адам құқығы тұрғысынан түсіндіретін материал жариялаған едік.

Арнайы біздің ресейлік оқырмандарымыз үшін қызметкердің вакцинациядан бас тартқаны үшін жұмыстан шығару мүмкіндігіне қатысты Гарант.ру ақпараттық-құқықтық порталы ұсынған түсініктемені ұсынамыз:

Бұл тұста Ресей Федерациясы Еңбек кодексінің 76-бабының 2 бөліміне назар аудару қажет. Оған сәйкес жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығаруға немесе жұмысқа шығармауға негіз болған жағдайларды жойғанға дейін жұмыстан шығарады (жұмысқа шығуға рұқсат бермейді). Басқаша айтқанда жұмыс беруші вакцинациядан бас тартқан қызметкерді жұмыстан эпидемиологиялық жағдай түзелгенге дейін шеттетуге құқылы.

Біз санитариялық қаулылар мен жарияланған түсіндірмелерді талдап шығып, жұмыс сипатына байланысты міндетті түрде вакцина алуы тиіс азаматтың не болса да келесідей таңдауы болады деген қорытындыға келдік: 1. вакцина алу; 2. вакцина алмай, эпидемиологиялық жағдай түзелгенге дейін қашықтан жұмыс істеу (егер ондай мүмкіндік болса); 3. апта сайын ПТР-тест тапсыру; 4. пандемия кезінде жұмыстан шығуға келісу. Қазақстан азаматтары үшін барлық аталған «таңдау», ал Ресей азаматтары үшін (мысалы Мәскеу және Мәскеу облысының тұрғындары үшін, ол жердегі тиісті қаулы бойынша белгіленген қызмет саласында вакцина алғандар саны 60% болуы керек) 1 және 4 пункт қол жетімді. Ресей Федерациясындағы міндетті вакцинацияның мерзімі мен халықты қамту көрсеткіші аймақтағы биліктің шешіміне байланысты. Сонымен қатар Ресей Федерациясында міндетті вакцинация қашықтан жұмыс істейтіндерге де қатысты.

Дегенмен екі елде де жұмыс беруші қызметкерді вакцинациядан бас тартқаны үшін жұмыстан шығаруға құқы жоқ. Алайда ҚР Әділет министрлігі міндетті вакцинацияның заңдылығын түсіндіріп отырады. Мұндай түсініктемелер ресейлік БАҚ-та да жарияланады.

Айта кетейік, мұндай жағдай бұрын-соңды болмағандықтан, айтылып жатқан шараларды жүзеге асыру тетіктері белгілі бір сұрақтар туғызады, алайда оның бүгінгі фактчек тақырыбына еш қатысы жоқ.

Бұған Нюрнберг кодексінің не қатысы бар?

Айта кетейік, «вакцинация Нюрнберг кодексіне қайшы» деген әңгімені Ұлттық экологиялық қордың ойлап тапқаны емес. Ол ағылшын тілді ортада былтыр сәуірде пайда болған еді.

Міндетті вакцинация Нюрнберг кодексіне қайшы ма?

Өткен жылдың мамыр айында бұл мәлімдемені AFP Fact Check тексерді. Ал биыл наурыз айында ол туралы грузиялық әріптестеріміз жазды. AFP Fact Check-ке берген сұхбатында Пенсильвания Университетінің биоэтика профессоры, доктор Джонатан Д.Морено «Нюрнберг кодексінде вакцинация емес, адамдарға жүргізілген эксперимент туралы айтылған» деп мәлімдеді. Оның университеттегі әріптесі, медицина этикасының профессоры Стивен Джофф былай дейді: «Вакциналар Нюрнберг кодексіне қай жағынан да қайшы емес».

Қаласаңыз Кодексті орыс немесе ағылшын тілінде оқып шықсаңыз болады.

Кодекс контексті

Бұл кодекс Нюрнберг әскери трибуналының аясында нацистік дәрігерлердің (АҚШ-тың Карл Брандтқа қарсы) сот процесі аяқталғаннан кейін қабылданды. Сотталған «медицина» өкілдері (20-дан астам адам) концлагерьлердің тұтқындарына медициналық эксперименттер жүргізді деп айыпталды. Процесс барысында адамдардың қатысуымен жүргізілетін медициналық эксперименттердің рұқсат ету принциптерін сипаттайтын Кодекстің ережелері жасалды. Бірінші тармақта, шынымен, эксперимент жүргізуде ең бастысы ерікті келісім екені айтылады.

Бірақ адамдардың қатысуымен өткізілетін түрлі медициналық эксперименттердің вакцинацияға еш қатысы жоқ. Көріп тұрғанымыздай, ақпарат қасақана бұрмаланған. Сондай-ақ Нюрнберг кодексінен кейін биоэтика мәселелерін реттейтін жан-жақты басқа да халықаралық актілер қабылданды, мысалы олар – Хельсинки декларациясы мен Биоэтика мен адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларация. Осыған қоса Қазақстан мен ЕЭҚ-те халықаралық актілермен келісілетін тиісті клиникалық практика стандарттары қабылданған. Осылайша антиваксерлер Нюрнберг трибуналы сияқты әлем тарихындағы атаулы әрі маңызды оқиғаларды өз ығына жығып, ақпаратты бұрмалап көрсетеді деген қорытынды шығаруға болады.

Кодекс мәселесін шешіп алдық дейік. Енді тексеріп отырған материалымыздағы одан да сорақы мәлімдемеге тоқталайық, яғни екпе арқылы «адам санын» азайту.

Мәлімдеме: 2009 жылы ДДСҰ-дағы евгеника кеңесі барысында Генри Киссинджер: «Адамдар бір отар қой сияқты міндетті вакцина алған кезде ойын аяқталады! Олар «жалпыға ортақ игілік» үшін бәрін, мысалы қанның да, ағзалардың да донорлығын қабылдайды. Біз балаларды генетикалық түрде өзгерте аламыз және оларды «жалпыға ортақ игілік» үшін зарарсыздандырамыз. Қойдың санасын басқаратын болсаңыз, отар сіздікі. Вакцина өндірушілер миллиардтаған ақша табады. Бүгін осы залда отырғандардың көпшілігі инвесторлар. Бұл мүлт жібермейтін мүмкіндік! Біз отарды азайтып жатырмыз және сол үшін ақша аламыз»

Ұлттық экологиялық қор

Үкім: Фейк

Бұл фейктің желіде жүргеніне бірнеше жыл болды және оны фактчекерлер талай рет тексерді. Мысалы Politifact 2019 жылы, яғни пандемияға дейін тексеріп тастаған еді. Бұл туралы Reuters, Fullfact, VoxUkraine және басқа да әріптестеріміз жазды. Қысқа қайырсақ, «ДДСҰ-да» евгеника бойынша кеңес жоқ және ешқашан болған емес. Бірақ мұнымен кезінде нацистер айналысты, олар өздерінің нәсілдік саясатын жүргізуді қалаған. Евгеника туралы көбірек білгіңіз келсе мына сілтемені бассаңыз болады.

Ал Киссинджер 2009 жылы Токио мен Парижде де ғана сөз сөйлеген және ешқайсысында вакцинация туралы айтпаған.

Instagram-да #неговорилятакойфигни тэгіне жазылуды ұсынамыз, біз ол жерде түрлі цитаталарды талдаймыз.

Қорытынды:

  • Тексеріп отырған материалдың авторлары өз оқырмандарын «вакцинация (барлық қажетті сынақ кезеңдерінен өткен дәрі-дәрмектер) эксперимент ретінде жүріп жатыр» деп адастырып отыр.
  • Тексеріп отырған материал вакцинацияға қарсы түрлі фейктерге толы. Соның бірі – тіпті пандемияға дейін пайда болған «Киссинджердің айтқан сөзі».
  • Сондай-ақ материал Нюрнберг трибуналы сияқты әлем тарихындағы атаулы әрі маңызды оқиғаларды өз ығына жығып, ақпаратты бұрмалап көрсетеді. Оның арасында Нюрнберг кодексі де бар.
  • Қазақстанда және Ресейдің бірқатар аймағында коронавирусқа қарсы вакцина салдыру жаппай бәріне емес, белгілі бір қызмет саласында жұмыс істейтін азаматтар үшін ғана міндетті.
  • Осыған қоса міндетті вакцинацияның құқықтық негізі бар. Заң бойынша екпеден бас тартқан адамдарды жұмыстан эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келгенге дейін шығаруға болады.
  • Өз жұмысының сипатына қарай вакцинациялауға жататын азаматтарда заң тұрғысында белгілі бір таңдау бар: мысалы екпе алу немесе ПТР-тест тапсыру.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz