Қазақ тілінде феминитивтер бар ма?

Көп тілде гендерлік даралықты меңзейтін сөздер бар. Қоғамның басым бөлігі елемегенімен, қазақ тілінде де мұндай сөздерді жоқ дей алмаймыз. Себебі гендерге сілтейтін “аға оқытушы, төраға” және “азамат, азаматша” деген сөздер кездеседі. Алайда тіл мамандары бұл сөздерді гендермен байланыстырмайды. Бірақ белсенділер мәселе ортасында адам тұруы керек, демек, кім өзін қалай атағысы келсе, таңдау құқығы барын айтады. Factcheck.kz мәселені талдауға тырысты.

Негізінде гендердік бейтарап тіл — стереотиптер мен алалауды азайту үшін қолданылады. Тілдің еркек пен әйелге симметриялық теңдей қатысты болуы үшін екі стратегия пайдаланылады: тілді бейтараптандыру және феминдеу. Бейтараптандыру тілдегі гендерлік даралықты меңзейтін сөздерді “гендерсіздендіру” (ортақтандыру) арқылы, ал феминдеу (көп жағдайда) әйелдерге қатысты аффикстерді жалғау арқылы жүзеге асады.

Феминитив — белгілі бір мамандықтың, әлеуметтік статустың әйелге қатысы барын білдіретін сөздер. Ол сөздердің түбірі еркекке қатысты болғаны үшін мұның феминизацияланғанын білдіру мақсатында жұрнақтар жалғануы мүмкін (мысалы, азамат-азаматША). Жалпы феминитив сөздер әр тілдің өз ерекшелігіне байланысты қалыптасады. Қазақ тілінің өзгешелігі — феминитив сөздер аз, бірақ бар.

Феминитивтердің қалыптасуы әр тілдің даралығына байланысты ерекшеленеді. Мысалы, орыс тілінде “род” категориясы анық байқалатындықтан феминитив көп және тілді феминизациялау процесі айтарлықтай дау тудыруы мүмкін. Орыс тілінде феминитивтің пайда болуы гендерлік теңдік және әйел эмансипациясымен қатар жүреді. Феминитив сөздер -ка, -ница және т.б. аффикстері жалғануы арқылы қалыптасады. Мысалы, “спортсменКА, писательНИЦА” және т.б.

Феминитивы: авторка против!
Орыс тіліндегі феминитивтер дауына қатысты желіде тараған әзіл-сурет

Ал ағылшын тілінде “род” категориясы есімдіктер мен тіршілік иелерінің аты/атауларында қолданылады. Яғни ағылшындарға феминитив сөз қалыптастыру орыс тіліндегідей қиындық тудырмайды. Тілде сөзді феминизациялау -ess және -ette секілді аффикстердің жалғануы арқылы пайда болады. Мысалы, actress (әртіс әйел) және usherette (театрда билет тексеретін әйел адам).

Мамандар ойы

Филология ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Рсалиева сөзінше, феминитивтер өткен ғасырдың аяғындағы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы пайда болған феминистік қозғалыстармен байланысты. Бұл ерлер атқарған қызметтерге әйелдердің де араласуы тілдегі қолданыста да көрініс табуы керек деген ұстанымнан шыққан. Қазақ тілінде де мұндай лексиканың белгілері кейінгі кезде ғана пайда бола бастаған.

Бірақ Н. Рсалиева пікірінше, феминитивтерді “қолдан жасамау керек”. “Қажет жерінде қыз бала, ер бала, ер кісі, әйел кісі деп «детальдарын» анықтап аламыз. Сондықтан ондай сөздерді жасандылықпен қолдан жасамау керек. Жоқ проблеманы түртіп, басқа пәле сатып алудың керегі жоқ. <…> Ағылшындар сhairmanтөраға деген сөзін сhairperson, mankindадамзат деген сөзін humanity деген сөздермен алмастырды. Айта берсең, жыры көп. Әсіресе француз тілінің жағдайы тым қиындап кеткен. Біздегідей үшінші жаққа ол, олар деген екі жіктеу есімдігін қолданып қоя салмайды, оларда жекеше үшінші жаққа ерге, әйелге қолданатын есімдіктері бөлек және олардың көпше түрлері тағы бөлек есімдіктермен беріледі”-дейді.

Оның сөзінше, қазақ тіліндегі гендерлікке меңзейтін сөздердің басқа да мағынасын қабылдауымыз керек. “Жалпы аға деген сөздің бастапқы мағынасы «еркек» ұғымын берсе де, бұл қазір жай лексема емес, аға деген сөз – концепт – көп мағыналы, үлкен ұғым. Тек қазақ тілінде емес, ағылшын тілінде де солай, `big brother` тіркесін сөздіктерден қарап көрсеңіз, тіркестің кең мағыналы ұғым екенін көресіз, оның ішінде біз іздеп отырған мағыналарын да табасыз. Сондықтан, аға деген сөздің бастапқы мағынасынан басқа да мағыналарын қабылдауымыз керек”-дейді ол.

Редактор Назгүл Қожабек те әріптесінің сөзін қуаттайды және мамандық пен лауазымда жыныс болмайтынын айтады. “Аға оқытушы, төраға” деген сөздерді өмір бойы естіп келе жатсам да, университетте талай әйел ұстаз “аға оқытушы” болып жүрсе де, бұл сөзден гендерлік ерекшелік көрмеппін. Бертінге дейін бұл сөздер әйелдерді алалайды, еркектерге басымдық береді деген ой болмапты. Мамандық, лауазым атауын бейтарап, гендерлік байланымы жоқ сөздер деп қабылдаймын өз басым. Сондықтан, “апа оқытушы” сынды сөздер мен үшін абсурд. Қазіргі орысша не ағылшынша феминитивтер үрдісі қазақ тіліне кірсе, қызықтың көкесі сонда болады”-дейді ол.

Ал қоғам не дейді?

Феминист белсенді Гүлзада Сержан тіл мамандарымен келіспейді. Оның сөзінше, тіл дамитын және өзгеретін байланыс құралы. Бұрыннан саяси маңызды шешімдерді еркектер шешкен және қазір мұндай жиынға қатысқан адамдарды “азаматтар” деп атасаң, бірден ойға тек еркектер келуі мүмкін, бұл бейсаналы болатын процесс. Бірақ әйелдердің де маңызды шешім қабылдауға араласып жатқанын сипаттау үшін “азаматША” деп айту қажет. Қазақ тілінде гендерлік сипаттағы сөздер аз. Орыс тілі гендерлік сенсетив болғаны үшін ол жерде мұны көтеру және айту маңызды. Г. Сержан “әйел өзін қалай атағаны дұрыс деп санаса, солай атау қажет, бұл жерде қысым болмауы керек. <…> Феминистер салғыласу үшін, ұрыс-керіс жасау үшін емес, әйелдердің еңбек саласына келгенін атап өту, көрсету және бағалау [үшін феминитивтер туралы айтады]”-дейді.

Zertteu Research Institute қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, феминитивтің болуы не болмауының маңызы жоқ және “азаматША” деген сөз секілді “құбыжық” ойлап табудың да қажеті шамалы. “Ал “аға оқытушы” деген секілді жынысты білдіретін сөздердің бары рас. Алайда, мен түсінбейтін және келіспейтін бір түсінік бар: егер бізде “аға оқытушы” болса, неліктен міндетті түрде “әпке оқытушы” болуы керек? Мүмкін “аға оқытушыны” алып тастап, бейтарап бір статус енгізу керек шығар? Бұл бейтарап не балама сөз жасаудан гөрі, ерегеске ұқсайды”-дейді Ғ. Оразымбет.

Әйелдерге қарағанда еркектерге билік пен биік әлеуметтік статус беретін дәстүрлі гендерлік иерархияда барлық адам үшін еркектік форманың қолданылуы қалыпты құбылыс. Reuters агенттігінің 1996-1997 жылдары ағылшын тілінде жариялаған 800 000 жаңалығына талдау he есімдігі she-ге қарағанда көбірек пайдаланылғанын және оның әлдеқайда позитив тонда жазылғанын көрсеткен. Әйел мен еркек теңдігі мен есімдіктердің қолданылуы арасындағы байланыс тағы басқа зерттеулерде байқалған: 1900–2008 жылдары аралығында АҚШ-та жарияланған 1,2 млн кітапты талдау кезінде есімдіктердің қолданылуы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты екені анықталған.

Қазақ тіліндегі сөздердің пайдаланылуы мен статистикалық деректердің арасында корреляция бар-жоғы туралы нақты ештеңе айта алмаймыз. Бірақ тілімізде гендерге сілтейтін сөздер де бар, алалау көрсеткіші де (гендерлік стереотиптер) көңіл көншітпейді. Мысалы, MediaNet-тің “Қазақстандықтардың әйелдердің ақысыз еңбегіне қатысты ойлары” сауалнамасының деректеріне сәйкес, қазақстандық әйелдердің 44%-і күн сайын ақысыз жұмысқа 6 сағаттан астам уақытын жұмсайды. Оның үстіне, отбасылардың 93%-інде тамақ дайындау, тамақтандырумен әйелдер айналысатыны, үй жинауға, кір жууға (91%) және балаларға не отбасы мүшелерін (88%) күтуге жауап беретіні анықталған. Гендерлік алшақтық туралы жаһандық есепке сай, Қазақстан позициясы жылдан-жылға төмендеп келеді. Global Gender Gap Report дерегіне сәйкес, еліміз 2006 жылы 32-орында болып, 2021 жылы 80-орынға түскен. Қазақстанда әйелдердің еңбегіне ерлердікіне қарағанда аз төленеді. Олар орта мәнде ерлер еңбекақысының 68,6%-ін алады.

Қорытынды

Қалай болғанда да қазақ тілінде адамды жынысына қарай бөлетін (бәлкім алалайтын) патриархат сарқыншағы ретіндегі сөздер бары шын. Бірақ барлығы адамның қабылдауына және қоғам мәдениетінің өзгеруіне келіп тіреледі. Әзірше тіл маманының көбі мен белсенділер позициясының арасында келіспеушілік бары түсінікті. Алайда, бұл қандай да бір компромисске келе отырып шешімін табуға тиіс мәселе екені анық.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктіліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz