COVID-19-ға қарсы вакцинадан скополамин препараты табылғаны рас па?

Желіде “коронавирусқа қарсы вакцина құрамында скополамин препараты бар” деген ақпарат тарады. Reuters агенттігі ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Reuters дерегінше, бастапқыда бұл ақпарат белгісіз дереккөздерге сілтеме жасап, үнемі фейк тарататын Real Raw News сайтында пайда болған. Сайттағы мақала былай басталады: “АҚШ әскері балаларға арналған Covid-19 вакцинасынан скополамин тапты. Бұл туралы генерал Дэвид Х. Бергердің кеңсесіндегі дереккөздер Real Raw News-ке хабарлады». (генерал Дэвид Х. Бергер — Теңіз әскерінің коменданты).

Әскери-теңіз күштерінің өкілі Райан Брюс Reuters-ке “мақаладағы теңіз әскеріне қатысты бірде-бір ақпарат шындыққа жанаспайтынын” мәлімдеген.

Сонымен қатар, мақала авторы скополаминнің адамды ерік-жігерден айыратын және ЦРУ-дың “шындық сарысуында” қолданылатын “зомби дәрі” ретінде сипаттайды. Алайда, Reuters ақпаратына сай, “препарат жауап алу барысында галлюцинация мен ұйқышылдық, бас ауруы, жүректің қатты соғуы және көру қабілетінің бұзылуын тудырып, тергеуге кедергі келтіретіндіктен, ЦРУ оны шындық сарысуы ретінде қолданбайды”.

Бұдан бөлек, Real Raw News мақаласында “скополамин балаларды өлтіру үшін немесе бұйрықтарды орындауға мәжбүрлеу үшін қолданылуы мүмкін” делінген.

Шын мәнінде, скополамин медицинада анестезия ретінде немесе отадан кейінгі жүрек айну мен құсуды емдеу үшін қолданылады.

Бұдан бөлек, скополаминнің ең көп тараған жанама әсері — “жүйке жүйесінің қозуы”. Талып қалу, ес жоғалту — скополаминнің артық дозалануының белгісі болса да, COVID-19 вакцинасының дозасының аз мөлшерін ескерсек, бұлай болуы — екіталай. Өйткені, 6 жасқа дейінгі балаларға арналған “Модерна” вакцинасының дозасы — 0,25 мл, ал скополаминнің 3-6 жастағы балаларға арналған мөлшері — 0,2-0,3 мл. Reuters ақпаратынша, вакцина құтысында скополаминнен басқа ештеңе болмаса да, бұл артық дозалануға әкелмес еді.

Контекст

  • Ақпанда америкалық комик және блогер, “The Joe Rogan Experience” подкастының жүргізушісі Джо Роган вакцинаға қатысты дезинформация таратқаны үшін Spotify-дан, тыңдаушылар мен көрермендерден кешірім сұрады.
  • Вакцина туралы расталмаған дерек таратқаны үшін бірнеше рет сынға алынған вирусолог Роберт Мэлоун желтоқсанда Джо Роган подкастында болған. Осыған байланысты 200-ден астам дәрігер, ғалым мен медицина қызметкерлері Spotify-ға протест хатын жолдаған.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz