Жылына екі рет жұмыс істеп, 20 мың доллар табуға бола ма?

Әлеуметтік желі мен ойын-сауық сайттарында жылына тек екі рет жұмыс істеп, 20 000 доллар табыс табуға болатыны туралы ақпарат тарады.
Мысал ретінде АҚШ-тағы механик-электриктің жұмысы келтірілген, ол жарты жылда бір рет теледидар мұнарасындағы жарықты тексеріп, аталған сомманы алады деседі. Factcheck.kg сайтындағы әріптестеріміз деректің рас-өтірігін тексерді.

Суретті кері іздеу жүйесі 2015 жылы PopularMechanics веб-сайтына жарияланған мақала сілтемесін тапты. Ондағы видеода ер адам теледидар мұнарасының жоғарғы жағына көтеріліп бара жатады. Бейненің соңындағы титрде ер адамның Кевин Шмидт екені, ал видеоны Prairie Aerial Photography компаниясының иесі Тодд Торин мен оның ұлы Джозеф түсіргені жазылған.

Видео Оңтүстік Дакотадағы Сейлем қаласының маңында түсірілген және 2014 жылғы қарашада YouTube-қа жүктелген. Ол кеңінен тарап, бір аптадан аз уақыт ішінде миллионнан астам рет қаралған. Бүгінде видео 18 миллионнан астам қаралым жинаған.

Кевин Шмидтің теледидар мұнарасына жарты жылда бір рет қана көтерілетіні жөніндегі тұжырым шындыққа жанаспайды. Ол сегіз жыл ішінде кез келген маусымда, тіпті 90 км/сағ жылдамдықпен ондаған штатта жүздеген мұнараға шыққан.

Видеоның сипаттамасында да теледидар мұнарасының биіктігі дұрыс айтылмаған. Бейне атауына сүйенсек, биіктігі — 610 емес, 1 500 фут немесе 457 метр.

Кевин мен оның әріптестерінің жалақысы туралы ақпаратты Vicor Tale construction (бұрынғы Sioux Falls Towers) веб-сайтынан табуға болады. Мұнара технигінің (Tower Technician) шамамен жылдық жалақысы 70 000 доллар екені, бригадир болса, 95 000 долларға дейін көтерілетіні анықталды.

Техник Кевин Шмидт ең биік мұнараларда жұмыс істейтіні рас, бірақ ол оларға жиі көтеріледі. Ал жылдық жалақысы 20 мың доллардан 3,5 есе жоғары.

Factcheck.kz сайтынан: осылайша, Қырғызстандағы әріптестеріміз жылына тек екі рет жұмыс істеп, 20 мың доллар табуға болатыны туралы басты мифті жоққа шығарды.

Factcheck.kz