“Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек” – Ж. Аймауытов сөзі ме?

Жазушы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытов “Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек” деп айтып кеткен деген мазмұндағы ақпарат әлеуметтік желіде тарағанына біраз уақыт болды. Мәтін “Аймауытов авторлығымен” 2016 жылы “Намысшыл жастар” ВК парақшасында, 2017 жылы Bugin.kz сайтында және 2021 жылы YouTube каналдардың бірінде, ал 2023 жылдың 16 сәуірінде Instagram парақшада да пайда болды.

Оқырмандардың сұрауымен Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

"Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек" – Ж. Аймауытов сөзі ме?

Үкім: Манипуляция

Мәтін авторы – Джек Лондон. Жүсіпбек Аймауытов оның «Теңсіз, телегей аттаныс» (The Unparalleled Invasion-ағылш.) атты фантастикалық шығармасын аударған. Жоғарыдағы мәтін сол әңгіменің әр жеріндегі үзінділерінен құралып, бұрмаланған, кейбір тұсында мәтін құрылымы өзгертілген (151-бет).

Толығырақ

Джек Лондонның The Unparalleled Invasion атты шығармасы 1910 жылы жарияланған (ең алғаш рет McClure’s журналында жарыққа шықты). Кітапта көрсетілген деректер ойдан шығарылған. Шығарма мәтініне сәйкес, 1922 жылдары жеті ай соғыс нәтижесінде, Қытай Жапониядан бөлектеніп, оған тиесілі Формоза (Тайвань) және Маньчжурия жерлерін басып алады. Кейін жарты ғасыр бойы Қытайдың халық саны батыс елдерімен салыcтырғанда көбейіп кетеді. Қытайлар ел аумағына сыймай, басқа елдерге (соның ішінде Батыс елдеріне) көшеді. Осының нәтижесінде әлем елдері (АҚШ және басқа елдер) Қытайға соғыс ашуды жоспарлайды.

Аймауытов шығарманы «Теңсіз, телегей аттаныс» деп аударып, “Жаңа мектеп” журналында (4-,5-сандары) 1926 жылы жариялаған. Аудармада Қытай туралы былай делінген:

Жұрттың аңызы аныққа шықпай, күшейсе де, аламандық, жауынгерлікті көксемеді. Напалионша жер жүзін бағындырам деп шарыққа құлаш ұрмады. Жайбарақат кәсібін істей берді. Алай-түлей дәуір өткен соң, Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек деген наным жұрттың көкейіне орнады. Нағыз қатер қайда екенін ешкім де білмеді, оны кейін көреміз.

Аймауытовтың Джек Лондоннан аударған «Теңсіз, телегей аттаныс» атты шығармасынан.
«Ұлы тұлғалар» гылыми-гұмырнамалық сериясынан. 151-бет.

Ал жер алу, басып алу “Қытайға түкке де тұрмайды” деген секілді теңеулер де кітапта мүлдем басқа сәтте қолданылған.

Соңғы бес жылда Құрыдағы Қытай күші шартарапқа қанат жайып, тез көтерілді. Сыйам Қытай патшалығының бір бөлімі болды. Англиенің арпалысқанына қарамастан, Барма, Малай түбектерін қаулаған өрттей Қытай елі басты. Сібірдің түстік жақ шегін қалпымен Қытай басып, Ресейді үріккен қойдай ығыстырды. Жер алу деген Қытайға түкіргеннен жеңіл болды. Алдымен Қытайдың көш басшылары келді. Содан кейін қару-жарақтың даусы шығатын болды. Қарсы тұрған әскерді Қытайдың мелитсе салдаты бордай тоздырды. Олардың артынан азық-түлігімен қатын-баласы жүріп отырды. Алған жеріне Қытай отар салып отыра берді. Бұ сияқты соғысты, мұндай жер алу әдісін дүние жаралғалы тарих жүзі көрген жоқ шығар. Непалды алды, Бутанды ауызға салды, Үндістанның барлык Сібір жақ шетін осынау селебедей шеңкиіп әкетті. Батыста Бұхар жүлылды, құбылада Ауған тұтылды. Иран, Түркістан, бүкіл Орта Азия – бәрін де осы топан жанышты.

Аймауытовтың Джек Лондоннан аударған «Теңсіз, телегей аттаныс» атты шығармасынан үзінді.
«Ұлы тұлгалар» гылыми-гұмырнамалық сериясынан. 152-бет.

Контекст

Әлеуметтік желі мен түрлі медиада Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Қазақстанның болашағына қатысты жасаған “болжамын” пайдаланушылар жиі бөліседі. Ақпараттың шындыққа жанаспайтынын бұрын тексергенбіз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz