Мерзімі өткен дәріні ішуге бола ма?

Дисклеймер: материалды мерзімі өткен дәріні ішуге үгіттеу деп қабылдамауыңызды сұраймыз. Жарамдылығы өткен дәріні өзіңіз тұтынсаңыз я болмаса өзге біреуге берсеңіз, бұл мақала сізді мораль және заң тұрғысындағы жауапкершіліктен босатпайды әрі аргумент бола алмайды. Материал тек білім беру мақсатында ғана жазылған және мерзімі өткен дәрілердің қауіпсіздігі туралы біржақты қорытынды шығармайды. Не де болса қорытынды өзгеріссіз қала бермек — «мерзімі өткен» дәрілерді қолдануға болмайды.

Көбіміздің үйіміздегі сөреде мерзімі өткен дәрі-дәрмек жатады. Оларды қолдануға болмайтыны туралы пікір де қалыптасқан. Factcheck.kz бүгінгі материалда жарамдылық мерзімі өткен дәрілердің адам денсаулығына қаупі бар-жоғын, мұндай дәрілердің қаншалық тиімді-тиімсіз екенін анықтап көрді.

Ғалымдар мен эксперттер не дейді?

Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмекті қолдануға қатысты әр жылы әртүрлі зерттеу жүргізіледі. Соның ішінде Пентагонның тапсырысы бойынша Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасының (FDA) жасаған зерттеуіне көптеген ғылыми журнал мен медиа сүйенеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарында АҚШ әскерилері қоймаларда әскери мақсатта сақталатын дәрі-дәрмектің сақтау мерзімін жылдар бойына ұзартуға болып-болмайтынын анықтауға шешім қабылдады. Мұны олар миллиондаған долларды үнемдеу үшін қолға алды.

Академиялық баспа кітапханасында орналасқан 2006 жылғы «Stability Profiles of Drug Products Extended beyond Labeled Expiration Dates» деген басылымда (авторлары Робб С. Лион, Джеб С. Тейлор, Донна А. Портер, Хуллахарри Р. Прасанна, Аджаз С. Хуссейн) Wiley InterScience зерттеуінің нәтижелері баяндалған.

SLEP бағдарламасы аясында 122 дәрілік препараттың 3 мыңнан астам партиясы бағаланды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, дәрілік заттың 88%-інің жарамдылық мерзімі бастапқы мерзімінен орта есеппен 66 айға ұзартылды (максимал ұзарту 278 айға дейін). Амоксициллин, ципрофлоксацин, маннитол, дифенгидрамин, натрий оксациллині, морфин сульфаты және тағы басқа дәрілері жарамдылық мерзімі өткеннен кейін де тиімділігін жоғалтпаған.

Сонымен қатар шолу авторлардың қорытындылары мен шағын зерттеулерін ұсынады: зерттеудің бірінде (Stark G, Fawcett JP, Tucker IG. 1997. A study of the stability of some commercial drug dosage forms beyond their expiration dates. Pharm J 258:637–640) каптоприл дәрілері, флуклоксациллин капсулалары, цефокситин инъекциялары және теофиллин дәрілері жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін 18-170 ай ішінде 98%-ке дейін тиімді болғанын анықтаған.

АҚШ әскерінің талдауында зерттелген кейбір дәрі-дәрмекке қатысты мәлімет Drugs.com уеб-сайтында да бар. Бұл сайт — 24 мыңнан астам рецептпен не рецептсіз сатылатын дәрілер мен табиғи өнімдер туралы тегін, рецензияланған, нақты және тәуелсіз деректерді ұсынатын ақпарат ресурсы.

Аға фармацевт Ли Энн Андерсонның шолуында нақты деректер келтіріледі — ол дәл сол 122 дәрі туралы нақты мысалдар айтқан: амоксициллин, ципрофлоксацин, дифенгидрамин және инъекцияға арналған морфин сульфатының жарамдылық мерзімі 12 айдан 184-ке дейін ұзартылды. Ал АҚШ-та радиациялық төтенше жағдай үшін сақталатын калий йодиді 20 жылда айтарлықтай ыдырамаған.

Одан бөлек басқа да жаңартылған дерек бар: FDA 2020 жылғы маусымда 75 мг болатын капсула күйіндегі Тамифлю (осельтамивир), Реленза (занамивир) сияқты вирусқа препараттарды дұрыс жерде сақтаса, мерзімін 10-15 жылға ұзартуға болатынын мәлімдеген.

Оған қоса автор The Medical Letter on Drugs and Therapeutics деген медицина журналының жарияланыма сілтеме берген. Ол мақалада көптеген дәрінің мерзімі өтіп кеткеннен кейін де 10 жылдай жарамды болатыны жазылған.

Кепілдік пен парасат мәселесі

Осылайша, бұл мәселені үстірт қарап шыққанның өзінде дәрі-дәрмектің қаптамасында жазылған мерзімнен де ұзақ уақытқа тиімді екенін түсінуге болады. Бірақ өндірушілер мен реттеу органдары бұл нәрсеге қатаң қарайды. Оған себеп те бар.

Мысалы, әскери қоймадағы дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімін созған FDA органының өзі мерзімі өткен дәріні қолданбау керек екенін айтады. Олардың ескертуінде жарамдылық мерзімі өткен дәрілердің тиімділігі төмен екенін, оған қоса олар инфекциядан құтылуға көмектесіп қана қоймай, қауіпті бактерияға төзімді ететіні айтылған.

Ал Drugs.com сайты қолдануға болмайтын мерзімі өткен дәрі-дәрмектің тізімін жасаған:

  1. Қант диабетіндегі қант деңгейін бақылау үшін қолданылатын инсулин жарамдылық мерзімі өткеннен кейін ыдырауы мүмкін.
  2. Кеуде ауырғанда ішетін нитроглицерин құтысын ашқаннан кейін тиімділігін тез жоғалтуы мүмкін.
  3. Вакциналар, биологиялық препараттар немесе қан өнімдері де жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін тез ыдырауы мүмкін.
  4. Тетрациклин антибиотиктері, химиотерапиялық препараттар, вирусқа қарсы препараттар, аминогликозидтер және антиконвульсанттар Фанкони синдромына әкелуі мүмкін (бүйрек түтікшелерінің ауруы, денеден кейбір заттардың артық шығарылуы).
  5. Ескі болып көрінетін дәрілерді, қатты иісі бар немесе кептірілген дәрілерді (жақпа немесе крем жағдайында) жарамдылық мерзімі өтпесе де, тастау керек.
  6. Инъекцияға арналған дәрі-дәрмектің түр-түсі өзгерсе, оның мерзімінің өтіп-өтпегеніне қарамастан, тастау керек.

Түрлі елдегі кәсіби мамандар қауымдастығы да мемлекеттік реттеушілердің көзқарасын қолдайды. Мысалы, Канадалық фармацевтика қауымдастығы дәрі-дәрмек өндіретіндер препараттарының сыртында жазылған мерзімге дейін ғана қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты кепілдік бере алады.

Бұл мәселеде өндірушінің кепілдіктері туралы Ресейдегі Сеченов университетінің сайтында медицина ғылымдарының докторы Алексей Буеверовтың пікірі айтылған.

Кейбір ғылыми журнал, басылым кей дәрі-дәрмектің қабында жазылған жарамдылық мерзімі шын мәніндегісінен төмен етіп жазылатын мәлімдейді. Олар екі факторға сүйенеді. Біріншісі — өндірушілер қауіпсіздік үшін сақтанатыны. Мысалы, ауыр инфекциясы бар адам антибиотиктерді қабылдап, олар тиімсіз болып қалды делік. Тіпті, дәрі зиянын тигізсе, өндірушілер сотқа дейін баруы мүмкін. Осындай жағдайдан сақтану үшін жасалған шара болуы ықтимал. Екінші фактор — экономикалық мәселе. Адамдар препаратты неғұрлым көп сатып алса, кәсіпке соғұрлым көп пайда түседі.

Алексей Буеверов.

“Бірақ әр дәрінің мерзімі әртүрлі екенін ескерген жөн. Кейбірінің мерзімі тез бітсе, енді бірін мәңгі нашарламайды. Мысалы, белсендірілген көмір”, – дейді Буеверов. Оған қоса ол қаптамасы ашылған препараттар оттегінің, ылғалдың, температураның және жарықтың әсерінен әлдеқайда аз сақталатынын айтады.

Factcheck.kz редакциясынан: осылайша, дәрі-дәрмек қаптамада көрсетілген мерзімінен де ұзақ уақытқа сақталатыны ғылыми дәлелдермен расталған. Бірақ “дәрі” деген сөздің артында түрлі формадағы химиялық заттар тұрғанын ескерген жөн. Оның үстіне, сарапшылардың айтуынша, бірінші орынға өндірушілердің кепілдігі мәселесі шығады. Оған қоса дәріні сақтау шарттарына назар аудартқымыз келеді: SLEP бағдарламасы мен FDA талдауы туралы жазған көптеген басылым АҚШ қоймаларында дәрі-дәрмек сақтаудың шарттары жөнінде баяндаған. Тағы да ескертеміз: бұл материал жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді ішуге болатынын білдірмейді. Біз оны құптамаймыз. Редакция дәріні қаптамасында жазылған мерзімге дейін ғана қолдануға кеңес береді.

Factcheck.kz