Теміржолда Bluetooth қолдану қауіпті ме?

Әлеуметтік желіде bluetooth-ды теміржол платформаларында қолдансаңыз жоғарғы вольтті кабельден тоқ соғуы мүмкін мүмкін деген ақпарат тарады. Дәлел ретінде теміржол бойында тұрған адамның құлаған сәті бейнеленген видео тарады.

Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Үкім: Фейк

Видеодағы адамның темір жолға құлауына bluetooth-дың еш қатысы жоқ. Үндістандық медианың хабарлауынша, контроллердің үстіне тоқ кабельі түскен. Оқиға Батыс Бенгалияның (Үндістан) Харагпур теміржол станциясында болған.

Теміржолда Bluetooth қолдану қауіпті ме?
Видеодағы кадрдан алынған скриншот

Хабарлама бұрын әлеуметтк желінің ағылшын тілді сегментінде тарағанымен, фактчекерлер мен журналистер бұл ақпаратты бірнеше рет тексерген (1, 2, 3, 4, 5, 6).

Иондаушы емес сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссияның (ICNIRP) өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында “Bluetooth құрылғылары пайдаланатын радиожиілігіндегі электромагниттік өрістер (РЖ-ЭМӨ) және кейбір теміржол желілерінің электромагниттік өрістері (ЭМӨ) адамдарға зиян келтіретіндей қауқарлы еместігіне кепілдік беретін ережелермен реттеледі” деп түсіндірді. Сонымен қатар, теміржол жүйесінің төмен жиілікті өрістері Bluetooth радиожиілік өрістеріне кедергі жасай алмайды.

Зардап шеккен Суджан Сингхқа көмек көрсетіліп, Харагпур теміржол ауруханасына жатқызылған. Ол басы және денесінің бірнеше жеріне жарақат алған.

Харагпурдегі дивизиялық теміржол менеджері Мохаммад Шуджат Хашми India Today-ге қызметкердің жағдайы жақсарғанын, ал кабельдің үзілу себебі анықталатынын айтқан.

Контекст

  • Bluetooth – бұл әртүрлі құрылғылардың бір-біріне қосылуына және бірге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін технология.
  • Bluetooth құрылғыларында иондаушы емес сәулелену деңгейі төмен. Сәулеленудің бұл түрі адамдар үшін – қауіпсіз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz