Әйел мен саясат: маңызы, әсері және кедергілер

Бүгінде саясаттан аулақ болу, араласпау қоғамның жаңа “нормасы” секілді көрінуі мүмкін. Бәлкім сіз досыңыздан, танысыңыздан не туысыңыздан “саясатқа қызықпаймын”, “жаңалық оқымаймын” дегенін де естіген боларсыз? Біраз уақыт өткен соң дәл сол адам жолдың нашар екеніне, азық-түліктің қымбаттағанына не жанармай бағасының өскеніне шағымданып отырғанын көруіңіз мүмкін. Иә, мұндай жағдай сіз саясатқа қызықпасаңыз да, мемлекеттік саясат үшін сіз “қызық” екеніңізді көрсетеді. Ал ол саясатты кім жүргізеді? Біздің саясаткерлердің қаншасы еркек және қаншасы әйел? Мұндай гендерлік теңдікке не үшін мән беру маңызды? Төменде осы сұрақ төңірегінде ой өрбиді.

Не үшін керек?

Әйелдердің саяси көшбасшылығы қоғамдағы басқа да әйелдер мен қыздар үшін, сондай-ақ бүкіл әлеумет үшін оң нәтижелерге әкеледі. Саяси басшылықта әйелдердің көп болуы экономиканың өсуі мен дамуына көмектесіп, саяси ілгерілеуді қамтамасыз етеді.

Қоғамның дамуы мен демократияның жетілгендігінің көрінісінің бірі — гендерлік теңдік және әйелдердің ерлермен қатар саясатқа араласуы. Демократия мемлекеттік маңызы бар мәселелер шешімін табу процессіне халықтың жартысы қатыспай қалуына жол бере алмайды. Әйелдердің басшылық қызметте болуы тек әлеуметтік теңдік туралы абстракт түсінікпен шектелмейді. Бұл демократияның жақсы жұмыс істеуі үшін де қажет. Мұның кем дегенде екі себебі бар.

Бірінші, үкімет құрамы тұтастай алғанда неғұрлым қоғамның түрлі тобынан құралса, сол елдің саясаты соғұрлым тұрақты болады. Бұл тек әйелдерге қатысты емес, сонымен қатар қоғамның басқа да топтары саясатқа араласуы керек екенін білдіреді.

Екінші, түрлі топ араласқан министрлер кабинеті немесе парламент, әйелдерге қатысты мәселелерді шешуге бейім болуы керек. Әрине, әйел саясаткерлер әрдайым әйелдер үшін маңызды мәселелерді көтере бермейді, ал ер саясаткерлер бұл мәселелерді жоққа шығармайды. Бірақ зерттеулер көрсеткендей, феминист емес әйелдер феминист емес еркектерге қарағанда әйелдерге әсер ететін мәселелерді көбірек көтереді және соны шешуге жұмыс істейді.

Әйел көшбасшылар басқаратын елдерде ерлер басқаратын мемлекетке қарағанда Covid-19’дан қайтыс болғандар саны алты есе аз және ол елдер рецессиядан тезірек айығады. Әлбетте, біз билікке әйелдердің келуі мен мемлекеттің коронавирус дағдарысымен сәтті күресі арасында себеп-салдар байлынысы бар деп айта алмаймыз. Бұған ықпал еткен фактордың көп екенін, оның ішінде мәдениет, әйел билікке келгенге дейін болған мемлекет жетістіктері және т.б. барын ескеруіміз керек. Алайда екеуара корреляцияны да жоққа шығаруға келмейді. Әйелдер басқаратын елде халықтың денсаулығына, әлеуметтік теңдігіне көбірек мән берілген, ал еркектер басқаратын елде экономикалық мәселелерді шешуге көп көңіл бөлініп, нәтижесінде өлгендер саны көбірек болған.

Қазақстандағы жағдай қандай?

Бүгінгі таңда Қазақстан гендерлік теңдік жолында белгілі бір прогреске қол жеткізген. Одан бөлек, тиімділігі күмәнді әйелдер мен жастарға арналған саяси партиялардағы 30%-тік квота бар. Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан өзінің гендерлік теңсіздік индексінің көрсеткішін 2000 жылғы 0,405-тен 2017 жылы 0,197-ге дейін төмендетіп, Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша орташадан төмен көрсеткішке жетті (0,279). Алайда мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігін құрайтын әйелдер, шындығында, жоғары деңгейдегі басшылық лауазымдарға аз барады. Мысалы, қазіргі Сенат депутаттарының 18,3%-і және Мәжіліс депутаттарының тек 26%-і әйел. Ұлттық статистика бюросының 2019 жылғы дерегі бойынша, еліміздегі 116 ЖОО ректорының 28-і, министрлердің 2-і ғана (2022 жылдың мамыры) әйел.

Гендерлік алшақтық туралы жаһандық есепке сай, Қазақстан позициясы төмендеп келеді. Мысалы, Global Gender Gap Report дерегіне сәйкес, еліміз 2006 жылы 32-орында болып, 2021 жылы 80-орынға түскен.

Мұндай гендерлік теңсіздік келесідей статистикалар да көрінеді: Қазақстанда әйелдердің еңбегіне ерлердікіне қарағанда аз төленеді. Әйелдер орта мәнде ерлер еңбекақысының 68,6%-ін алады. Қазақстандағы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тарауын зерттеу нәтижесіне сай, 18-75 жас аралығындағы серіктесі болған әйелдердің 17%-і сексуал не физикалық зорлыққа, 21%-і психологиялық қысымға ұшыраған.

Не кедергі?

Қазір әлемнің барлық еліндегі әйелдердің дауыс беру құқығы бар; оны берген алғашқы ел 1893 жылы Жаңа Зеландия болды, ал Сауд Арабиясы соңғы болып 2015 жылы берді. Яғни гендерлік теңдік мәселесінде даму бар, алайда прогресс тым баяу және бір қалыпты жүріп жатқан жоқ. Саяси өмірге қатысу кезінде әйелдер қандай негізгі кедергілерге кезігеді? Зерттеулерге сәйкес, бұл күрделі мәселе, өйткені оны бірқатар институционалдық, тарихи, әлеуметтік-экономикалық және мәдени факторлары бар. “БҰҰ-әйелдер” құрылымы Бутандағы әйелдерге үй міндеттері, өзін-өзі төмен бағалауы, сауатсыздық, үлгі тұтарлық адамның аздығы әйелдердің саясатқа араласпауының негізгі себептері деп атаған.

Басқа зерттеулер гендерлік стереотиптерден бөлек, дауыс берушілер түрлі сайлауға қатысатын әйелдердің саяси басшылық қызмет кезінде алдынан кедергілер кезігетінін біліп, дауыс бермейтінін анықтаған.

Жалпы, қоғам сайланушы әйелдерге қатысты екі ұшты стандарт ұстанады. Мысалы, саясатпен айналысуға тырысатын әйелдер ерлерге қарағанда киінуден бастап, сөйлеуіне дейін көп бақыланады. Әйелдерден сұлулық пен біліктілік күтіледі, ал дәл сол лауазымға үміткер ер адамдарға тек білікті болуы жеткілікті (әдемі болса — тек бонус). Мақсатына қол жеткізу үшін талаптанатын әйелдер көрсеқызар, билік сүйгіш ретінде қаралса, еркектердің дәл осы қасиеттері мақталады.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктіліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz