Техас губернаторы «Байден Путиннен жұмыс істеуді үйренуі керек» деді ме?

Желіде Техас губернаторы Грег Эббот америкалық «Fox News» телеарнасына берген сұхбатында «Байден Путиннен ұлттық мүдделер үшін жұмыс істеуді үйренуі керек» деп мәлімдеген видеосы тарады. Бұл ақпаратты бірнеше ресейшіл медиа (1, 2, 3, 4, 5, 6), Telegram-арналар (1, 2, 3), «ВКонтакте» желісіндегі топтар (1, 2, 3), блог-сайттар (1, 2) таратты. Reuters видеоның жалған екенін анықтады.

Бұрмаланып, аудио жазба қосылған видеоны алғаш рет 1 ақпанда «Х» желісіне (бұрынғы «Twitter») @djuric_zlatko аккаунты жариялаған. Қызығы, алғашында орысша субтитрлер қосылған бейне ағылшын тіліндегі жазбалармен тарай бастаған, видео Эбботтың Техастағы көші-қон мәселесін талқылауынан басталады. Бейненің 0:28-ден 0:38-ге дейінгі уақыт аралығында Эббот экраннан тыс кезде: «Егер президент нақты ішкі мәселелерді шешіп, Путинмен ойнауға тырыспаса және одан ұлттық мүдде үшін жұмыс істеуді үйренсе, бәрі басқаша болар еді» деп айтады-мыс.

Видеоның түпнұсқасы «Fox News»-тің ресми YouTube арнасында 5 қаңтарда жарияланған. Желіде тараған фейк-видео түпнұсқаның 1:11 минутында басталады. 1:40-тан 1:46-ға дейінгі аралықта аудио өзгертілген және Эбботт онда «Байден Путиннен жұмыс істеуді үйренуі керек» деп айтпаған.

Шын мәнінде Техас губернаторы «Егер Байден әкімшілігі Конгресс қабылдаған иммиграциялық заңдарды орындаса, Нью-Йорк мэрлері, Нью-Джерси мен Чикаго жетекшілері және т.б. мұндай проблемалар болмас еді» деп мәлімдеген.

«Fox News» өкілі Reuters басылымына берген ақпаратында «(фейк-видеодағы — авт.) аудионың өзгертілгенін және сұхбат бөлігі емес екенін растай аламын» деп хабарлаған.

Техас губернаторы «Fox News» телеарнасына берген сұхбатының еш жерінде «Байден Путиннен жұмыс істеуді үйренуі керек» деп айтпаған. Видеоның 1:40-1:46 бөлігі өзгертілген, ал түпнұсқада Эбботт шекарадағы иммигранттардың көбеюіне Байденнің саясатын айыптайды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz