Алматыда бейбіт жиын мен шеру өтетін орындар өзгертілді. Бұл туралы «Азаттық Радиосы» хабарлады.
Бұған дейін Алматыда Махатма Ганди атындағы саябақта, Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта және “Сарыарқа” кинотеатры артындағы алаңда бейбіт жиын өткізуге болатын. Оған қоса қала әкімдігі Шевченко көшесінде Уәлиханов атындағы алаңнан Ганди саябағына дейін шеру ұйымдастыруға рұқсат беретін.
Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбековтің айтуынша, Уәлиханов саябағында бейбіт жиын өтетін кезде Достық даңғылынан Қонаев көшесіне дейінгі жол жабылып, салдарынан кептеліс көбейіп, қоғамдық көлік кестесі бұзылады. Сол маңда тұратын қала азаматтары бұл саябақта митинг өткізбеуді сұрап, митинг тыныштықты бұзатынын, сквердің сырт келбетіне нұқсан келтіретінін айтып, өтініш жіберген. Алматы қаласының полиция департаменті де “қаладағы қауіпсіздікке байланысты” бейбіт жиын өткізетін орындарға өзгертуді сұрағанын айтады.
Оған қоса басқарма шеру өткізетін бағытты Жамбыл көшесіндегі Гагарин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін өзгертуді ұсынды. Ауыстыруға шеру салдарынан туындайтын кептілесті себеп деп атады.
Осы мәселені ескеріп, мәслихат депутаттары бейбіт жиынды Уәлиханов атындағы саябақты (1000 адамға арналған) Абылай хан даңғылындағы Амангелді Иманов атындағы саябаққа (500 адамға арналған) ауыстыруды ұсынды. Басқарма өкілінің айтуынша, “мұнда көшелерді жабудың қажеті жоқ, жақын маңайда үйлер жоқ” деді. Ал “Сары-Арқа” кинотеатры артындағы алаңда бейбіт жиынға қатысатын адам санын 500-ден 1000-ға дейін көбейтті.