Пандора жәшігі: Маңғыстау облысы оқушыларының төмен көрсеткішінің мәні неде?

Бұл мақаланы ҚР Парламент Сенаты жанындағы Аналитика мектебіне қатысу қорытындысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті Аида Ахметжанова мен Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының Педагогикалық квалиметрия және халықаралық зерттеу орталығының директоры Сания Жұмажанова дайындады.

Еліміздің кейбір аймақтарының білім сапасы, отандық және халықаралық өлшеммен алып қарасақ, салыстырмалы түрде жоғары да, ал басқалары не себепті неше жылдан бері жақсы нәтиже көрсетпей келеді? Аймақтардағы білім сапасының әртүрлілігі және басқа да мәселелер Қазақстан педагогтары мен сарапшылар қауымының талқысынан түскен емес.

Оқушылардың біліміне сырттай бағалау жүргізген сайын тек төмен нәтиже көрсететін өңірлердің бірі – Маңғыстау облысы. Республикалық бюджеттің донор-өңірі саналатын Маңғыстау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) PISA-2018 халықаралық зерттеу қорытындысы бойынша оқушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының деңгейі бойынша елдегі аутсайдерлердің үштігіне кіреді. Аталмыш облыстағы оқушылар ЭЫДҰ елдерінен 4 жылға, ал Қазақстандағы құрдастарынан 1 жыл артта қалып отыр.

Оқу және мәтінді түсіну сапасы бойынша PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінде де аймақ көңіл көншітетін нәтиже көрсеткен жоқ. Маңғыстау облысының 4-сынып оқушылары 454 балл жинап, ел бойынша антилидер атанды. Бұл жалпы Қазақстандағы орташа көрсеткіштен 50 баллға төмен.

Білімді бағалаудың ұлттық жүйесінің қорытындысы бойынша да жағдай осыған ұқсас: облыстағы мектеп бітірушілердің 38%-і 2022 жылғы ҰБТ-да шекті балл жинай алмай, елдегі ең нашар нәтижелердің бірін көрсетті.

Маңғыстау облысы білім сапасы жөнінен артта қалуының себептері қандай?

Облыстағы оқу жетістіктерінің төмен болуының себептерін анықтау үшін мектеп жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық факторларға талдау жасалды. Бұл факторлардың елеулі әсері халықаралық зерттеулердің нәтижелерімен дәлелденген (1, 2).

Мектептегі білім беру жағдайы

Сапалы оқу жағдайы мектепте білікті де, ынталы мұғалімдердің болуын, сондай-ақ қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруды білдіреді.

Педагогикалық кадр сапасы 

Мұғалімдердің біліктілігі оқушылардың сапалы білім алуына инфрақұрылым, менеджмент және т.б. кез келген басқа факторларға қарағанда екі-үш есе көп әсер ететіні дәлелденген.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша, Педагогтердің білімін бағалау нәтижесі (бұрынғы Ұлттық біліктілік тесті – авт.) аймақтағы болашақ мұғалімдердің жартысынан көбінің (52,3%) ЖОО-дан өз пәнін игермей шығатынын көрсетті. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларының жекелеген топтарында педагогикалық бағдарламаларды меңгермеген түлектердің көбі шекті балды жинай алмаған. Атап айтсақ, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру және арнайы педагогика бойынша түлектердің 100%-і, гуманитарлық пәндер, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау бойынша 60%-і шекті баллдан аспаған. Мектептерде жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің білім сапасы да мәз емес. 2023 жылғы тестілеу қорытындысына сүйенсек, облыста жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің жартысынан көбі (66,6%) өз пәнін игермеген.

«Қазақстанның білім статистикасы» ұлттық жинағының деректерін негізге алсақ, Маңғыстаудағы жоғары білімді мұғалімдердің ең аз үлесі – 83,9%.  Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 8,2%-ке төмен (92,1%). Тиісінше, техникалық және кәсіптік білімі бар ұстаздардың үлесі, керісінше, жоғары – 16,1%, ал ел бойынша орта есеппен – 7,9%. Бұл тенденцияның негізінде екі фактор болуы мүмкін. Біріншісі – аймақта жоғары білімді халықтың  үлесі салыстырмалы түрде төмен болуы. Жалпы, Маңғыстау облысы тұрғындарының 23,2%-інің ғана жоғары білімі бар (ҚР–62,6%).

Тағы бір фактор – аймақтағы мұғалімдердің тапшылығы. «Қазақстанның білім беру статистикасы» жинағының деректері бойынша, Маңғыстау облысы кейінгі бес жылда мұғалімдерге мұқтаж болған топ-5 өңірдің қатарына кіреді. Аталған облыстағы мектептер кадр тапшылығының кесірінен біліктілігі төмен мамандарды жұмысқа қабылдауға мәжбүр.

Жұмыс өтілі ең аз мұғалімдердің саны бойынша да Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Өңірдегі мектептерде мұғалімдердің жартысына жуығының (42,6%) жұмыс өтілі 5 жылға толмайды. Соған сәйкес, ел бойынша 25 жасқа дейінгі жас педагогтардың орташа үлесі 6,9% болса, ал Маңғыстауда бұл көрсеткіш ең көп үлесті – 13,2%. Педагогикалық құрамды жасарту – жаман үрдіс емес, бірақ бұл тәжірибелі кадрларды «кетіру» мәселесін білдіруі мүмкін. Сондай-ақ, педагогикалық бағдарламалар түлектерінің жартысынан көбінің жекелеген пәндерді жеткілікті дәрежеде игермегенін ескерсек, олардың мектептердегі басымдығының салдары жағымсыз болуы мүмкін.

Жас мұғалімдердің жоғары үлесінің фактісі, әсіресе, әйелдердің қоғамдағы рөлін күшті консервативті қабылдаумен қатар, мамандықты феминизациялаудың жоғары деңгейіне байланысты проблемалы болып көрінеді. Маңғыстау облысында мұғалімдердің 88%-і – әйелдер. Яғни, Маңғыстау облысы мамандықты феминизациялау деңгейі бойынша Атырау облысымен қатар бірінші орында тұр.

Аймақтағы мұғалімдердің үштен екісі (64%) ауылдық жерлерде сабақ береді. Ал ауылдардағы қыздардың некеге тұру жасы қалалық жердегі қыздармен салыстырғанда ерте – 23,5 жас. Бұрын Түркістан облысының қыздары ғана ерте тұрмысқа шығатын (22,7 жас). Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бала туудың жиынтық коэффициентінің ең үлкен шамаларының бірі — 4,57 (Түркістан облысынан кейін). 

Қол жетімді Статистика аймақтағы әйелдердің дәстүрлі құндылықтарға адалдығын (ерте неке, ерте жастағы аналар арасында туудың жоғары деңгейі, т.б.) айғақтайды. Мәселен, 2022 жылғы қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында 15-19 жас аралығындағы туу коэффициентінің ең жоғары көрсеткіші тіркелді (тиісті жас тобындағы 1 000 әйелге шаққанда 30,79 туу, ал ҚР-да мұндай көрсеткіш 19,71 тууды көрсеткен). Өңір бірінші рет некеге тұрған әйелдердің орта жас көрсеткіші бойынша Түркістан облысынан кейін екінші орында. Осылайша, 5 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жас кадрлардың жоғары үлесі әйел мұғалімдердің кәсіби дамуға емес, ерте отбасын құруға және балалы болуға ұмтылуына әкелуі мүмкін. Педагогтердің белсенділігінің төмендігі және кәсіби даму мәселелеріне сирек араласуы адам ресурстарын басқарудың Еуразиялық орталығының зерттеу деректерімен де расталады.

Білім беру ортасы 

Оқушылардың оқу нәтижесіне әсер ететін тағы бір маңызды фактор – мектептегі білім беру ортасы. Ол физикалық ортаны, психологиялық атмосфераны және балалардың академиялық және шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған жағдайларды қамтиды.

Қазақстанның білім беру саласындағы ең өзекті мәселелерінің бірі – мектептердің жетіспеуі мен оқушы орындарының тапшылығы, соның салдарынан бірқатар өңірде үш ауысымды мектептер әлі жұмыс істеп тұр. Бұл – Маңғыстау облысында өте өзекті мәселе. Кейінгі бірнеше жылда үш ауысымды мектептер желісі мен контингенті үш есе өсті. Мысалы, 2018 жылы Маңғыстауда үш ауысымды 6 мектепте 13,5 мың оқушы оқыса, 2021 жылы мұндай мектептердің саны 18-ге жеткен, оларда 42,1 мың бала немесе өңірдің әрбір төртінші оқушысы оқыды.

Мектептегі физикалық ортадан бөлек, мектептің оқушылар үшін қолайлылығы да өте маңызды. Мектептің қолайлылығы көбіне оқуға деген ынтаны және одан әрі білім беру жетістіктерін анықтайды. 

Оқушыларға қажет жағдай жасалмаған мектептерде буллиң жиі кездеседі. Ал психологиялық, физиологиялық қысым бала өмірінің жалпы сапасына, оның ойлауы мен өзін-өзі бағалауына да әсер етеді. PISA-2018 халықаралық зерттеуі оқушылардың зерттеуге қатысқанға дейінгі өткен жылында буллиңге қаншалықты жиі ұшырағанын қарастырады. Осы жауаптар негізінде буллиңге ұшырау индексі жасалды. Мұндағы индекс мәні ЭЫДҰ орташа мәнінен стандартты ауытқуға тең, яғни индекс мәні неғұрлым оң болса, соғұрлым буллиң көп болады. Маңғыстау облысының оқушылары буллиң индексі бойынша антилидерлердің қатарында тұр. Яғни, Қазақстан бойынша буллиң индексі 0,12-ні көрсетсе, аталған өңір бұдан 1,5 есе көп мәнді –  0,20-ны көрсетеді. 

PISA-2018 сауалнамаларында ойлаудың прогрессивтілік деңгейін анықтауға бағытталған сұрақтар да болды. Прогрессив ойлай алатындар адамның қабілеттері мен интеллектісінің уақыт өте келе дамитынына сенеді. Маңғыстау облысындағы оқушылардың басым бөлігі (53%) баланың өмір бойы іс жүзінде өзгермейтін белгілі бір қабілет және интеллектпен туатынына сенімді. Мұндай оқушылар PISA-да төмен балл жинап, оқу сауаттылығы бойынша прогрессивті ойлау қабілеті бар құрдастарынан 32 баллға аз нәтижені місе тұтты. Бұл фактор өңірдегі білім сапасының төмендігі төңірегіндегі түйткілді одан сайын шиеленістіреді.

Әлеуметтік-экономикалық факторлар

Маңғыстау облысының білім беру сапасына демографиялық, әлеуметтік және экономикалық ерекшеліктері де айтарлықтай әсер етеді. 

Демографияның жоғары деңгейі 

Өңірде туудың жалпы коэффициентінің көрсеткіші жалпы республикалық көрсеткіштен 8%-ке асып, 2022 жылы 1 000 адамға шаққанда 28,53 тууды құрады. Облыс халқының 42%-ке жуығы – кәмелет жасқа толмаған балалар (320 940 адам). Тиісінше, өңірде көпбалалы отбасылар саны артып келеді. Мәселен, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ деректері бойынша, Маңғыстау облысы 2021 жылдың басында көпбалалы отбасылар саны көп өңірлердің үздік бестігіне кірді. Осынау демографиялық үрдіс білім беру ұйымдарына және әлеуметтік инфрақұрылымның басқа да объектілеріне тиісті жүктеме әкеледі.

Негізгі ресурстарға қол жетімділіктің төмендігі

Тамақтану, баспана, күтім және қауіпсіздік сынды негізгі қажеттіліктері қанағаттандырылмаған балалардың физикалық, әлеуметтік, когнитивті және эмоционалдық дамуы төмен болады.

Су ресурстарына қол жетімділік мәселесі облыс тұрғындарының алдында кесе көлденең тұрғанына көп жылдың жүзі болды. Облыстың шөлейт аймақта орналасқаны мен су ресурстарының шектеулілігіне байланысты тұрғындар ауыз су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Кейбір елді мекендердегі жұрт суды белгілі бір мөлшерде тұтынады. 

Ал экология мәселесі өзекті болып қала береді: тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін полигондардың жетіспеуі, елді мекендердегі заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюі, жергілікті тұрғындардың денсаулығына химиялық қауіп көзі ретінде құрамында ураны бар «Қошқар-Ата» химиялық өндірісінің қалдықтары қоймасының болуы. Маңғыстауда жол сапасына қатысты мәселелер да күйіп тұр: ауылішілік автомобиль жолдарының 24,5% -і ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Өмір сүруге қажетті ең негізгі дүниелердің тапшылығы (су тапшылығы, экологиялық тазалық және көлік қауіпсіздігі) Маңғыстау облысы оқушыларының білім беру әлеуетіне әсер етеді.

Мигранттардың жоғары үлесі

Маңғыстау облысы сырттан келген мигранттар саны бойынша да көш бастап тұрған аймақ. Өңірдегі көші-қон ағыны жыл сайын 2,5 мыңнан астам адамды құрайды, яғни елімізге көшіп келген әр төртінші адам Маңғыстау облысын таңдайды. Оның 60%-тен астамы – этникалық қазақтар. Мәселен, 2022 жылы қоныс аударған 3504 адамның 2206 құрады. Бұл ретте өңірдегі қандастарды интеграциялау процесі кедергісіз болмайды. Отандық журналистер қандастарды аймақ аумағында тіркеуге және бейімдеуге, жергілікті мектептерде оқуға қол жеткізуге байланысты проблемалық мәселелерді ауық-ауық көтеріп отырады.

Аймақтағы жоғары көші-қон ағыны білім сапасына да белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Өйткені, тұтастай алғанда, бүкіл елде қандастардың бір бөлігі кириллица қаріпін білмейтін және еңбекке қабілетті жастағы әрбір бесінші қандастың ғана жоғары білімі бар. Бұл Маңғыстау облысына көшіп келген отбасылардың балаларына қосымша қолдау көрсету қажет екенін көрсетеді.

Табыстың төмен деңгейі

Маңғыстау облысында кедейлік деңгейінің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі де тіркелген. Мәселен, СЖРА ҰСБ-ның деректеріне сүйенсек, 2022 жылы Қазақстан халқының 5,2 %-інің табысы төменгі күнкөріс деңгейіне жетпесе, статистикада сол жылы өңір тұрғындарының 8,1%-інің табысы  төменгі күнкөріс деңгейінен төмен деп көрсетілген.  Жағдай экономиканың салыстырмалы түрде қарапайым құрылымымен күрделене түседі. Өңір тұрғындарының басым бөлігі өнеркәсіпке, сондай-ақ Қызмет көрсету бағыттарына тартылған, бұл мектепте оқушылардың еңбек перспективаларының көкжиегінің тарылуына әкеледі. 

Алайда мұндай нәтижелер білім беру жүйесі үшін ғана емес, жалпы ел үшін де алаңдаушылық туғызады. Мектептегі білім сапасының төмендігі түлектердің жоғары білім алу мүмкіндігінің төмендеу қаупін тудырады, оған біздің елімізде қол жеткізу тек академиялық жетістіктерге негізделген (merit-based). Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы – Халықты жоғары біліммен барынша аз қамтыған 3 өңірдің бірі. Облыстағы әр бесінші тұрғынның ғана жоғары білімі бар (ҚР – 62,6%).

Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің өсуіне ықпал етеді. Жұмыссыздық мәселесі өңір үшін өзекті болып отыр: Маңғыстау облысының жұмыс күші үлесінің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі екеніне қарамастан, жұмыссыздық деңгейі бойынша Түркістан облысынан кейінгі екінші антилидер. Аймақ, сонымен қатар, NEET жастарының ең көп үлесі 15-28 жас аралығындағы 7,7% болатын бес аймақтың бірі.

Тағы бір қауіп – аймақтағы наразылық әлеуетінің артуы. Мектептердегі білім сапасының төмендігі Маңғыстау облысының балаларына білім беруді жалғастыру мүмкіндігін төмендетеді. Потенциалды жұмыс орындарын басқа аймақтардан немесе елдерден келушілер көбірек алады және бұл қазірдің өзінде әлеуметтік шиеленістер мен қақтығыстарға әкелді. Кейінгі үш жылда Маңғыстау облысы наразылық саны бойынша Алматы (463) және Астана (361) қалаларынан кейінгі жетекші өңірлердің қатарында (өңірдегі наразылық саны – 258).

Осылайша, Маңғыстау облысы оқушыларының төмен нәтижелері білім беру саласындағы мәселелерге ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да жарық түсіреді. Балалар мен жастардың ертеңгі болашағының негізін қалау үшін шұғыл, ең бастысы кешенді шаралар мен инвестициялар қажет.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz