Қаза тапқан «Титан» батискафы капитанының әйелі — «Титаник» жолаушыларының ұрпағы ма?

Көптеген медиа «Титаник» бөліктерін көруге су астына аттанып, қаза тапты делінген «Титан» субмаринасының капитаны және OceanGate компаниясының басшысы Стоктон Раштың жұбайы – Венди Раш 1912 жылы суға кеткен лайнер жолаушылары – Исидор (Macy’s универмагының құрылтайшысы) мен Ида Штраустың шөпшегі екені туралы ақпарат тарады.

Венди Раштың туыстары туралы ақпарат әлемдік медианы аралап кетті. Мәселен, ол туралы CNN, New York Post, The New York Times жазды. Орыстіліндегі БАҚ көбіне осы басылымдарға сілтеген.

Factcheck.kz расында «Титан» капитанының жары «Титаник» жолаушыларының ұрпағы ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Шындық

Ашық дереккөздерден тапқан ақпараттарымыз Венди Раш (тұрмысқа шықпай тұрғандағы тегі – Вейл) расында «Титаникте» қаза тапқан Исидор мен Ида Штраустардың шөпшегі екенін растады.

Толығырақ

Бір қызығы, CNN де, New York Post та Венди Раш пен Исидор және Ида Штраустың туыс екеніне дәлел ретінде 1986 жылғы New York Times жазбасына сілтеген. Онда Венди Холлиңс Вейл (Wendy Hollings Weil) мен Ричард Стоктон Раштың (Richard Stockton Rush) үйленгені жарияланған (wedding announcement).

Дәрігер мен денверлік Ричард Вейл ханымның қызы Венди Холлиңс Вейл кеше сан-францисколық Эллен Дэвис Раш пен Вирджиния штаты, вестминстрлік кіші Раш мырзаның ұлы Ричард Стоктон Рашқа тұрмысқа шықты. Қалыңдықтың немере атасы – Джордж Б. Эдгар Вейл (Колорадо) кіші шіркеуінде пресвитериан салтанатын жүргізді.

делінген олардың үйленгені туралы хабарландыруда

Сондай-ақ жазбада қалыңдық Флорида штатының Стюарт қаласынан шыққан кіші Артур Б.Гриффин ханым мен Нью-Йорктегі Macy’s президенті болған марқұм кіші Ричард Вейлдің немересі екені жазылған.

Қаза тапқан «Титан» батискафы капитанының әйелі — «Титаник» жолаушыларының ұрпағы ма?
NYT-та  1986 жылдың 6 шілдесінде жарияланған той туралы хабарландырудың скриншоты (Factcheck.kz астын сызып қойды)

Жазбада Ричард Раш – Калифорниядағы Эдвардс әуебазасында McDonnell Douglas корпорациясының аэроғарыш инженері делінген. Сонымен қатар, оның Эксетер мен Принстондағы Филлипс академиясын бітіргені айтылады.

Сонымен, осы жазбаны оқып шыққаннан кейін мынадай сәйкестікті анықтадық: жұбайлардың аты-жөні, жұбайының тегі (тұрмысқа шыққаннан кейін әйелінің де тегі осыған ауысқан тәрізді). Сондай-ақ Венди өмірбаянында Нью-Йорктегі Macy’s президенті болған атасы кіші Ричард Вейлдің аты аталады. Дегенмен жазбада Штраус фамилиясы жоқ.

Стоктон және Венди Раш туралы не білеміз?

Алдымен, Стоктон Раш туралы ақпаратты талдайық. 2017 жылы Fast Company басылымында біз қызыққан кейіпкерге арналған ауқымды материал жарияланды.

Қаза тапқан «Титан» батискафы капитанының әйелі — «Титаник» жолаушыларының ұрпағы ма?
Fast Company материалының скриншоты

Материалда Раш сүңгуір қайықпен туристерді су астына апаратын компанияны басқаратыны айтылған, бірақ ол бір кездері ғарышқа саяхаттауды армандаған. Материалда ол 19 жасында реактивті көліктің әлемдегі ең жас пилоты атанғаны, содан кейін Принстонда аэроғарыш техникасы саласында ғалым дәрежесін алғаны жазылған. Раш ғарышқа ұшу туралы арманы орындалмайтынын түсінгенге дейін осы салада жұмыс істейді. Осылайша, той туралы жазбадағы Пристонда білім алғаны мен аэроғарыш саласындағы қызметін ерте бастағаны туралы ақпарат расталып тұр.

Венди Раш пен Штраус жұбының туыс екеніне келсек (оның тұрмысқа шықпай тұрғандағы тегіне қарап ешқандай байланыс жоқ деп ойлауыңыз мүмкін), іздеу бізді 1952 жылдың 26 мамырындағы Time-ның архив жазбасына әкелді.

Қаза тапқан «Титан» батискафы капитанының әйелі — «Титаник» жолаушыларының ұрпағы ма?
1952 жылдың 26 мамырында Time-да жарияланған материал скриншоты (Factcheck.kz астын сызып қойды)

Жарты ғасырдан бері әлемдегі ірі универмаг Нью-Йорктағы Macy’s-ті Штраус отбасының мүшелерінен басқа ешкім басқармаған. Екі ай бұрын Штраустың немересі кіші Ричард Вейл президент қызметінен кеткен кезде (TIME, 24 наурыз), оның орнына Macy желілерін басқаратындардың бірі, немере ағасы Джек Штраус келді.

делінген мәтінде

Осылайша, ашық деректер бойынша NYT хабарландыруында қалыңдықтың атасы деп жазылған кіші Ричард Вейл шынында Штраустың немересі. Яғни, Венди Раш – Исидор мен Ида Штраустың ұрпағы.

Контекст 

2022 жылы әлеуметтік желі қолданушылары Пентагонның әлдебір мәлімдемесін таратып, онда Украина президенті Владимир Зеленский мен америкалық қаржыгер Джорд Соростың туыс екенін жаза бастады. Фактчекерлер АҚШ әскери ведомствосы осындай мәлімдеме жасады ма – тексерді.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz