Алматыда Путиннің келуіне наразы болған төрт белсенді ұсталды

Алматыда полиция Ресей елшілігі алдына наразылыққа шыққан төрт белсендіні ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

Белсенділер Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға жоспарланған сапарына наразылық білдіру үшін шыққан. Олардың қолында плакат, Украина туымен түстес сары-көк гүл шоғы болған. Алайда белсенділер өз талаптарын айтып үлгермеген. Қауіпсіздік күштері оларды бірден газеліне отырғызып әкеткен.

Полиция белсенділерді ұстау себебін түсіндірмеді және олардың қайда жеткізілгені әзірге белгісіз.

Азаттықтың хабарлауынша, белсенділер келгенге дейін де жер өткелі мен елшілік маңайында жиырма шақты полиция қызметкері және екі газель автозак тұрған. Оған қоса олар Ресей консулдығы маңынан өткен барлық адамды тексерген.

Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылғы 12-14 қазанда Астанаға сапары жоспарланғаны хабарланған.

Factcheck.kz