Путин Адольф Хитлер сияқты “Менің күресім” атты кітап жазды ма?

Интернет желісінде “Менің күресім” (Моя борьба) атты кітап қызу талқыға түсті. Қолданушылардың сөзінше, бұл еңбекті Ресей президенті Владимир Путин жазған.

“Проверено” фактчекерлері ақпаратты тексерді.

Ресей президентінің “Менің күресім” атты кітабы туралы ақпарат Вконтакте, Twitter, Facebook әлеуметтік желілерінде жарияланды. Ондағы кітаптың мұқабасында кимано киген Путиннің суреті бейнеленген. Тіпті, Reddit сайтының бір қолданушысы аталмыш кітапты кітапханадан сатып алғанын мәлімдеген.

Бұл ақпаратты ресейлік оппозиция саясаткері, Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасының бұрынғы депутаты Геннадий Гудков жариялағаннан кейін интернетте кеңінен тарай бастады. Осы материалды жазып жатқанда жазба 473 000 қаралым, 4 283 лайк және 810 ретвит жинап үлгерді. Өз постында Гудков Путиннің кітабының суретін нацизмнің негізгі идеялары сипатталған Адольф Хитлердің “Мейн Кампф” (нем. “Менің күресім”) атты еңбегімен бірге салып қойған.

Алайда фактчекерлер Ресей президентінің “Менің күресім” атты кітабын интернет-дүкендерден де, Ozon, Wildberries немесе “Яндекс.Маркет” сияқты платформалардан да таппады. Ресейлік медиа да бұл еңбек туралы ештеңе жазбаған. БАҚ пен кітап дүкендерінің каталогтарына сүйенсек, Путин үш кітапты жазуға қатысқан. Үшеуі де дзюдошыларға арналған оқу құралдары: “Дзюдо. Тарих, теория, практика” (2000), “Владимир Путинмен бірге дзюдо үйрену” (2002) және “Дзюдо өнері. Ойыннан шеберлікке” (2015).

Путин Адольф Хитлер сияқты "Менің күресім" атты кітап жазды ма?
“Владимир Путинмен бірге дзюдо үйрену” кітабы (2002)

Фактчекерлер Путиннің “Менің күресім” кітабын сатқаны туралы тек бір хабарландыруды анықтады. Ол “Вконтакте” желісіндегі “Мы За путина| Патриоты России” атты қауымдастықта жарияланған. Алайда ол біраз уақыттан соң кітап сатылатын тауарлар тізімінен жоғалып кетті. Архивтегі нұсқаға сәйкес, кітаптың бір данасының бағасы — 750 рубль. Геннадий Гудковтың Twitter-індегі постында да дәл осы баға көрсетілген.

Үкіметті қолдайтын қауымдастықта хабарландырудың не себепті пайда болғаны және өшірілгені белгісіз. Авторлар “Проверено” басылымы фактчекерлері жолдаған сауалға да жауап қатпады.

Барлық жарияланымда бірдей мұқаба суреті тараған. Ресейлік “Лапша” ақпараттық жобасы 2004 жылы Svalko.org форумының қолданушысының бірінің әзілдеп, “фотожаба” деген тегпен осы фотоны жариялағанын анықтады. Содан бері “мұқаба” онлайн кеңістікте тағы бірнеше рет пайда болды. Мысалы, 2020 жылы Twitter қолданушысы YuraYakunin әзілдеп: “Роскомнадзор Ресейде Путиннің “Менің күресім” кітабының неміс тіліндегі аудармасын сатуға тыйым салды”,-деген.

Путин Адольф Хитлер сияқты "Менің күресім" атты кітап жазды ма?
Svalko.org форумы скриншоты

Осылайша, Ресей Федерациясының президентінің “Менің күресім” кітабын жазғанын растайтын бірде-бір ақпарат жоқ. Ал интернетте тараған мұқаба 2004 жылы әзіл ретінде жасалған болып шықты. 19 жылдан соң саясаткер Геннадий Гудков мұқабаны әдейі немесе қателесіп жариялаған болса керек.

Factcheck.kz