Алматы әкімдігі қаланы интернетте жарнамалауға 321 миллион теңге жұмсаған

Қазанның 27-сі Factcheck.kz редакциясы Алматы әкімдігінің туризм бюросы қалаға шетелдік блогерлерді әкелуге 60 миллион теңге жұмсауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Шенеуніктер желідегі аудиториясы көп адамдардың мақтау жазбалары шетелден туристер тартуға көмектеседі деп үміттенеді.

Алайда әкімдіктің биылдыққа жұмсаған ірі қаржысы жалғыз бұл емес. Қала билігі блогерлерден бөлек, Алматының интернеттегі жарнамасына да көп қаражат бөлетіні белгілі болды. Бұл материалда біз оның қанша тұратынын және бюджеттегі ақша қайда кетіп жатқанын айтамыз.

Шетелдіктерге арналған жарнама

Біз ішкі туризмді арттыру және шетелдіктерді тарту мақсатындағы жарнама бойынша мемлекеттік сатып алу порталында хабарландырулар берілгенін анықтадық. Мысалы, 27 маусымда Алматы туризм бюросы шетелдік платформаларда туристік жарнаманы орналастыру үшін 106 543 210 теңгеге шарт жасасты. Келісім-шартқа «Tau Innovative Solutions» ЖШС қол қойды.

Ведомство бұл сомаға Google және Яндекс іздеу жүйелерінде visitalmaty.kz сайтының контекстік және баннерлік жарнамасын салуды көздеген, одан бөлек порталға кемінде 300 000 пайдаланушы кіруі тиіс деп болжанған. Нысаналы жарнама БАӘ, Сауд Арабиясы, Түркия, Израиль, Италия, Ұлыбритания, Германия, Сингапур және Гонконг азаматтарына бағытталған.

Сонымен қатар, олар Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде таңдалған елдің тілінде Алматыны насихаттайтын жарнамаларды жариялайды. Сондай-ақ, Visit Almaty порталының қамту аясын кеңейту үшін YouTube сервисінде 30 секундтық жарнамалық роликтер орналастырылады.

Жалпы алғанда, жыл соңына дейін жарнамалық роликтер кем дегенде 2 500 000 рет көрілуі керек, ал жарнамалық науқанның жалпы қаралымы 100 000 000-ға жетуге тиіс. Электронды актілердің деректеріне сәйкес, материалды жазу кезінде жеткізушіге жалпы сомадан 45 150 321 теңге төленді.

Қазақстандықтарға арналған жарнама

Бір қызығы, ведомство ішкі туризмді жарнамалауға көбірек қаражат бөлген. Осылайша, 2023 жылдың тамызда отандық интернет-басылымдарда жарнамалық мақалаларды жариялау үшін туризм бюросы «”TWELVE CREATIVE” РА» ЖШС-мен 175 500 000 теңгеге келісім-шарт жасаған.

Техникалық шарттарға сәйкес, жеткізуші жыл соңына дейін Қазақстандағы 20 ірі БАҚ-та қазақ және орыс тілдерінде кемінде 2 500 таңбалы мақтау сипатындағы 185 мақала жариялауы тиіс. Олардың қатарында Tengrinews.kz, Inform.kz, Zakon.kz, Forbes.kz, 365info.kz, Nur.kz, Informburo.kz, Orda.kz, Time.kz, Kaztag.kz және т.б. сайттар бар. Порталға байланысты жарияланымдар саны 5-тен 25-ке дейін өзгереді. Бұған қоса, басылымдардағы жарнама бағасының әртүрлі болуына қарамастан, бір жарнамалық мақаланың құны салық төлеушілерге 632 046 теңгеге шығады.

Аталған талаптар бойынша жарияланған материалдар оқырмандарды Visitalmaty.kz сайтының, Алматы туризм басқармасы мен Алматы әкімдігінің жұмысы туралы тікелей хабардар етуі, сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарының билікке деген адалдығын арттыруы керек екені көрсетілген.

Сондай-ақ, жеткізуші Қазақстанның танымал парақшаларында 50 позитив мәтінді жариялауға міндетті. Бір посттың құны 600 мың теңге. Оған қоса, журналистер мен блогерлер үшін 10 брифиң ұйымдастыру қажет. Сондай бір шараның өзі, техникалық шарттарға сәйкес, кем дегенде миллион теңге тұрады.

Алматы туризм бюросы материалдарға «PR» және «Жарнама» белгілерін қолдануға тыйым салғандықтан, жоғарыда аталған ақпараттық порталдардың оқырмандары нақты қай мақала үшін әкімдік ақша төлегенін біле алмайды. Мақаланы жазу кезінде атқарылған жұмыстарға 4 955 243 теңге төленген.

Қыркүйекте департамент Tengrinews.kz сайтына иелік ететін «Effective Media Liaison» ЖШС-мен Алматы қаласы бойынша онлайн жолнұсқа жасауға 39 406 250 теңгеге кезекті келісім-шартқа қол қойған.

Техникалық талаптарға сәйкес, «жолнұсқа» 2 500 таңбадан тұратын 25 мәтіндік материал және 4 000 таңбадан тұратын тағы алты материал болуы керек. Әр мәтін фотосуреттермен қоса беріліп, «Алматы қаласы туралы ақпарат», «Алматы қонақтары мен тұрғындарына арналған пайдалы ақпарат», «Алматыда не жеуге/ішуге болады», «Алматыда не істеу керек», «Алматыда не көруге болады», «Алматыдан не сатып алу керек» және тағы басқа тақырыптарға сәйкес келуі керек. Басылымдар қазақ, орыс және ағылшын тіліне аударылға тиіс.

Жоба аясында жеткізуші кемінде 100 нысаннан тұратын Алматының көрікті жерлерінің дерекқорын дайындап, олардың әрқайсысына 600 таңбадан тұратын қысқаша сипаттама беруі қажет. Сондай-ақ, қаладағы жаяу жүру маршруттары туралы кемінде екі минут айтатын аз дегенде 50 аудиоролик жазуы керек. 

Алматы туралы жарнамалық материалдар Tengrinews әлеуметтік парақшаларына да жариялануы керек. Атап айтқанда, Instagram желісінде кемінде үш пост пен екі сторис және Telegram арнасында 3 пост жариялау қажет. Мақаланы жазу кезінде жеткізушіге шарттың жалпы сомасынан 7 265 727 теңге төленген. 

Жалпы алғанда, 2023 жылы Алматы әкімдігі БАҚ пен әлеуметтік желілерде қаланы жарнамалауға 321 449 460 теңгеге келісім-шарттар жасаған.

Интернеттегі жарнама қаншалықты қымбаттады

Алматы туризм бюросы интернет-жарнамаға бұрын да ақша құртатын, бірақ дәл мұндай көлемде жұмсамағанын айта кеткен дұрыс. 2022 жылы ведомство маркетиң науқанын өткізуге Nur интернет-порталымен 49 010 000 теңгеге бір ғана келісім-шарт жасаған.

Шарт бойынша 2 000 таңбадан тұратын 25 имидждік материал мен 10 000 таңбадан тұратын тағы бес мәтін жариялау керек болған. Жарияланымдар Visit Almaty, туризм басқармасының, қала әкімдігінің жұмысы туралы хабардар етіп, тұрғындардың оларға деген адалдығын арттыруға тиіс болды. Сондай-ақ, осы ақшаға жеткізуші кем дегенде 400 мың жазылушысы бар танымал парақшада кем дегенде 50 пост жариялауы керек еді.

Ведомство 2021 жылы тек екі келісім-шарт жасады. Біріншісі «IC Development Production» ЖШС-мен келісім (келісім сомасы – 66 050 000 теңге).  Жеткізушіден жақын шет елдерде мақсатты жарнаманы іске қосу талап етілді.

Facebook, Instagram және YouTube сияқты желілерде, Google және Yandex іздеу платформаларында имидждік жарнама орналастырылды. Роликтер кем дегенде 2 000 000 рет қаралады, ал жарнамалық науқанның жалпы қаралымы 50 000 000 болады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы туралы «Уикипедия» бетін жаңартып, кем дегенде 100 туристік нысанды енгізуі керек еді.

Екінші келісім-шарт 35 540 000 теңгеге «Промышленные инновации» ЖШС-мен жасалды. Сипаттамаға сәйкес бұл қаржы Facebook, Тикток, Instagram, YouTube және Яндекс Видеосеть сияқты платформаларда Алматы туралы имидждік бейнероликтерді насихаттауға жұмсалған. Роликтердің ұзақтығы 30 секунд, ал қаралымның жалпы саны 12 000 000 деп бекітілген.

2020 жылы туризм бюросы осыған ұқсас ірі келісім-шарттар жасамаған, алайда бір жыл бұрын «Owl Media» ЖШС-мен Алматы туралы контент жасау және оны насихаттау туралы шартқа қол қойылды. Келісім-шарт сомасы 152 709 422 теңге болған, алайда іс жүзінде ведомство тек 89 241 071 теңге төлеген.

Тапсырыс берушілер Алматы туралы бейнеконтент, сондай-ақ Visit Almaty сайтының баннерлік жарнамасын жасауды жоспарлаған. Осылайша, олар ай сайын жарнама 5 000 000 қаралым жинап, сайтқа 10 000 адамның кіруін қамтамасыз етуді көздеген. Бірақ бұл жерде барлық сома насихатқа жұмсалмағанын атап өткен жөн. Осы ақшаға әкімдік Алматы, Астана және Ақтауда жарнамалық баннерлер орнатып, бірнеше баспасөз конференцияларын өткізіп, «Visit Almaty» журналын басып шығарды.

Үш жыл ішінде туризм бюросы интернеттегі жарнамаға 239 841 071 теңге жұмсаған екен. Бұл 2023 жылғы шығындардан тек 81 608 389 теңгеге аз. Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қала имиджін ілгерілетуге жұмсалатын шығындардың артуы немен байланысты екені және мұндай жарнамалық науқанның қаншалықты тиімді екені белгісіз. 

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz